«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бас санитар ауысты

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бастығы Серікбай Қасмақасов қызметінен кетіп, оның орнына Арман Күшбасов міндетін атқарушы әрі бас мемлекеттік санитарлық дәрігері болып тағайындалды.

Серікбай Қасмақасов жұмыстан өз еркімен кеткен. Оның себебін жұртшылық сан-саққа жүгірткенімен, мәселенің мәніне жете үңілетін болсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен коронавирус инфекциясының таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте айтылған сынның себеп болғанын болжау қиын емес. Мемлекет басшысы: “Бірқатар облыстарда коронавирус індетіне қатысты жаңа жағдайларды жасыру деректері анықталды. Әңгіме Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай және басқа да облыстар жайында болып отыр. Өтірікті шындай сөйлету аса қауіпті құбылыс екенін түсіну керек. Өйткені, ол шынайы қауіптің бетін бүркемелейді. Сондай-ақ, бүкіл еліміз бойынша коронавирус індетіне қарсы жүргізіліп жатқан күрес стратегиясына зиянын тигізеді. Қазіргі ахуал жете бағаланбай, қабылданған шаралар толық жүзеге асырылмай отыр. Халықтың індеттен сақтану деңгейі төмендеп кеткен. Аталған проблеманың біздің денсаулық сақтау жүйемізде де созылмалы сипат алғанын мойындауымыз керек”, – деп орын алған олқылықтардан шұғыл түрде қорытынды жасауды міндеттеген болатын.
Департаменттің жаңа басшысы Арман Күшбасов бұған дейін аталмыш ведомоствода медициналық көмек сапасына қатысты қауіп-қатерді бағалау бөліміне жетекшілік еткен. Ол 1987 жылы туған. Астана медицина университетін медицина-профилактикалық іс мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2010 жылы Тимирязев аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінде жетекші маманның көмекшілігінен бастап, осы салада әртүрлі басшылық қызметтер атқарған.

Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp