Өткен демалыс күндері Мағжан Жұмабаев ауданында батырлығы алты алашқа аян атақты тұлғалардың бірі – Баян Қасаболатұлына арналған шара өтті. Сонымен қатар Булаево қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріліп, нысан Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі болған батыр Баянның есімімен аталды.
Әйгілі бабамыздың есімі, ұрыс даласындағы ерлігі ұлықталған шараға зиялы қауым өкілдері, алыс-жақыннан келген қонақтар, батырдың аруағын құрметтеген жұртшылық қатысты.
Жалпы ауданы 1100 шаршы метрді алып жатқан жаңа кешеннің іші-сыртында мін жоқ. Екіқабатты ғимаратта еркін және қазақ күрестері, шағын футбол, волейбол, ауыр атлетика және фитнес залдары бар, бокс, жекпе-жек, хоккей сияқты спорт түрлерімен де шұғылдануға болады. Нысан бюджеттен бөлінген 107 миллион теңгеге салынған.
Шараның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров Елбасының биылғы Жолдауында бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру міндеті қойылып отырғанын айтты.
– Елімізде бұқаралық спортты дамыту бойынша біраз жұмыстар атқарылуда. Қазіргі уақытта солтүстікқазақстандықтардың 30 пайызы бұқаралық спортпен шұғылданып, өскелең ұрпаққа саламатты өмір салтының үлгісін көрсетіп келеді. Жуырда Петропавл қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2,6 миллиард теңгенің әмбебап теннис орталығы пайдалануға берілді. Бұл үрдіс бүгін өз жалғасын тауып отыр. Аудан орталығында бой көтерген кешенге жұртшылықтың ұсынысымен қазақ жерін жоңғар шапқыншылығынан қорғаған, ерлігі халық жүрегінде сақталған Баян Қасаболатұлының есімі берілді, – дей келіп, өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың құттықтауын жеткізді.
Батырдың алтыншы ұрпағы, ауданның құрметті азаматы Зейнолла Олжабаев батырдың ерлігі мен ғибратты өмір жолынан сыр шертті. Қазақ халқының мақтанышына айналған Баян Қасаболатұлы 17 жасында сардар атанып, қазақ жұртының тәуелсіздігі жолында аянбаған күрескер. Қазақ-жоңғар шайқастарындағы ерлігі, ержүректілігі Абылай ханның көңілінен шыққан. Ақсақал аудан басшылығына және алыс-жақыннан келген мәртебелі қонақтарға алғысын жеткізді.
Жұртшылықтың қуанышына ортақтасқан облыстың құрметті азаматы, белгілі спортшы Жамбыл Тасеменов пен ауыр атлетикадан облыстың аға жаттықтырушысы Ерік Әлібаев бұл шараның маңызына тоқталып өтті. Ал аудан әкімі Асқар Бегманов спорт кешенінде шыныққан балалардың арасынан ел намысын абыроймен қорғайтын болашақ чемпиондар шығатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, аудан басшысы саламатты өмір салтын насихаттап, байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғап жүрген бір топ спортшыға ақшалай сыйақылар табыс етті.
Шара барысында жергілікті өнерпаздар ұсынған ел басына күн туған жылдардағы батырдың өмірі мен ерлігін баяндаған театрландырылған көрініс көпшіліктің көңілінен шықты. Ал құйқылжыта ән салған жастар шараны тамашалауға жиналған қауымды серпілтіп тастағаны сөзсіз.
Спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсімі батыр Баян атындағы қазақ күресінен республикалық турнирмен жалғасты. Күрес дегенде ішер асын жерге қоятын жұртшылық жауған жаңбырды да елемеді. Залда ине шаншар орын болған жоқ. Бұл ұлттық спортқа, оның ішінде қазақ күресіне деген құрмет пен қошемет деңгейінің жоғары екенін аңғартса керек.
Қазақ халқының аты аңызға айналған ержүрек батырының құрметіне осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отырған сайысқа облыс орталығынан, сегіз ауданнан, Астана, Шымкент және Қарағанды қалаларынан сайдың тасындай іріктелген балуандар жиналып, өзара күш сынасты.
“Күш атасын танымас” демекші, бірі қарсыласының жауырынын жер иіскетсе, екіншілері жеңіліс тауып жатты. Өкінішке қарай, әрдайым жеңіс тұғырынан көрініп жүрген Дәурен Нұрғожин, Ернар Бегайдаров, Нұрғали Нұрғайыпұлы, Дәурен Еслямов және Төлеген Жетпісбаев сияқты тәжірибелі балуандарымыздың бұл күні жолы болмады. Атап айтқанда, ел сенім артқан Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның намысын арқалай келген Қизат Қалықов Түркістан облысының өкілі Ерсұлтан Мұзафаровтан жеңіліп қалды. Мамлюттік Дулат Алпысов та осы жігітке есе жіберді. Оңтүстіктің оғланын 2014 жылғы “Қазақстан барысы” турнирінің жеңімпазы, Азия барысы, екі дүркін әлем жеңімпазы Мұхит Тұрсынов қана тоқтата алды. Алайда, Шығыс Қазақстан облысының тумасы, қазір қазақ күресінен “Қызылжар арландары” кәсіпқой күрес клубы құрамында өңіріміздің намысын қорғап жүрген Мұхиттың алдын Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, астаналық Айбат Сейтен орап кетті. Айбат Сейтен ақтық белдесуде Мағжан Жұмабаев ауданының өкілі Ақжігіт Ораловты белдесу аяқталуға санаулы секундтар қалғанда жығып, жарыстың жеңімпазы атанды.
Тартысты өткен сайыстың қорытындысы бойынша жауырыны жер иіскемеген астаналық Айбат Сейтен “Ұзынкөл” шаруа қожалығының директоры Қанат Әлмұратов тіккен “Лада Гранта” автокөлігіне ие болды. Ақжігіт Оралов пен Мұхит Тұрсынов сәйкесінше, екінші, үшінші орындарға тұрақтады. Сайыс барысында қарсыластарына қарсы әдемі айлаәдістер жасаған Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның өкілі Санжар Бейсембаевқа да арнайы жүлде берілді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Еркебұлан ЕЛУБАЕВ.