«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАТЫР АТАҒЫ БЕРІЛМЕГЕН АЛТЫ АРЫС

Қазақ ұлтына деген кеңестік тәртіптің әділетсіздігі ұланғайыр болған ғой. Соның ішінде Кеңес үкіметі үшін қан майданда ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылса да берілмеген ағаларымыз көп болғанын енді біліп жатырмыз. Солардың алтауы Солтүстік Қазақстан облысының тумасы екен.

1919 жылы өмірге келген Үлфат Дүйсенов Ақмола облысының Есіл ауданында туған. Мұғалімдер институтын бітіргеннен кейін оны Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі Шал ақын (бұрынғы Октябрь) ауданына қызметке жібереді. Осы жерден 1942 жылы соғысқа алынады. Қысқа мерзімдік кіші офицерлер курсын бітірген кешегі мұғалім кіші лейтенант шенін алып, пулеметшілер взводының командирі болып тағайындалады.

Ол батыстағы соғысты белшесінен кешіп, 4 рет жараланып, кіші лейтенанттан капитан шеніне дейін өсіп, «Қызыл Жұлдыз», «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен наградталып, Венгрия, Румыния, Чехославакия жерлеріндегі соғысқа қатысып, ақыры соғысты шығыста – жапондарға қарсы майданда аяқтаған. Бұл уақытта ол Суворов атындағы «Қызыл Ту» орденді гвардиялық атқыштар дивизиясының 313 полкының батальон командирінің орынбасары екен. Ү.Дүйсеновті батыр атағына ұсынған құжатқа 313 гвардиялық полктың командирі, подполковник Баланко оның соңғы екі үлкен ерлігі туралы жазған. Алғашқысы 1945 жылдың 25 сәуірінде Чехославакия жеріндегі Славков қаласын алу кезінде болған. Ауыр жарақат алған командирдің міндетін мойнына алған Дүйсенов батальонды шабуылға шығарып, Славков қаласын аз шығынмен босатты делінген ұсыныс қағазда. Осы құжатта Ү.Дүйсеновтің соңғы ерлігі туралы да айтылып, Манжурияның Үлкен Хинган асуында батальонды 1200 шақырымдық маршпен аман алып өтті. Ал 1945 жылдың 28 тамызында Тунляо қаласының жанынан ағатын Ляхое өзенінен батальонды ерлікпен, шығынсыз өткізе алды дей келіп ұсынысын: «За умелое руководство, личную отвагу и мужество достоин звания «ГЕРОЙ СОВЕТ- СКОГО СОЮЗА» деп қорытыпты. Бұл құжат 1945 жылдың 2 қыркүйегінде толтырылған. Алайда есіл ерге батыр атағы берілмей, тек «Қызыл Ту» орденімен марапатталады.

«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өлер» дегендей қан майданды белшеден кешкен Ү.Дүйсенов соғыстан аман келеді. Жоғарыдағы наградаларынан басқа ол «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен және жеңістің 40 жылдығында «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталған. Ұзақ жылдар білім беру саласында жемісті еңбек етіп, 2012 жылы 93 жасқа келіп өмірден өткен. Ү.Дүйсеновтің атына Сергеев қаласының бір көшесі берілген.

Қазіргі Есіл ауданындағы Өрнек ауылдық округінің Талап ауылында 1918 жылы туған Шабай Рамазанов әскерге 1938 жылы Приишим (қазіргі Есіл) аудандық әскери бөлімінен шақырылған. Соғысқа алғашқы күннен қатысып, 1943 жылы «Қызыл Жұлдыз», 1945 жылы «Қызыл Ту» ордендерін, «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарын алған.

Қысқа мерзімдік офицерлер даярлайтын курсты бітірген ол 1945 жылғы 18 сәуірде Берлиннің маңындағы соғыста өзінің взводын бастап, фашистердің траншеясына түсіп, 25 жау солдатын қырған. Лейтенант Рамазановтың взводы Берлин қаласының аумағындағы соғыстарда одан әрі де ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсеткен. Аса қауіпті химиялық зауыттың ғимаратына бекінген жауды талқандап, 80 фашистің көзін жойып, 120-сын қолға түсірген. Осы соғыста ол ауыр жараланса да соғыс алаңын тастап кетпеген. Оны батыр атағына Богдан Хмельницкий атындағы «Қызыл Тулы» бригаданың 117-ші атқыштар полкінің командирі, полковник Русаков 1945 жылдың 7 мамырында ұсынған. Алайда батыр атағы берілмей, «Қызыл Ту» орденімен шектелген.

Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Чкалов, қазіргі Тайынша ауданындағы Қарғалы ауылында 1922 жылы туған Байзулла Тасыбаев соғысқа 1942 жылы алынады. Ол 29-шы атқыштар дивизиясының 77 артиллеристік батареясында соғысып, Украинаның Днепропетров облысындағы Верхне-Днепров ауданындағы Одинец деревнясы үшін болған шайқаста 1944 жылдың 22 ақпанында ерлікпен қаза табады. Аға сержант Б.Тасыбаев бұған дейінгі ерлігі мен қаһармандығы үшін 1943 жылғы 16 қаңтарда «ІІ дәрежелі Отан соғысы», 1943 жылғы 8 ақпанда «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен және бірнеше медальдармен наградталған. 1943 жылдың 29 қазанында аға сержант, зеңбірек командирі Байзулла Тасыбаевтың ерлігі туралы гвардиялық артиллериялық полктың командирі, майор Хроменков былай деп жазады: «1943 жылдың 29 қыркүйегінде Тасыбаев полкта бірінші болып Днепр өзенін жаяу әскермен бірге қайықпен кесіп өтті. 1943 жылдың 1 қазанында Одинец деревнясының түбіндегі ұрыста оның расчеті жаудың 7 шабуылын тойтарып, 1 «Тигр» танкісі мен 150 солдатының көзін жойды. 8 қазанда осы жердегі ұрыста фашистер Тасыбаевтың зеңбірегі орналасқан төбеге танкілермен шабуыл жасады. Осы ұрыста Тасыбаев жауды 100 метрге дейін жақындатып, бір ауыр, бір жеңіл танкісін жойды. Қалған танкілер Тасыбаев бекінген төбені жабыла атқылап, зеңбірегін істен шығарды. Осы ұрыста Тасыбаев ерлікпен қаза тапты». Осы ерліктерді санамалап келіп, артиллериялық полктің командирі Хроменков аға сержант Б.Тасыбаевты қаза болғаннан кейін «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынады. Алайда батыр атағы берілмей оған да «Қызыл Ту» орденін берумен шектеледі.

Қайредин Қаппасов 1913 жылы қазіргі Шал ақын (бұрынғы Октябрь) ауданындағы Кеңес ауылында дүниеге келген. 2-ші каварелиялық дивизияның 10-шы кавалериялық полкының семсер взводының командирі болған. Әскери шені – гвардия аға лейтенанты. «Қызыл Жұлдыз», «І дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен наградталған. Германияның Ландск қаласын алудағы соғыста ерлік пен қаһармандық көрсетіп, қаза болған. Қаза тапқаннан кейін оны полк командирі, полковник Филиппов батыр атағына ұсынады. Ұсыныста 1945 жылғы Германияның Ландск қаласының түбіндегі ұрыста Қаппасовтың взводына Кюлдов өзенінің көпірімен шегінбек болған 15-ші СС-тың латыш дивизиясының қашуына жол бермеу тапсырылғаны айтылады. «Қаппасов жолдас өзінің ержүрек жауынгерлерімен бірге көпірді жауға бермей, 10 сағат бойы ұстап тұрды. 200- ге жуық жау солдатын жойып, оқ-дәрісі таусылған соң взводты Қаппасов өзі бастап штыкпен шабуылға көтерді. Осы ұрыста ол ерлікпен қаза тапты. Қаппасов жолдас Кеңес Одағының Батыры атағына лайық» деп жазылған 1945 жылдың 22 наурызында берілген ұсыныста. Амал не, бұл ағамызға да батыр атағы берілмеді.

Ал 7-ші гвардиялық «Қызыл Ту» және Суворов орденді Киевтік танк дивизиясының моторландырылған автоматшылар батальоны командирінің орынбасары, капитан Қабжат Тоқбергенов батыр атағына 1945 жылдың 23 сәуірінде ұсынылады. Ол Айыртау ауданы Сарыөзек ауылының тумасы. Әскерге 1941 жылы алынып, жеңіс күніне аман жеткен. 1943 жылдың 5 сәуірінде «Ерлігі үшін» медалін, сол жылдың 29 қарашасында «Қызыл Ту» және 1944 жылдың 28 қазанында «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен марапатталған. Ал 1945 жылдың сәуір айында берілген Ленин ордені оған батыр атағының өтеміне берілген болуы керек. Қабжат Тоқбергенов соғыстан аман келіп, ішкі істер органдарында, одан кейін орман шаруашылығында қызмет істеген. 1961 жылы туған жерінде қайтыс болды.

Закария Құсайынов – Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың (бұрынғы Совет) ауданындағы Амангелді ауылының тумасы. 1913 жылы туған ол 1941 жылдан соғысқа алынып, оны 1945 жылы жеңіспен аяқтаған. 464 полктың 3-ші ротасында қатардағы жауынгер болған. 1944 жылдың 19 наурызында Днепр өзенінен дивизиядағы алғашқылардың бірі болып қайықпен өткен. Төрт адамдық топпен жаудың ДЗОТ-ын құрту туралы тапсырма алып, өзеннен біздің жауынгерлерді өткізбей тұрған пулеметтің үнін өшірген. Сол жерге өздері бекініп, шабуылдаған 30 шақты фашисті өткізбей, 8-ін жер жастандырып, қалғанын шегінуге мәжбүр еткен. Сонымен бірге фашистердің қатарындағы төрт румын солдатын тұтқынға алған. Днепрдің оң жағында плацдарм жасап, полктың өтуіне жағдай туғызған. Осы ерлігі мен қаһармандығы үшін Закария Құсайыновты полк командирі Карташов 3-ші сәуірде Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған. Алайда басқаларға берілген атақ З.Құсайыновқа берілмей, оған 22 сәуірде «І дәрежелі Отан соғысы» орденін берумен ғана шектелген. Закария Құсайынов туған жеріне бір аяғын әскери госпиталда кестіріп оралады. Өмірінің соңына дейін өзінің туған ауылы Амангелдіде жұмыс істеді.

Бұл деректер Солтүстік Қазақстан облыстық архивінің директоры Сәуле Мәлікованың көмегімен алынды. Бұлардың біразы «Халық жадында» порталына шыққан, кейбірі алғаш рет жарияланып отыр. Сонымен бірге архив қызметкерлері соғыстан аман келгендердің ұрпақтарын да тауып, аталарының ерлігі туралы оларды хабардар еткен.

Жалпы батыр атағын алған солтүстікқазақстандықтар қатарында үш қазақ азаматы ғана бар. Егер жоғарыда есімдері аталған алты қаһарман тиісті марапаттарын алғанда батырлардың саны үш есе көбейген болар еді.

Жақсыбай САМРАТ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp