Басшы түзу болмай, ел түзелмейтіні анық. Көреген басшы ғана халқын қиын-қыстаудан алып шығады. Елбасы Қазақстанды әлемдегі көшбасшы мемлекеттер деңгейіне дейін жеткізуге ниетті екендігін айтты. «Біздің алдымызда түбегейлі үлкен міндет тұр, яғни біздің мемлекеттік кемені суға батпайтындай ету. Сондықтан да алдағы жылдардың мақсаты – Қазақстанды нығайтып, әлемдегі толқуларға қарамастан, алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына сенімді кіру»,- деген Мемлекет басшысы сайлауалды тұғырнамасында айтылған бес институттық реформаны орындауға барша қоғамның атсалысуы қажеттігін тілге тиек етті. Біріншіден, еліміздің тұрақтылығының тірегі ретінде орта санаттағылардың үлесін арттыру, яғни бизнеске барынша қолдау көрсету, екіншіден, бірыңғай ішкі нарықты дамыту, үшіншіден, сыбайлас жемқорлықпен күресті одан әрі жалғастыру, төртіншіден, жаңа жұмыс орындарын ашатын іргелі индустриялық бағдарламаны одан әрі дамыту және этностардың бірлігін нығайта түсу қажеттігіне жеке-жеке тоқталды. Әлемде болып жатқан жағдайларды, біздің елдің алдында тұрған қатерлерді тілге тиек етіп, осындай қиындықтардан алып шығатын жалғыз жол – мемлекетті нығайтып, ұлтты жаңғырту екендігін, осы ортақ іске халқымыз бір кісідей атсалысуы қажеттігін айтты.
Мен ауылда тұрамын. Ауылдағы халықтың жағдайы жаман емес. Әр отбасы ірі қарасы мен қой-ешкісін өсіріп, тіршілік етуде.
Соңғы жылдары кәсіпкерлердің ісін жандандыруға, оның ішінде агробизнесті дамытуға мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетіліп, арнайы бағдарламалар жүзеге асырылуда. Осындай қолдаудың арқасында қазір ауылдағы үш шаруа қожалығы тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Ал білім саласына келсек, бүгінде еліміз сапалы білім беріп, білікті кадр даярлауды қолға алды. Осыдан 15-20 жыл бұрын мұғалім болып, білім саласына адасып келгендер көп еді. Қазіргі таңда олардың саны біршама сиреді. Себебі, қазіргі талапқа тек мұғалімдік мамандығына берілгендер ғана шыдай алады. Менің ойымша, бұл – оң үрдіс.
Жарқын БЕЙСЕНОВ,
Қарағай негізгі мектебінің директоры.
Есіл ауданы.