Жартылай орта салмақта күш сынасып жүрген кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев өзінің келесі жекпе-жегін 25 қаңтарда Канаданың Монреаль қаласында өткізеді.
Күні кеше ғана қандасымыздың қарсыласы анықталды. “WBA Continental Americas” және “IBF Inter-Continental” нұсқалары бойынша алтын белбеуін қорғап қалу үшін ол аргентиналық Максимилиано Рикардо Веронамен жұдырықтасады.
31 жастағы Оңтүстік Американың оғланы осы күнге дейін 16 кездесу өткізіп, 12 рет жеңіске жеткен. Төрт бәсекені мерзімінен бұрын аяқтаған. Үш мәрте ұтылып, тағы бір тартыста тең есеп тіркеліпті. Рикардо Верона өз кездесулерінің барлығын Аргентинада өткізген екен. Ал 28 жастағы Батыр Жүкембаев үш жарым жыл аралығында 17 рет шаршы алаңға шығып, барлығында басымдық танытты. 13 қарсыласын нокаутқа жіберді. Соңғы рет ол 26 қыркүйекте мексикалық Мигель Васкесті ұпай санымен ұтты.