«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАТЫРЛАРҒА БАС ИЕМІЗ

Ұлы Отан соғысының отты жылдары тарих қойнауына тереңдей берген сайын ел басына күн туғанда кеудесін оққа төсеп зұлым жауға жерімізді таптатпаған ерлердің бейнесі жарқырап көріне түсетіндей. Міне, Рейхстагтың төбесіне алқызыл Жеңіс туы қадалып, әлем еркін тыныстанып, шаттыққа бөленген мамырдың сол күнінен бері жетпіс бесінші бейбітшілік көктемін қарсы алып отырмыз.

Уақыттан жүйрік не бар? Кешегі көз көрген ардагерлеріміздің қатары сиреп келе жатқаны өкінішті. Қан майданда қолына қару алып, ел қорғауға аттанған жауынгерлер сұм соғыстың аяқталғанына жетпіс бес жыл өтсе де, өмірлерінің қайғылы, ең ауыр кезеңдерін қобалжу, мұңаю сезімімен еске алады. Өйткені, оқ пен оттың ортасынан оралған жандар соғыстың алапат қасіретін бастан кешті. Шейіт болған қыршын жастарды көрді. Қазір біздің өңірде небары 52 соғыс ардагері тұрады. Тылдағы қажырлы еңбегімен жеңісті шыңдаған аға буынның да қатары сиреуде. Жеңіс мерекесі қарсаңында соғыс ардагерлерінің әрқайсысына бір миллион теңгеден берілді. Тыл еңбеккерлері де назардан тыс қалған жоқ. Әрине, мұның бәрі жоғалғанның орынын толтырып, жан жарасын жаза алмайды. Бірақ майдангерлерге құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы.
Соғыс жайлы естеліктерді айтудың өзі майдангерлерге оңай емес. Жеңіс мейрамын тағатсыздана тосатын олар өздерінің ерліктерін көпшілікке паш етіп, атақ, құрмет талап етпейді. Оларға осындай ерен азаматтығы үшін-ақ тағзым етуге тиіспіз. Бейбіт күн үшін күрескен әрбір жауынгердің ерен еңбегін жас ұрпақ санасында мәңгі сақтап, тәуелсіздікті қызғыштай қорғауы тиіс. Бұл орайда, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық, отансүйгіштік сезім қалыптастыру, жастарға өнегелі тәрбие беруде облыстық ардагерлер кеңесіне түскен салмақ ауыр екенін айтқым келеді.
Қазақстаннан Отан қорғауға бір миллионнан астам адам шақырылса, соның алты жүз мыңдайы елге оралмаған. Туған жерді жаудан қорғау қанымызға сіңген қасиет екенін қазақ жауынгерлері әлемге танытты. Шейіт болған сарбаздарды еске алып, олардың рухына Құран бағыштағанда жүрегімізді мұң басқанмен, олардың ерлігін мақтаныш ететініміз де сондықтан.
Соғыстың алғашқы күндерінен-ақ басқыншыларды жанқиярлығымен таңғалдырған Брест қамалы қорғаушыларының жартысынан астамы қазақстандық жауынгерлер екенін бүгінгі жас ұрпақ білуі тиіс. Біліп қана қоймай, елін, жерін жаудан қорғаған ерлердің ерлігін өздеріне үлгі етсе, өмірлік ұстанымына айналдырса, бабалар рухы алдындағы өтелген парыз болар еді.
Ұлы Отан соғысы жылдарында бес жүз қазақстандық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды. Біздің өңірден Ұлы Отан соғысына 74 мыңнан астам жауынгер қатысса, оның 32 мыңы қан майданда қаза тапты. Қол-аяғын беріп, елге мүгедек болып оралғандар да аз емес.
Үлкенге құрмет көрсету, ақсақалды ардақтау – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сондықтан әрбір ардагерге қолымыздан келгенше көмек көрсетіп, қамқор болу – қоғам мүшелерінің, әр азаматтың парызы. Кеудесі – қазына, сөзі – қасиетті қарттар тек көмекке ғана емес, пейілге де зәру. Ардагерлерге тұрмыстық, материалдық көмек көрсетумен қатар, оларды қуанышқа бөлеп, “жақсы сөз – жарым ырыс” дегендей, жылы сөзімізді арнау қашан да артық емес.
Жеңіс күні қарсаңында елімізге тыныштық, әр шаңыраққа береке, бақыт тілеймін. Аспанымыз әрқашан ашық болсын!

 

Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ,
облыстық ардагерлер
кеңесінің төрағасы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp