«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАТЫРДЫҢ АТЫ СҰРАНЫП ТҰР

Тәуелсіз Қазақстанның талаптарына сай келмейтін, заман көшінен қалған, бүгінгі саяси ұстанымдарға, рухани келбетімізге кереғар, ешбір тәрбиелік мәні жоқ атаулардан арылатын уақыт жеткен сыңайлы. Олардың орнына жерімізді жаудан қорғап, егеменді ел болу жолында өз өмірлерін құрбан еткен оғландардың есімдері ұлықталуы тиіс.

Мысалы, жоңғарларға қарсы соғыста қол бастаған, Абылай ханның ең сенімді серіктерінің бірі, алты алаштың ұранына айналған Баян батырдың аты туған жеріндегі бір елді мекенге сұранып-ақ тұр. Және ол болашағы бұлыңғыр, тұрғындары көшіп жатқан, тұрмысы жүдеу ауыл болмауы қажет.

Бұған дейін де батырдың атын ұлықтау туралы ұсыныстар айтылған. Мысалы, 2002 жылдың 6 наурызы күні соғыс ардагерлері – Қ.Сұрағанов пен У.Ақмадиев, ғалымдар Н.Айтхожина, З.Қабдолов, Ө.Сұлтанғазин, Қ.Ташенов және О.Баймұратов, ақын-жазушылар атынан Қ.Жұмаділов пен К.Салықов бастаған ел ардақтылары сол кездегі облыс әкімі Қажымұрат Нағымановтың атына жолдаған хатында Баян Қасаболатұлының есімін Булаев қаласына беру туралы мәселе көтерген. Халықтың ұлттық сана-сезімін қайта жаңғырту үшін тарих қатпарларында елеусіз қалған ұлыларымызды келер ұрпаққа ұран ету қажеттігін айта келе, дәл осы ауданның аумағында 1714 жылы туып, ат жалын тартып мінгеннен жауға шауып, күндіз күлкі, түн ұйқы көрмей жерін қорғаған батырдың ерліктері ешқашан ұмытылмауы тиістігін жеткізген. Өкінішке қарай, содан бері біраз жылдар артта қалды, хат жазған зиялыларымыздың біразы батырдың есімі ұлықталғанын көрмей о дүниеге аттанып кетті.

Заман бір орнында тұрмайды ғой. Тоқсаныншы жылдардан басталып, екі мыңыншы жылдарға дейін созылған экономикалық қиындықтар рухани мәселелерге мойын бұруға мұршат бермегені рас. Кейін “қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк” дейтіндей заман келді. Сондықтан жоғарыда айтылған ұсыныс негізінде өңір тізгінін қолына ұстаған Ерік Сұлтановқа хат жолданды. Бұл жолы Баян батырдың атын аудан орталығына беру ұсынысты Қ.Мақтаев, Р.Қайдаров, Е.Шайхутдинов бастаған аузы дуалы ақсақалдар, М.Жұрынов, О.Баймұратов, А.Қошанов, Ғ.Мұтанов сияқты белгілі ғалымдар, Қ.Жұмаділов, Х.Әбжанов, Ж.Бодаш, О.Кенебаев сияқты қарымды қаламгер әрі білгір тарихшылар, өнерпаздар, бір сөзбен айтқанда, танымал тұлғалар қолдады.

Содан бері Баян Қасаболатұлының ерен ерліктері жайлы көп айтылды, көп жазылды. Жалпы батыр жөнінде деректерді Мағжан Жұмабаевтың “Батыр Баян” поэмасынан, жыраулардың шығармаларынан, Шоқан Уәлихановтың еңбектерінен кездестіруге болады. Баян жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен қазақ батырларының ішіндегі шоқтығы биігі. Қазақ батырының елдікті сақтап қалудағы ерлігі Үмбетей мен Тәтіқара толғауларында жақсы баяндалған. Үмбетей жыраудың “Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту” атты толғауында былай делінген:

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Сары, Баян мен Сағынбай,

Қырмап па еді жауыңды,

Қуантпап па еді қауымды,

Ұмыттың ба соны, Абылай.

Бұл толғаудан батыр Баянның Абылай ханның тірегінің бірі екенін байқаймыз. Оның ел қорғаған басқа да батырлармен, қазақ халқының туын жықпаған, талай шайқастарда ерлік көрсеткен хас батырының бірі болғанына көзіміз жетеді. Тәтіқара толғауында:

Бөкейді айт Сағыр менен

Дулаттағы,

Деріпсәлі, Маңдайды айт

Қыпшақтағы.

Өзге батыр қайтса да

бір қайтпайтын

Сары менен Баянды айт

Уақтағы.

Бұл жолдар Баян батырдың ержүрек батылдығын, тұлғалы азамат болғанын дәлелдейді. Жырдағы Сары – Баянның ағасы.

Шоқан Уәлихановтың “Исторические предания о батырах XVIII века” атты мақаласында Баян батыр жайлы мағлұматтар бар. Мұнда да Баянның ержүректілігі, ақылдылығы Абылай ханның жоғары бағалағаны айтылады. Шоқанның айтуынша, Баян Абылайдың ең жақын батырларының бірі болған. Ол ағасы Сары батырмен бірге Уақ-Керей руларының жасақтарын бастап, қалмақтарға қарсы соғысқан. Осындай бір жорықта Сары мен Баян қаза болады. “Халық аузында қос батырдың аттары біріктіріліп, Сары-Баян деп қосақталып айтыла да береді”, – деп жазды Шоқан.

Мағжан Жұмабаевтың “Батыр Баян” поэмасының желісі де осыған ұқсас. Поэма аса көркем деңгейде, ерекше шабытпен жазылған. Сезім де, махаббат та, батырлық та, жан күйзелісі де дастанда жыр болып өріледі. Поэмадағы батыр Баян тағдыры ешкімді де бейжай қалдыра алмайды. Шоқтығы биік Баянның бейнесі поэмада былай суреттеледі:

Қанайым, ойың удай, тілің шаян,

Амал не, келген жоқ қой

батыр Баян.

Көп жаудың албастысы,

ел еркесі,

Баянның батырлығы

алашқа аян.

Баянның аруақты құр атынан

Көп қалмақ болмаушы ма ед

қорқақ ноян?

Наркескен, өрттей ескен

қайтпас болат,

Баянсыз қанатымды

қалай жаям?!

Би Қанай! Аттанбайды

хан Абылай,

Келмесе қандыбалақ батыр Баян, – деген Абылай сөзінен батырдың хан ордасындағы орны мен беделін байқайсыз. Баян батыр ел рухы мен батыр рухының биіктігін барлық құндылықтан жоғары қояды. Елдің мүддесі Баян үшін қымбат, халқының тағдыры жау табанына басылмауы жолында жан аямай күрескен Баян батыр ерліктің, отаншылдықтың үлгісі.

Ал бүгінде сол Баян батырдың ерлігін жырлап кеткен Мағжан Жұмабаевтың есімімен аталатын ауданның орталығына аты берілген Булаев деген кім еді? Бұл сұраққа жауап іздеп, Солтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік архивіне жүгінуіме тура келді. Өкінішке қарай, алғашында станция, кейін ауыл, артынша қалаға айналған Булаево елді мекеніне бұл атаудың қалай берілгендігін дәлелдейтін ресми құжаттар табылмады. Дегенмен, жергілікті өлкетанушы М.И.Бенюхтың сол кездегі Булаев ауданының топономикасы жайында өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жүргізген зерттеу нәтижелері сақталған екен. Онда: “Елді мекенге бұл атаудың берілуіне 1894 жылы ашылған темір жол станциясының жұмысшылары себеп болған. Алғашында ол Медвежья аталып келді (себебі, станциядан 4 шақырым жерде “Медвежка” деген ауыл орналасқан). 1905 жылдары бұл ауылдан бірнеше қазақ отбасы көшіп, көл жағасына жақынырақ, яғни темір жол өткелін күзететін Бұлай деген қазақтың үйінің жанына баспаналарын салып алды. Бұл үш-төрт үй осылайша “Булаевский” (Бұлайдың ауылы) деп аталып кетті. Кейін жергілікті тұрғындар станцияны да “Булаево” деп атай бастады да, Медвежья деген атау ұмытылды. Кейін темір жол басқармасы да бұл атауды заңдастырды. Осылайша, 1917 жылға дейін станция мен елді мекен “Булаево” деп аталған”, – деп жазылған. Архивтің басшылығы қолы мен мөрін қойған, деректердің қай қорда сақталғанына дейін көрсетілген бұл ресми құжат қазір менің қолымда.

Енді ойланып көріңіздерші, елді мекенге кімнің аты лайық? Бар жұмысы темір жол өткелін күзетумен өткен Бұлай ма? Әлде, елін-жерін жаудан азат ету үшін жанын берген Баян батыр ма? Менің ойымша, бұл жерде, тіпті, салыстырудың өзі орынсыз сияқты. Аудан ақын Мағжан Жұмабаевтың, ал орталығы оның шығармасының басты кейіпкері, тарихи тұлға Баян батырдың атымен аталса, қандай керемет үйлесім табар еді!

Зейнолла ОЛЖАБАЕВ,

Мағжан Жұмабаев ауданының құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp