«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАТЫРХАН БАҒЫНДЫРАР БЕЛЕС АЛДА

 

 

Елімізде жастарға жағдай жасалып, өмірде өз жолдарын табуына бар мүмкіндік беріліп отыр. Бірі өнер биігіне шығып жатса, келесілері спорт шыңын бағындыруда. Сондай талапты жастардың бірі – Батырхан Қайырбек. 

 

Шал ақын ауданындағы Жаңажол ауылының тумасы мектеп қабырғасында оқып жүргенде қазақша күрес үйірмесіне қатысады. Ол кезде алдағы уақытта бәсі биік сайыстарда үздіктердің қатарынан көрінемін деген ой оның үш ұйықтаса түсіне кірмеп еді. Алайда, Батырхан алдыңғы буын ағаларының жетістіктерін көріп, соларға ұқсауға тырысты.
Жаттығу залында оның тынбай еңбектенетінін байқаған бапкерлер жасөспірімдер арасында өткен жарыстарға қатыстыра бастайды. Ол осы кезден спортқа мықтап ден қойды. Алты дүркін облыс чемпионы атануы – сол сенімнің ақталғаны.
Жетістік есіл еңбек пен мол тәжірибенің арқасында келетіні белгілі. Батырхан алғашқы ірі жүлдесіне 2009 жылы қол жеткізді. Петропавл қаласында оқушылар арасында өткен ел біріншілігінде күміс олжалады. Көптен күткен “Спорт шеберіне үміткер” нормативін орындаған жерлесіміз бір жылдан соң Қызылорда қаласында жалауы желбіреген біріншілікте үздік үштікті түйіндейді. Жарыс сайын шыңдала түскен ол 2001 жылы Көкшетауда өткен ел біріншілігінде топ жарды. “Қанат ұшса, қатаяды” демекші, бұл жетістікке тоқмейілсімей, жаттығу залында аянбай тер төгуді тоқтатпады. Нәтижесінде 2015 жылы Семейде ересектер арасында өткен ел біріншілігінде жеңістің биік тұғырына көтерілді. Сөйтіп, залда шүмектеп төккен тері жемісін беріп, “Спорт шебері” атанды. Оның “Қызылжар барысы – 2018” облыстық турнирінде де 74 килограмм салмақ дәрежесінде топ жарғанын айтпай кетуге болмайды.
Батырхан – спорт пен білімді қатар алып жүрген жастардың бірі. Ауыл мектебін тамамдағаннан кейін Алматыдағы Спорт және туризм академиясына оқуға түсті. Жоғары оқу орнында жаттықтырушы-оқытушы мамандығын меңгерген ол 2015 жылы Петропавл қаласында еңбек жолын бапкерліктен бастады.
– Спортшының өмірінде тәлімгердің сенімі мен қолдауы өте маңызды рөл атқарады. Осы орайда ауылдағы жаттықтырушыларым Болат Нұртазин мен Ерлантай Әбілқайыровқа алғысым шексіз. Себебі, қазақ күресінің қыр-сырын, небір айла-тәсілдерін үйреткен де осы ағаларым. Сондай-ақ, қазіргі бапкерім Төлеген Жетпісбаев пен жанашыр ағам Ғалым Өркешовтің ақыл-кеңестері, артқан сенімдері мені әрдайым жігерлендіре түседі. Осындай қолдаудың арқасында былтыр Ақтауда Тұңғыш Президент жүлдесі үшін өткен республикалық спартакиадада үшінші орынды иелендім. Ал биыл Шымкентте жалауы желбіреген ел кубогында тағы да үздік үштіктен көріндім, – дейді Батырхан Серікұлы.
Жерлесіміз спорттық мансабында жеңіспен қатар, жеңілістің де болғанын жасырмайды. Алайда, босаңсымай, ерік-жігерін қайрай түскен. Қазір ол қарағандылық спорт шебері Айдос Ғалымов пен қызылордалық балуан Ғалымжан Әбдірахмановты өзіне мықты қарсылас көреді. Бұл спортшылардың осал балуан еместігін жұртшылық жақсы біледі. Бірі – “Еуразия барысы”, екіншісі – әлем чемпионы. Ол боз кілемде бұл балуандармен әлі талай белдесетініне сенімді. Мәселен, үстіміздегі жылдың қараша айында Қызылорда қаласында ел біріншілігі өтпек. Батырхан бұл жарыста қарсыластарын шаң қаптырып, топ жаруды көздеп отыр. Ал басты мақсаты – 2020 жылы өтетін әлем біріншілігіне қатысып, жеңімпаз атану.
– Спортқа келген адам осалдық танытып, орта жолда беріле салмауы тиіс. Белді бекем буып, қалай да мақсатқа жетуді ойлауы керек. Қиындықтарға төзу маңызды. Дұрыс тамақтануды қадағалап, жаттығудан қашпау қажет. Жалқаулықтың тамырына балта шапқан дұрыс. Міне, тек сонда ғана жеңімпаз боласың, – дейді спортшы.
Бүгіндері Батырхан Серікұлы облыстық полиция департаментінің жедел әрекет ету арнайы жасағының инспектор-жауынгері болып жұмыс істейді. Жұмыспен қатар былтыр ашылған “Қызылжар арландары” спорт клубының сапында өнер көрсетіп жүр. Талабы таудай жерлесіміз алдағы уақытта республикалық жарыстардың ғана емес, Азия және әлем біріншіліктерінің биігін бағындырады деген үміттеміз.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.

СУРЕТТЕ: Б.Қайырбек (сол жақта)
бапкері Т. Жетпісбаевпен бірге. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp