
Ата-бабаларымыз жаугершілік заманда қолданған найза, қылыш, садақ, шоқпар сынды қару түрлерінің әрқайсысының жасалу, шығу тарихы, пайдаланылу әдісі бар. Оларды қазіргі жас ұрпақ біле бермеуі мүмкін. Назарларыңызға ұсынып отырған ақын, жазушы, манасшы Баянғали Әлімжановтың жуырда жарық көрген “Батыр болмақ сойдан дүр” атты шығармасында біраз мәліметтер қамтылған.
Мен бала күнімнен батырларды керемет жақсы көріп өстім. Атадан қалған аңызбен бірге уақыт, кеңістікте арлы-берлі ұшып кете беретінмін.
Бала қиялымда батырлар құла дүзде, үнемі жорықта жүретіндей көрінетін. “Батырға мұздан төсек, бұлттан шатыр!” – дейді Шәкір Әбенов.
Және тек қана әділет үшін алысатын жақсы жандар. Мәрт, жомарт. Қаһарлы да мейірбан. Шаршап, шалдығуды, ауру-сырқауды, қартаюды, қажуды білмейтін ерекше бір рух иелері.
“Батыр болмақ сойдан дүр” деп жырлаған бабаларымыз. Әу бастан батыр болып жаралған, тұқым, тегінен жалғасқан, неше атасынан бері батыр болып, бірінен- бірі асқан ерлердің шежіре, тарихы бар. Нағыз батырлардың болмыс-бітімі басқа адамдардан бөлек. Ол – ержүрек, аса күшті, қайратты, жігерлі, епті, шапшаң, яғни, өз заманындағы соғыстың барлық айла-тәсілдерін меңгерген, қорқып-үркуді білмейтін соғыс маманы. Соғыса білмейтін, жауды жеңе алмайтын адам, мың жерден ержүрек болса да, батыр бола алмайды. Қанша айла-тәсілді меңгерген, қара күші көп, бірақ қорқақ кісі батыр бола алмайды. Ең бастысы, батырдың батырлық рухы, аруағы болады. Аруақсыз батыр – батыр емес! Батырдың аруағы асып, айбынданған шағында, жаудың мысын басып, құтын қашырып жібереді.
Қапыда қолға түсіп, Тайшықтың зынданында қорлық көріп жатқан Алпамыс батырға Ғайып ерен қырық шілтен көмекке келеді.
“Зарпынан таулар күйіп, тас жанған” Қобыланды батыр құрдасы Қараманның тіліне еріп, тыныш жатқан Көбіктінің еліне шапқыншылық жасағанда, аруақтар ренжіп, оны тастап кетеді. Сонда қолға түскен аруақсыз Қобыландыны Қарлыға қаңбақ құрлы көрмей, қолтығына қысып алып, көтеріп апарып қапасқа тастай салады. Ал кейіннен еліне жау тигенін сезіп, аруағы қайта оралған Қобыландыны Қарлыға көтеріп сыртқа шығармақ болғанда, орнынан қозғай алмай қиналады.
Манаспен соғыспақ болған бір қалмақ батыры оның түрін көргенде, зәресі қалмай: “Білегінен сап кетіп, Жүрегінен қап кетіп” өз-өзінен өліп қалған ғой! “Кірпігі жалын, көзі шоқ” Манастың аруағы басып кеткен! Эпоста Манастың аруағын аспандата жырлайды. “Қара шұбар қабылан, Қапталында шабынды, Көсеу құйрық көк арыстан, Оң жағында қамынды!” дейді. “Ободогу булуттун, Салкынынан бүткөндөй, Ай алдында дайранын, Толкунунан бүткөндөй, Асмандагы ай, күннің, Жаркылынан бүткөндөй!” деп, ғарыштық құбылыс ретінде суреттейді.
“Кіші жүздегі, баяғы ноғайлы заманындағы Қарасай батырдың бейіті тұрған жерден кейінгі заманда патшаның отаршыл әскерлері өте алмай қиналады. Әр бәлеге ұшырап, әбден амалдары таусылғанда, олардың да бір білетін кісілері: “Бөгеп тұрған мына бейітте жатқан батырдың аруағы! Оның күшін қайтару үшін басына доңыз сойыңдар!” – депті. Солай еткенде, батырдың аруағы қайтып, әскер әлгі бейіттің тұсынан өткен екен!” – деп, қаны қызып айтып еді ақын, ақтөбелік Жақсылық Айжанов.
Тама Есет батыр өмірден озарында: “Құдай кешірер, күнбатысқа басымды емес, аяғымды қаратып жерлеңдер! Ата жауды жеріме кіргізбей, табаныммен тіреп жатайын!” – деп аманат еткен.
Аталарымыздың аруағы жаумен алысып, ұрпағын қорғап тұр!
Керей ер Жәнібек бірде майданда ат ойнатып, жекпе-жекке шығады. Қарсы шыққан қалмақ нояны жан баласын шыдатпаған қаһарлы батыр екен. Керей ер Жәнібекке жақындап келе бергенде, өз-өзінен құты қашып, дірілдеп, соғыспастан тұра қашыпты. Батыры қашқан соң қалғандары қоса қашқан. Былай шығып, естерін жинаған соң, нояннан сұрайды ғой себебін! Сонда қалмақ: “Әлгі қазақ батырының екі иығында екі көкбөрі арандай аузын ашып, атылғалы тұр екен, үрей, құтым ұшып кетті! Қара тер басып, не болғанымды білмей кеттім!” – деген екен. Мұны жазушы Жәди Шәкенұлы жинаған аңыздардан оқып едім.
Мәшһүр Жүсіп жазған аңызда, бір соғыста нояндар Абылай ханға елші жіберіп: “Қантөгіс екі жаққа да керегі жоқ! Одан да келісімге келейік те серттесейік! Сіздің жақтың ең мықты батыры біздің батырмен жекпе-жекке шықсын да, жеңген жақ барлық дүние-малды алсын, ал жеңілген жақ дымсыз қайтсын!” деп шарт қояды.
Осыған серттесіп, шешуші жекпе-жекті ертеңге белгілейді. Абылай хан мен Бөгенбай батыр ақсақалдармен, қолбасшылармен ақылдаса отырып, арғын руынан шыққан жас батыр Жәнібек Шақшақұлын таңдайды. Бұл оның әлі көзге түсе қоймаған кезі болатын. Ал қалмақтардың батыры бірде өзіне қарсы шапқан адам жегіш жолбарыспен айқасып, оны құйрығынан ұстап алып, мысық құсатып ауада шыр айналдырып, басын жерге соғып өлтірген дүлей еді. Өзінің осы батырмен қауіпті айқасқа түсетінін білгенде Жәнібек түнімен дөңбекшіп, таңға жақын талып ұйықтап кеткен кезде түс көреді. Жоңғармен шайқасқа түскен екен дейді, жаудың батыры найзамен түйреп, Жәнібекті атынан ұшырып түсіріп, кеудесіне мініп алып, тамағына қылышын тақапты. Жәнібектің оң жақ емшегін бір айдаһар, сол жақ емшегін басқа бір айдаһар еміп жатыр екен. Батыр оянып кетсе, үсті-басын мұздай тер жауып кетіпті. Ол қорыққаннан алды-артына қарамай, қаша жөнелгісі келеді. Қашпас бұрын ханның шатырына кіріп, өзінің кететіні туралы айтып кетуді жөн санайды. Абылай хан ұйықтамай, мұның келетінін сезіп, күтіп отыр екен. Ол өзінің түсін айтып: “О, алдияр, менің кетуіме рұқсат бер, тым құрыса бас құрап, отау тігіп те үлгермедім, егер мен шейіт болсам, артымда ізімді жалғар ұрпағым да жоқ!” – деп, кетуге рұқсат сұрайды. Абылай хан батырды сабырға шақырып, атшысына Шарышпен шайқасқа шығарда өзіне Бөгенбай батыр сыйлаған Нарқызыл атты әкелуді тапсырады. Атшы Нарқызылды әкелген кезде, Абылай хан Аллаға сыйынып: “Я, Алла! Нарқызыл атты Жәнібектің түс садақасына атадым! Бір өзің жар бола гөр, Жәнібектің түсін мен қалай жорысам, солай болуға нәсіп ете көр!” – деп тілеп, дұға жасайды.
Хан өзінің атын сойып, етін қосынға таратып беруге бұйырады. Содан кейін Жәнібекке: “Түсіңде сені жоңғар жеңсе, өңіңде сен оны жеңесің! Егер сенің оң кеудеңді айдаһар еміп жатса, ұлдан көрген немерең айдаһар сияқты күшті батыр болады! Егер сол жақ кеудеңді айдаһар еміп жатса, қыздан туған жиенің айдаһар сияқты батыр болады! Ұлдан анадай, қыздан мынадай өсейін деп тұрып, сен қалайша ертең өле қалмақсың? Бар да майданға кіре бер!” – дейді.
Абылайдың сөзінен кейін аруақтанған Жәнібек жекпе-жекке шығып, дұшпанына қаһарлана ұмтылады. Найзамен бір соққанда жоңғардың батыры атынан ұшып түсіпті. Жәнібек жаудың кеудесіне мініп алып, оның тамағына қылыш тақай бергенде, жоңғар оны тоқтатып, қапалана тіл қатады: “Тоқтай тұр! Мен өлімнен қорықпаймын, бірақ, мені тыңда! Сен көрген түсті мен де көріп едім, түсімде сені алып едім! Сорыма қарай, менің түс жорушым түсімді дұрыс жорып бере алмады, ал сенің түс жорушыңның аруағы күшті, ақылы зор болғандықтан, ол сенің пайдаңа жорып жіберді! Сондықтан да сен мені алып кеттің-ау!” – дейді. Жәнібек батыр осындай батыр жігітті өлтіруге қимай, тірі қалдырып, дос болып, ұлысына да тиіспейді. Басқа нояндар келісім бойынша өздерінің мүліктерін Абылай ханға беріп, ол өзінің ордасына мол олжамен, үлкен даңқпен оралады.
Олжабай батыр айдалада ұйықтап жатса, бір сарыбас жылан қойны-қонышын түгел аралайды деп жазады тағы да Мәшһүр Жүсіп атамыз. Батыр оянып кетсе, жылан жоқ, бір ақсақал отыр дейді жанында. “Мен сенің тағдыр – талайыңмын. Жауға Олжабайлап шап! Сарыбас жылан болып, оқ бойы алдыңда ұшып отырамын. Өзің түгілі, сенің атыңды атаған адамды да қолдап отырамын!” – депті.
Олжабай батыр ту көрсе аруағы көтеріліп, шабады екен. Соны білетін Абылай хан арғындар қол жиып, соғысқалы келгенде, туын көтермеген ғой. Желкілдеген ту көзіне түспеген соң Олжабайдың аруағы көтерілмей, соғысқысы келмей қалыпты.
Кенесарыны қолға түсірген соң қырғыздар қатты толқиды. Бір тобы: “Бір туған қазақтың ханын өлтірмейік, ел болайық!” деседі. Бірақ қазақпен соғыста туысқандары өлген қырғыздар қанға қан аламыз деп қасарысады. Сөйтіп тұрғанда, бір қырғыз Кенесарыны шауып жібермек болып, қылышын көтергенде, сол күйінде қатып қалады. Оған да қарамай, екінші бір қырғыз ханның басын шауып жіберіпті. Содан, ханды өлтірген әлгі қырғыз үйіне барған бетте жан тапсырыпты, балашағасы да тегіс өліп қалыпты! Бұл аңыздарды Мәшһүр Жүсіп атамыз жазып қалдырған.
Ақжолтай Ағыбай батырдың анасы, тарақты Байғозы батырдың қызы Қойсана айдалада көшіп келе жатқанда алты қарақшыға кез болыпты. Қойсананың аяғы ауыр екен. Құрсағында – Ағыбай. Әлгілер жалғыз әйелді тонап алмақ болып, қоршай бастайды. Қойсана жан-жақтан анталаған ұрыларға қарсы тұрып, алтауын сойылмен алты-ақ ұрып домалатып тастапты. Сонда бір аунап тұрған ұрылар райларынан қайтып, жайына кеткен екен. Былай шыға бере: “Бізді ұрып жыққан ана әйелдің ішіндегі баланың аруағы ғой!” десіпті. Әкем Тақан бала күнімізде айтып отыратын: “Ағыбайдың жолы ашық, ақ болады екен. Не бір мықтылар бір жаққа аттанғанда, Ағыбайды шақырады екен, егер Ағыбай бірге аттанса, жолы болады екен!”.
Көтібар батыр: “Менің асымда аты бәйгеден келген кісіге бәйгесіне қосып, мына қанжарым мен терлігімді беріңдер!” деп, өсиет қылыпты. Аста ақжолтай Ағыбайдың аты озып, қанжар мен терлікті алады. Кенесары Көтібардың аруақты кісі екенін білгендіктен, құрдасы Ағыбайдан қанжар мен терлікті: “Маған берсін!” деп, сұратыпты дейді аңыз. Сонда Ағыбай: “Бір кездік пен бір желдікті маған қимай ма?” деп, бермей қалыпты.
Аруағы биік ерлерді қазақ елі қашанда ардақтай білген.
Аруақ бар, жоқ деген талас пікірлердің өзі негізсіз. Иншалла, бәріміз де мұсылманбыз. Екі дүниенің жаратушы иесінің жаратқан нәрселерін бар деп білмек парыз. Адам жаны Алланың аманаты, ал оны қалай жаратты, қандай қасиет берді – ол жаратушыға ғана аян. Адамды жаратқан соң, құдай оған рух үрлеп, жан бітірді дейді діни кітаптарда. Осы рух – аруақ бір мағыналы сөздер. Демек, рух, аруақ – Алладан! Күнәға жазбасын, ойлап көрсек, қанша адамды жаратса, Алла тағала соның бәріне қайталанбас жан, рух берген сияқты. Өзі сүйген, назары түскен құлдарына айрықша қасиетті рух дарытып, ерекше міндет жүктегендей болып көрінеді. Яғни, аруақты адамдар жаратушының өзіне ғана аян тапсырмасын орындаушы сүйікті құлдары десек болатындай. Ал Алла сүйген жандарды сыйлау сауапты іс болса керек. Бұл құдайға ортақ қосу, ширкке жатпайды. Ширк деп екінші бір затты құдайға теңеп, құдай санап, табынуды айтады. Ал Алланың жаратқан нәрселерін, әсіресе, ерекше қасиет беріп жаратқан аруақты жандарын қадірлеу, ардақтаудың жөні бөлек. Жыр-аңыздарда қандай әулие, батырлардың бәрі де жаратушыға сиынып, медет тілейді. Алла тағаланың әлемді басқару жолында пайғамбарлар, әулие-әнбиелер мен қасиетті адамдардың, аруақтардың біз білмейтін құпия орны, рөлі, миссиясы бар сияқты. Алла сүйген аруақтар адамды желеп, жебеп тұрса, ол да бір Алланың жазуы деп білеміз!
Батырлық мінез
Батырлардың мінезі де басқаша. Ірі, кесек. Намысқор – “қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді” деп, намыс үшін қан төгіп, жанын қиюдан тайынбаған. Жеке басының намысы бір басқа, рудың, бір қауым елдің намысын қорғағаны өз алдына, бүкіл қазақ халқының, Алаш елінің, ұлтының намысы үшін жанын пида қылған ұлы батырлар тарихымызда көптеп саналады. Досқа дарқан, жауға қаһар. Қылышын жайдан-жай суыр-майды, суырса – қандамай қынға салмайды. Аңғал, сенгіш, бірақ алданғанын білсе алдаған адамды алдаспанмен қақ бөледі.
“Егескен жерде шарт кетпей,
Шаппаған нәмәрт оңар ма?” – деген екен Махамбет.
Қаһарына мінгенде, ханға да, қараға да қарамай, қайырылмай шабатын болған. Батырлардың мәрт әрі морт мінезін білген хан мен билер оларды ақылмен, айламен ұстап отырған, орынды жеріне жұмсаған.
Жапонның батыры әрі философы Миямото Мусаси: Дух огня – ярость! – дейді. Үлкен болсын, кіші болсын, оттың аты от. Батырлар көзсіз ерліктерге барған, қалың қолдан қайтпаған, жасанған жауға жалғыз шапқан. Олардың жанқиярлық ерлігі – бір-бір аңыз, бір-бір дастан.
Батырдың батырлығы майданда сыналған. Онда басқа әңгіме жоқ – не жеңеді, не өледі! Екінің бірі. Басын ажалға байлап барған.
Батыр ерлігінің ең биік мәні – ел үшін, туған жер үшін, әділеттік үшін жасаған ерлігі. Әркіммен соғысып, біреуді өлтірген немесе біреудің қолынан өлгеннің бәрі батыр атанбаған. Тарих ел мен жерді қорғап, ел намысы мен азаттығы үшін қасық қанын аямай, майданда ерлік жасап, құрбан болғандарды ғана батыр деп ардақтаған!
Бір соғыста Абылай ханның астындағы аты өліп, жаяу қалған ханды қалмақтар қоршай бастайды. Сонда, керей Ер Жәнібек батыр оған өзінің көк дөненін мінгізеді. “Сен қайтесің?” – дейді хан. “Халқымызға қазір сіздей хан керек! Мен өлсем, тағы бір батыр туар!” – деп, ханды ажалдан құтқарып жібереді. Өзі де соғыса жүріп, қоршауды бұзып құтылады. Хан – қазақ елінің басы, мемлекеттің ұйтқысы екендігін анық түсінген Ер Жәнібек елдікті сақтап қалу жолында жанқиярлық ерлік жасап, биік саналылық пен күшті рухты көрсетіп отыр. Батырға хан үшін жанын қию – халық үшін жанын қиюмен бірдей.
Ел үшін жан қию, ел қорғап шейіт болу – батыр өмірінің ең жоғарғы мәні!
Тіпті, ардақты батырлар ғана емес, қатардағы жауынгерлер де ел тағдыры сынға түскен қан майданда қаза тапса, шейіт саналып, құрметке бөленген. Оның барлық күнәлары кешіріліп, жұмаққа барады деп саналған. Ағайын алдында айыбы болса, тіпті, тіршілікте жасаған қателік, қылмысына дейін қанымен жуылып кеткен.
Күнәмді Тәңір кешпес, кешер бірақ, Жауында жан берген соң алты алашым! – деп күңіренген қалың жаудың қоршауында қансырап жатқан Батыр Баян ақтық демі шығарда. (Мағжан Жұмабаев)
Батырлар өлімнен мүлде қорықпаған! Қорықса, қорқынышын жеңген!
Балта керей Тұрсынбай батыр айдалада ұйықтап жатса, білектей қара жылан өн бойын аралап, бас жағына келеді. Тұрсынбай батыр аузын ашып, аңдып жата береді. Жылан аузынан жылжып өте бергенде, қауып тістеп алғанда жылан үшке бөлінеді – басы мен құйрығы екі жаққа түсіп қалып, ортасын батыр жұтып қояды! “Қорыққасын жұттым, қорықпасам, жыланды жұтып нем бар!” – дейді екен. “Қорыққаныңа болайын!” деп жазады жарықтық Мәшһүр Жүсіп атамыз.
Батырлар ажалға да асықпаған, бірақ қанды шайқаста қаза болуды ерлік санаған! “Өлсек – шәйітпіз, өлтірсек – бәйітпіз!” деген аталарымыз!
“Әзірейілге де жан керек шығар, өстіп айламен алмаса, біздей адамға бетпе-бет келу қайда?!” депті бәсентиін Малайсары батыр жан тапсырарда. Сонда, ол өлімнен қорқып тұрған жоқ, өлім менен қорқады деп тұр!
Олжабай батыр қартайып, өз ажалынан өлген екен. Сонда өкініпті дейді. – Соғыста кісі өлтірмеген соң өз ажалымнан өлгелі жатырмын. Кісі өлтірсем ғой, мен де соғыста жаудан өлер едім ғой! деп армандапты. Жауды жапырып жеңіп жүргенде найзасын тік қадамай, қалыбы шаншады екен, солай шанышқан адамы атынан ауып түсіп, көпке дейін қатарға қосылмай қалады екен деп жазады Мәшһүр Жүсіп атамыз.
Ақын Ғабиден Құлахметовтың Айдос батыр туралы айтқан әңгімесі де есімде. Өз ауылында, ту сыртынан атылған оқ тиіп, жараланып, құлап бара жатып, ырғайдан ұстап тұрып айтқан екен дейді:
Ырғайтының бойында,
Ырғай ма екен, тал ма екен?
Қапияда қай дұшпан,
Қайратымды алды екен?
Түзде өлмей үйде өлген,
Ерден сорлы бар ма екен!? деп, күңіреніп өткен екен.
Қалмақстанға Жангар жырына арналған халықаралық жыршы-жыраулар фестиваліне барғанда, сахнада ілінген суреттен көзім шалып қалған қалмақ батырларының жорық жырының бір жолы есімде қалыпты: “Жизни наши вручаем острию копья!” дейді қалмағың!
Қазақтың алғадайлары туралы әңгімені ақын Ғабиден Құлахметов айтып еді. Алғадай – ажалға басын байлап, жекпе-жекке баратын жас өрен. Тіпті, жаназасын шығартып, Құранын оқып, ақырет көйлегін киініп аттанады екен. Жапонның камикадзе – смертниктері сияқты. Алғадайдың міндеті – жекпе-жекке шыққан жаудың аса күшті батырының әдіс-тәсілдерін кейін шығатын батырларға көрсету, тіпті, ұзағырақ айқасып, әлсірету болған.
Ол заманда біреудің жалғыз ұлы болса, ол әлі үйленбеген болса, тұқым құриды деп, жорыққа алмайды екен.
Қанжығалы Нияз Жантай батыр – Батыр Баян қаза табатын атақты “Қанды жорықта” жау қоршауында қалады. Қырғын шайқастан кейін, қансырап жатып, жанындағы екі ұлы – Мырзакелді мен Тоқашқа айтады: “Қазір ақтық күшімді жұмсап, садағыма соңғы жебені салып, жауға қарай атамын. Жау жебеден жалтарып, қақ жарылғанда, біреуің Сарғасқа атпен сол ашылған жолмен ағып өтіп, құтылып кетіңдер. Ал енді біреуің менімен қаласың, бірге шайқасып өлеміз!” – дейді. Сонда ағасы Мырзакелді: “Менің артымда балалар бар ғой, ал бауырым әлі үй болған жоқ, тұяқсыз кетпесін! Тоқаш аман құтылып, ұрпағын өсірсін!” деп, інісіне жол беріпті. Жантай батыр Тоқашты жүйрік атына мінгізіп, соңғы жебесін шірей тартады. Батырдың жебесінен жалтарған қалмақ қолы қақ жарылғанда, қоршау ашылып, жебемен бірге ұшқан тұлпар сол жерден ағып өте шығады. Жантай батыр үлкен ұлы Мырзакелдімен бірге ерлікпен шайқасып, қаза болады. Тоқаш аман құтылып, ұрпағы өсіп-өніп, қазір Тоқаш деген рулы ел болып отыр. Мырзакелдінің артында қалған баласы Жанболат би болған. Бұл аңызды маған ақын, ерейментаулық Сайлау Жылқыбаев айтып еді.
Фирдоусидың Шахнама, Рүстем-Дастанындағы Рүстем арғы аталарынан бері батыр, ел қорғаны болған. Патшалыққа таласпаған. Патшалық ата өсиетімен бірге туған бауыры мен соның ұрпақтарына мұра болып қалған. Бірақ шаһтардың өзі батырмен санасып отырған.
Бір күні шах Кәштасып батыр баласы Аспандиярды (Исфендияр): “Атақты Рүстем батырды байлап алып кел! Сонда ғана саған тағымды беремін!” деп аттандырады. Бірі өліп, бірі қалсын деген. Бір-бірінің атақ-даңқына қанық екі батыр кездескен соң сыйласады. Сонда Рүстем: “Шахтың әмірін екі етпеймін, алдына өзім барайын!” – дейді. “Жоқ, мен сені байлап апаруым керек! Қол-аяғыңды байлат, барған соң өзім босатамын!” – дейді Аспандияр. “Тіріде кісіге қол-аяғымды байлатпаймын!” – дейді қарт Рүстем. “Байлатасың! Байлаймын!” – дейді жас Аспандияр. Содан екеуі соғысады. Аспандиярдың сауытынан оқ өтпейді. Ал ол Рүстемді де, тұлпар аты Рақышты да өлімші етіп жаралайды. Ақыры Рүстем Аспандиярды жеңу үшін самұрықтан ақыл сұрайды . Бірақ самұрық Рүстемге: “Кім де кім Аспандиярдың қанын төксе, көп ұзамай өзі де өледі! Мен сондықтан одан досымның кегін алмай жүрмін!” – деп ескертеді. Сонда Рүстем: “Мейлі, ертең өлсем ризамын! Тек қана әбден қорлығы өткен Аспандиярды жастанып жатсам болды!” – деп тәуекел етеді. Аспандиярды өлтіріп, көп ұзамай өзі де қаза болады. Ал түсініп көр батырларды, батыр болып көр!
Жай адам батырмен дос бола алмайды, өйткені, оның серті ауыр.
Еуропа елдерінің бірінде бір патша бір топ жауынгерді әлдебір қылмысы үшін жазалауға бұйырады. Сонда батырлардың басшысы соңғы тілегін айтыпты: Менің басымды шапқаннан кейін денем орнынан тұрып, достарымды жағалай жүгіріп кетсе, жетіп жығылған жеріне дейін тұрған жігіттерімді жазадан босатасыз ба? – дейді. Мұндай сұмдықты көрмек түгіл, естімеген патша да, оның айналасы да айранасыр болып, сенбейді, бірақ қызық үшін келіседі. Содан әлгі батырдың төрт жауынгер досын бір қатарға, арасы бір қадамнан тізіп қояды. Батыр соларға қарап, тізесін бүгіп, ыңғайланып отырады да, жендет оның басын жаңғырыққа қойып, өткір айбалтамен желкеден бір-ақ шабады. Басы домалап кеткенде, денесі орнынан атыла ұмтылып, жүгірген бойы төрт жолдасын орай өтіп барып жығылады. Ол заманда айтылған сөзде тұру – серт, өлім жазасына кесілген әлгі төртеуіне де патша азаттық береді.
Арқалық батырды Әжі төре дүрбіттерге байлап береді. Жолда бір қалмақ ауылына қонады. Сол жерде Арқалықтың досы, қалмақ батыры Қарамерген тұрады екен. Ол шеріктерден Арқалықты кепілге сұрап алады. Тұтқындағы жаудың батырын кепілге алу – басын бәйгеге тігумен бірдей. Қарамергеннің үйінде тынығып, қол-аяғы бос жатқан Арқалық түнде қашып кетуге оқталады. Тұрса, Қарамергеннің әйелі күйеуіне сөйлеп жатыр екен:
– Арқалық қашып кетсе, неғыласың,
Қазақтың қалмайсың ба шоғын ұстап?! – дейді. Оған Қарамерген:
– Арқалық қашып кетсе жолы болсын,
Досымның өзім барам орынына! – деп жауап береді. Сонда, қашуға дайын тұрған Арқалық:
Ойладым жүрегімнен жұлмайын деп,
Көңілімді жамандыққа бұрмайын деп,
Мұны естіп шешіндім де, қайта жаттым,
Қатынға ерді таба қылмайын деп!
Ертеңіне жау дүрбіттің түйесіне теңделіп, тұтқынға кете барады! Ал батырлармен дос болып көр!
Наурызбай төре батыр жайшылықта жаймашуақ, мейірлі жан болыпты. Ал қаһарына мінгенде, бетіне ешкім келе алмайды екен.
Суан Сатай батыр қайырымды мінезімен белгілі болыпты. Кейде айдалада ұйықтап жатқан қалмақ нояндарының үстінен түседі ғой. Сатай батыр оны ақырын оятып алып: “Кімсің, неғып жүрген жансың?” – деп сұрайды. Содан кейін: “Дұшпан болма, қонақ бол!” – деп ақылын айтады. Кейде осындай сөздерден кейін қалмақ шынымен де өзінің дұшпандық ниетінен қайтып, бейбіт тарап кететін болған. Ал егер ол достықтан бас тартса, Сатай батыр онымен жекпе-жекке шығады. Әбден ашуына мінгенше жартылай шайқасып жүреді. Ал жағдай ушығып, қаһарына мінгенде, Сатай батырдың күші еселеніп, ол жауын аямай кескілеп жоқ қылады екен!
Отаршылдармен аяусыз жалғыз соғысқан Күреңтай батырды күндердің бір күні, бір жорықтан келе жатқанда бес-алты қуғыншы аңдып жүріп, айдалада қоршап алады. Қоршағанда да қызық, Күреңтай батыр үлкен дәретке отыра бергенде, байқатпай жетіп келіп, төбесінен төніп тұра қалады. Сонда, Күреңтай күлді дейді.
– Неге күлесің, қазір өлесің! – дейді өңшең қарулы, жас жігіттер тепсініп.
– Талай жауды алған батырларды көріп едім, тышып отырған кісіні жеңіп алған ерлерді бірінші рет көргеніме күліп отырмын! – депті.
– Әй, мынау не дейді-әй! Ал тышып ал да, шықшы былай, әуселеңді көрейік! – дейді шамданып, намыстанып қалған дала дүлейлері. Күреңтай асықпай жайланып алады да, атына бір-ақ ырғып, ұрандап майданға шығады. Әлгі бес-алты жігітті ә дегенше сойылмен ұрып жығып, аттарын алып кете береді.(Асқар Жағыпарұлының айтқан әңгімесі.)
Біздің елде жүз жасаған Өмірхан Тоқтаров ақсақалдың өз аузынан естіп едім. – Мен Күреңтай батырды сексен бес жасында көрдім. Денесі сом, тіп-тік болатын. Есік алдында отыр еді, бір сүзеген дөкей көк қошқар балаларды сүзіп, жұрттың зәресін ұшырып, мазалай берді. Бір кезде Күреңтай батырдың жанына келіп, сүзуге оқтала бергенде, қария мүйізінен ұстап, сілкіп қалғанда, қошқар сылқ ете түсті. Сөйтсек, сексен бестегі батыр бір сілкіп қалғанда қошқардың жуан мойнын үзіп жіберген екен! Ал жас кезінде қандай болғанын болжай бер! – деп еді Өмірхан атамыз.
Шапырашты Қастек батыр туралы аңызды ақын Оразалы Досбосынов Қырғызстанға айтысқа барғанымызда Бішкекте айтып беріп еді. Соңғы кездесуіміз екен ғой.
Қастек он төрт жаста екен, ағайындарымен бірге жылқы бағып, арасында биік төбеге шығып, даланы шола қарап отырады . Бір кезде жау кеп қалады. Қастек жау көзіне түспеген артындағы бауырын ауылға қауіп төнгенін хабарлауға жіберіп, ал өзі торы тайына мініп, қалың әскердің алдынан шығады. Егер оның өзі де қашатын болса, жоңғарлар соңынан қуып жетіп, ауылды аңдаусыз отырған жерінде басып алып, бүкіл руды түгел қырып тастар еді. Осыны ойлаған Қастек құлақтанған ағайындарының тез жиналып, далаға қашып кетуі үшін жауды тоқтата тұруға бел буады. Қонтайшы шеріктеріне жақындаған кезде өзінің торы тайын ойқастатып, кішкентай қисық қылышын бұлғап, айқайлап, жекпе-жекке шақырады.
Жоңғарлар қалт тоқтайды. Сөйтіп, торы тай мініп, қолына кішкентай қылыш ұстаған он төрт жастағы бала мен үлкендігі есік пен төрдей мықты ат мінген, бес қаруын асынған тісқақты қалмақ батыры шайқасқа шығады. Бар даусымен айқайлай ұран салған ноян ұзын найзасымен бір соққанда-ақ баланың ту сыртынан шығарады да, оны өзінің басынан жоғары тік көтеріп алады. Қастек қалмақ найзасының ұшында қаны сорғалаған күйі өлімші халде ілініп тұрады.
– Әй, бала, тірісің бе? – деп сұрайды ноян.
Қастек көзін әрең ашып, қан түкіріп, қарлыққан дауыспен:
– Сен өзіңнің сайысың қандай екенін көрсеттің! Енді ырғағаныңды көрсет! – дейді.
Ноянның есі шығып, қарқылдай күледі де, найзасын ырғап-ырғап жібереді. Қатты ырғағаны сондай, шаншылып тұрған Қастек найзаның бойымен сырғып келіп, ноянмен бетпе-бет кеп тұра қалады.
– Ал енді қалайсың? – дейді Ноян балаға тақалып тұрып.
– Міне, былаймын! – деп қансыраған Қастек батыр ақтық күшін жинап, кішкентай қылышымен Ноянды бауыздап жібереді де, сол бойда үзіліп кетеді. Өз түменінің алдында баланың қолынан жантәсілім еткен қолбасшы да жерге гүрс етіп құлайды. Не болғанын ұға алмай қалған жоңғарлар қалшиып тұрып қалады. Естерін жиған соң екі батырға бірдей құрмет көрсетіп, төбенің басына жерлеп, соғыспай, өз ордаларына қайтып кетіпті.
Батырлық мінез – аса күшті, айрықша мінез.
Адай Тобанияз батырды қызылдар қолға түсіріп, түрмеде, таң алдында тергеушіге әкеледі. Тергеуші әйел екен. “Мен қатынға жауап бермеймін!” – дейді, ажал аузында тұрған батыр. “Міне, бұл сенің адайлығың, надандығың!” – дейді әйел тергеуші шамданып.
– Совет өкіметі мен партия ер мен әйелді теңестірді! Ер мен әйел ешқашан тең болмайды! – дейді Тобанияз батыр. – Өзің айтшы, сен қатарынан төрт түнде төрт еркекпен жатып, төрт бала таба аласың ба?” Тергеуші әйел ыршып түседі. “Жоқ, әрине!” “Ал мен, құдай берсе, қатарынан төрт түнде төрт әйелмен жатып, төрт бала таптыра аламын! Міне, ер мен әйелдің ешқашан тең болмайтыны сондықтан!” – деп сөзін бір түйіндеген Тобанияз батыр темір торлы терезеден жарқырап шығып келе жатқан күн сәулесіне қарап тұрып: “Сенің бәлшебегің мына күнді тоқтата ала ма? Тоқтата алмайды! Олай болса, мен бәлшебекке емес, күнге сенемін!” – деп мәңгілікке күңіреніп кете барған екен. Бұл әңгімені маған өткен ғасырдың сексенінші жылдары жазушы Маршал Әбдіхалықов ағамыз айтып еді. Ал жеңіп көр батырларды! Батырлар өледі, бірақ жеңілмейді!
Ерлердің мәрттігі
Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар ағасы Хамза батырды соғыста найза лақтырып өлтірген кісіні кешірген.
Әзірет Әлі, Ғали қаһарманды біздің бала күнімізде бұрынғылар Ғазіреті Ғалы, тіпті, кейде Қалы деп те айтатын. Неге? Бәлкім, айрықша құрметтеп, сыйлағандықтан болар? Қасиетті адамдардың атын тікелей атамай, өзгертіңкіреп, құбылтып айтудың да бір сыры бар шығар…
Әсіресе, ертегіші Алтын апамыз Қалы, Қалы деп атайтын аңыз айтқанда. Аталарының атын тікелей атамайтын қазақы салтты ұстағаны ма екен?
Бір күні Алланың арыстаны Ғали қаһарман пайғамбарымызға келіп: “Күшім тасыған кезде жердің тұтқасы қолыма тисе, шыр айналдырар едім!” – депті. Пайғамбар жұмсақ жымиып: “Сабыр!” – депті. Ғали аттанып кетіп, келе жатса, жолда алдынан бір ақсақал кездеседі. Иығындағы дорбасын жерге қойып, Ғалимен азды-көпті әңгімелеседі. Жүрерінде: “Балам, ана дорбаны әперіп жіберші! Белім еңкейтпей тұрғаны!” – дейді. Ғали қамшысының ұшымен іліп алайын десе, дорба алдырмайды. Саусағымен іліп алып тартса, қозғалмайды. Қаһарына мінген батыр шеңгелдеп алып тартқанда, Дүлділ аты тізесіне дейін жерге кіріп кетеді, бірақ дорба қозғалмайды. Сонда әлгі қария: “Әй, балам-ай, сені әуре қылдым-ау!” – деп, дорбаны өзі іліп алып жүре берді дейді. Айранасыр болған қаһарман пайғамбарымызға келіп, болған жайтты айтады. Сонда пайғамбарымыз: “Алла тағала жердің тұтқасын қолыңа беріп еді, неге шыр айналдырмадың?!” – депті. Қаһарман тәубе қылған екен.
Ғазіреті Ғалимен күресетін Дариға қызды әкеміздің Сары анамыз дегені де есімде. Ол кісілердің айтуынша, Әзірет Әлінің бойы да, көлденеңі де қырық кез екен. Дариғаның бойы да, көлденеңі де сексен кез екен. Екеуі күресіп, Аллаға сыйынған Ғали Дариғаны көтеріп алып, жерге алып соғарда қыз: “Затым әйел болса да, намысымды аяғыңа баспа, дос-дұшпанға таба қылып, табаныңа салып қорлама!” – деп, сол жерде иман келтірген ғой! Батыр қыздың тілегін орындап, жерге жықпай, аяғымен қоя салған екен. Содан екеуінің некесі қиылып, Мәди туған. Сол Мәди өскен соң әкесін іздеп келеді. Бір-бірін танымаған соң амал не, екеуі белдесіп қалады. Сонда күресіп жүргені өз әкесі екенін білген Мәди қатты ұялып, айдалаға қашқан ғой. “Әкеме күш көрсетіп, белінен ұстадым, енді бетіне қайтіп қараймын? Мені жасыра көр!” – деп, Аллаға сыйынады. Жер жарылып, Мәди жер астына түсіп кетеді. Ақырзаман болғанда, көктен Айса түсіп, жерден Мәди шығады дейтін сол Мәди.
Айкөл Манасты “Манас Великодушный” дейді орыстар. Көкетай ханның асына шақырмаған Боқмұрынға қаһарланған Манас хабаршы болып келген жайма кекіл жас Айдарды атынан жұлып алып, басын кесейін деп тұрғанда: “Асу едің, асыршы Манас, Теңіз едің, кешірші Манас, Жұмыртқадан ақ едім, Бір ұядан тақ едім!” – дейді. Сонда: “Жалғызды шапқан оңа ма?” – деп, Манас оны босатып жіберген. “Халқым десе қырғызды, Қара қытай, манжудан, Ажыратып алсын де!” деген қарт Қошойдың сөзіне тоқтап, жеке басының өкпесін былай тастап, қырғыз халқы үшін басын бәйгеге тігіп, асқа келіп, қырғызды басынып тұрған дұшпанды жөнге салады.
Саладин, Салахетдиннің атасының заманында христиандар мұсылмандардың бір қаласын басып алып, бейбіт тұрғындарға дейін түгел қырған екен. Арада ондаған жылдар өткен соң Салахетдин бастаған мұсылмандар ол қаланы қайтарып алған. Жауды жеңіп, қалаға кіргеннен кейін христиандар: “Баяғы кегін қайтарып, түгел қыратын шығар?!” деп ойлайды. Салахетдин бірде-бір христианға зәбір жасамай, түгел босатып, еркіне қоя беріпті. Мұсылмандардың мұндай мәрттігі мен адамгершілігіне Еуропа есінен танған көрінеді.
Атымтай жомарт пен Наушаруан ғаділ әлденеден араздасып, қатты өштеседі. Бір күні Сахарада екеуі кездесіп қалады. Атымтай жомарттың белінде қылышы бар, ал Наушаруан ғаділ қарусыз екен. Атымтай жомарт қас дұшпанын шауып өлтірмек болып, қылышын суырып алады. Сонда Наушаруан ғаділ:
– Иә, Атымтай жомарт! Сені адамзаттың жомарты деуші еді, сол рас болса, қылышыңды маған берші! – депті.
Атымтай жомарт қылышын бермесе, жомарттығына сын, берсе, дұшпаны өзін шауып тастайды. Сонда ол:
– Иә, Наушаруан ғаділ! Сені адамзаттың ғаділі деуші еді! Бұл қылышты әділдікпен ұстарсың! – деп, қайраулы қылышын берген екен. Сол жерде бір-бірінің қадірін түсінген екі абзал адам араздығын қойып, достасып кеткен екен.
Кенесары хан басын алмақ болғанда, жаны алқымына келген атығай Арыстанбай ақын дат, тақсыр деп, ең соңғы сөзін сұраған:
“Кенеке, жақын көрсең алашыңмын,
Жек көрсең де өзіңнің қарашыңмын,
Атаңа алты қатын алып берген,
Атығай, Қарауылдың баласымын!” – дегенде, Кенекең босатып қоя берген екен.
Ер Тарғын кезегін беріп тұрғанда, оның ерлігін сыйлаған қарт Қожақ батырдың өзін де, Тарлан атын да атпай, жүз алпыс кез доғал оғымен Тарғынның қорамсақтағы бүкіл жебелерін күл талқан қылып уатып жібереді. Сонда оның мәрттігін түсінген Тарғын Ақжүністі тастап жүре бермей ме? Сонда алпыс бес жастағы қарт Қожақ Ақжүністің ақылды сөзіне тоқтап: “Барыңыз! Менен озған дәурен екеуіңе құт болсын!” – деп екеуін қосып қоя береді ғой! Адамгершіліктің, ерлік, мәрттіктің асқақ бір көрінісі осы!
Соғыс тәсілдері
Батырлар батыр екенмін деп, қарулы қалың жауға қиқулап, бас-көз жоқ шапқылай бермеген. Аңысын аңдап, алды-артын барлап, ақыл, айламен айқасқан. Сонау араб даласында сайыпқыран Салахетдин арыстан жүректі король Ричард Плантагенет басқарған кресшілерді құмда сандалтып, сансыратып барып соққаннан кейін атақты батыр король бітімге келіп, крес жорықтары аяқталған.
Кенесары атамыз патшаның отаршыл әскерін тиіп қашып соғысып, титықтатып құртқан. Жүйрік мінген жігіттерге “әне жетеміз, міне жетеміз” деп, тынымсыз қуған аттылы, арбалы, зеңбіректі патша әскері ұшы-қиыры жоқ далада әбден қалжыраған. Батырлар оларды дем алдырмастан, енді ұйықтай бергенде қиқулай тиіп, шошытып, сілесін қатырған. Кенесарының соғыс тактикасына еуропалықтардың өзі таңғалып жазған.
Атпен құйғытып жүріп соғысқан аталарымыздың белгілі бір тактикалық жүйесі, қалыптасқан әдіс-тәсілдері, амал-айласы болған. Соның бірі, атпен ағызып келіп, жау батырын найзамен сайып өту. Батырдың күші мен найзаның үшкірлігіне аттың ұшқырлығы мен салмағын қоссаңыз, қаһарлы қару – болат найзаның соққысы сұрапыл болған. Қандай мықты дұшпан болса да атынан ұшып кеткен. Ал соққан батыр атының екпінімен ағызып өте шыққан, бөгеліп, бұрылып тұруға мұрша да жоқ, өйткені, басқа жаулары ту сыртынан бас салуы мүмкін. Сонда жерде жығылып қалып, қайта тұрғалы жатқан жаудың басын әлгі найза салған ердің соңынан аңысын аңдап келген екінші батыр өткір қылышпен кесіп өткен! Бұл жағдай, әсіресе, Манас жырында көп суреттеледі. Қырғын соғыста әуелі:
“Кабылан Манас баатырың,
Аккула менен зыргытып,
Мадыканга жетти эми,
Көкбуканын үстүнөн
Көмө сайып өттү эми.
Улаккандын эр Сыргак,
Мадыкандын Көкбука,
Башын кесип кетти эми…”
Қырғын соғыста жан шыдатпаған, жалмауыздай жалғыз көзді Мадықанды қырғыздар осылайша айла-тәсілмен жеңеді. Мадықан аттан түскенде, Қоңырбай бастаған қытай, қалмақ жауынгерлері оны құтқарып алмақ болып лап қояды. Сонда Манас, Алмамбет, Шуақ, Сырғақтар олармен шайқасып, жаяу қалған алыпқа жібермей, жолын бөгейді. Сол кезде:
“Ошол чакта зор Бакай,
Канболот кылыч колго алып,
Айкырып мурун жетти эми,
Жеткен жерден Мадынын
Башын кесип өттү эми”.
Бұл жауды алудың ұжымдық әрекеті! Тіпті, алып жаумен бірі бетпе-бет келіп, жанқиярлықпен аянбай шайқасып жатқанда екіншісі жаудың ту сыртынан келіп, соғып өтіп, мерт қылған сәттері де аз емес.
Байқасаңыз, батырлардың бәрі де “кесіп өткен”, “кесіп кеткен”. Себебі, қан майданда бөгеліп, бір орында тұру жоқ, тек атпен ағызып өте шығады, қиқулап, арлы-берлі құйғытып, ойран салады.
Көшпенділердің ат үстіндегі соғыс тәсілдері дегенде, тағы бір назар аударатын нәрсе – дұшпан жауынгері найзамен соғып өткенде, атынан құлап бара жатқан немесе тіпті атынан құлап түскен батырды жолдастары жанұшыра жетіп келіп, сүйемелдеп, көтеріп, атына қайта мінгізіп, қорғаштап, қан майданнан аман алып шығатын сәттері де көп. Мұндай жайттар Манас жырында айрықша көп суреттеледі.
Жекпе-жек соғыстарда да батырлардың әртүрлі әдіс-тәсілдері болған. Абылай ханның сүйегін зерттеген көрнекті антрополог Оразақ Смағұлов айтады. Абылай хан орта бойлы, шапшаң адам болған. Бір жазбаларда жасы ұлғайған шағында да ханның қимылы ширақ екені жазылыпты. Сүйегіне қарап, оң қолының білезігінде (кисть руки) екі кісінің күші болған дейді. Себебі, адам білезігінің сіңірі сүйекке берік жабыса бітеді екен. Ал Абылайдың қол жіліншігінде (жілігінде) тесік бар екен, сіңірі сол тесікке кіріп, орала біткен дейді ғалым. Міне, оның табиғи білезік күші содан.
Әуелде Абылайдай айбынды батыр ханды орта бойлыға қимасақ та, (көзімізге батырлар алып болып елестейді ғой) ғалымның аталы сөзіне тоқтадық. Тым алып адамдар – аномалия дейді ғалым. Және атқа да ауыр болады.
Абылайдың Шарышпен жекпе-жегі жайлы барлық аңыздарда, тарихи жырларда Шарыштың аса күшті, алып, жойқын батыр болғаны айтылады. Соғыстың от-жалынында шыныққан, ат үстіндегі ұрыстың әдіс-тәсілдерін әбден меңгерген жантүршігерлік қаһарлы қаһарманды жас Абылайдың көзді ашып жұмғанша жайратып салуының бір себебі оның аса шапшаңдығында жатыр-ау! Шарыш бар күшімен найзамен ұрғанда, Абылай бір жағына бұлт етіп жалтарып кетіп, алып күш иесі қайта бұрылып үлгергенше, көк желкеден сарт еткізіп шауып жіберген ғой!
Осы орайда жапон самурайлары еске түседі. Бір самурай екінші самурайды жекпе-жекте өлтіреді. Өлген самурайдың баласы кек алайын десе, ана дұшпаны тым күшті, әдісқой. Жекпе-жекте жеңе алмасын білген соң ойға батады. Бетпе-бет келмей, қапыда ту сыртынан соғар болса, ар-намысына сын – мәңгілік масқараға қалады. Әкесінің аруағына кір келтіреді. Содан ойлап-ойлап, семсерлесудің жаңа әдісі – иаи – дзюцуды ойлап табады. Оның мәні: семсерді суырған бетте бір немесе екі-ақ сілтеп, қарсыласын шауып үлгеру.
Сөйтіп, әлгі құныкерімен жекпе-жекке шығады. Шайқас басталған сәтте, семсерін қынабынан суырған бетте жас жігіт әккі самурайды әкесінің өткір семсерімен бір-ақ тартып жіберіп, қақ бөліп тастайды. Абылайдың шапшаңдығы осы иаи –дзюцу әдісін есіме түсірді.
Әрине, ең бастысы, Абылайдың аруағының күштілігі! Антрополог ағамызға әзілдеп: “Сіздің ғылыми тұжырымдарыңызға дау жоқ! Бірақ сүйекте аруақ жоқ қой!” – дедім. Шынында да, аруақ көтерілген соң аруағы асқан соң Абылайдың күшіне күш қосылып, таудай Шарышты жеңіп кеткен!
Арқалық батыр қалмақ батырымен жекпе-жек соғысқанда:
“Найзаны о да салды, мен де салдым,
Менен бұрын бұғанамнан көсіп алды,
Екеумізге бір өлім болды ғой деп,
Қанжарыммен милықтан беріп қалдым!” –
дейді. Талдап көрсек, жекпе-жекте екеуі найзаласқан, сонда қалмақтың найзасы бұрын тиген, сол сәтте Арқалық батыр басқаша әдіске көшкен. Найзасы жауға тимей, мүлт кеткен соң ол жауына өте жақындап келген! Жақындаған бетте қанжармен бастан бір-ақ періп, өлтіріп жіберген. Шауып немесе тартып жібермеген, періп жіберген, демек, жанталасқан қанды шайқас кезінде қанжарды көтеріп, құлаштай шабуға мұрша жоқта, дұшпанға тіпті тақалып келген сәтте, қанжармен милықтан ұрып жіберген. Каратэде милықтан жұдырықпен ұрып, өлтіріп жіберетін соққы бар, ал қанжар тигенде не болады?! Сонда Арқалық қоян қолтық айқасқа кіргенде, найзасын тастай салып, қанжарын суырып алды ма, жоқ әлде, қанжары оған дейін қолында болды ма, ол арасы жұмбақ?!
Келесі қалмақ батырымен соғысқаны жырда былай суреттеледі:
“Қанжарын қолындағы жұлып алдым,
Шапқалы қол көтеріп ұмтылғанда!
Көкжал ат қандай шапшаң сырт айналды,
Сындырдық салысумен көк найзаны,
Өзінің қанжарымен шаптым басқа,
Қан шапшып, тітіректеп құсып қалды!”
Үңіле қарасақ, Арқалық батырдың бір тәсілін байқаймыз. Ол атты дұшпанға мейлінше жақын келіп, қылыш, қанжармен бастан бір-ақ беретін болған.
Реалистік жырдан ат үстіндегі жекпе-жек шайқастың біраз әдіс-тәсілдері айқын аңғарылады. Ақыры, Арқалық өзінің осы әдісінен өзі опық жей жаздайды. Қалмақ тұтқынынан досы Жұбай екеуі жалғыз атқа мінгесіп қашып келе жатып, айдалада жалғыз атты қалмақты көреді. Әлгінің атын аударып ала қояйын деп, Жұбайды тасада қалдырып, қалмаққа жетіп келеді де, қанжармен бір-ақ ұрмақ болады! Сөйтсе, қалмақ:
“Атының басын іркіп тұра қалды,
Адам деп мені ойына құрамады,
Шап беріп жауырыннан, жұлып алып,
Көлденең ер қасына бүге салды!
Жетелеп көгала атты жүріп кетті,
Алдына мені өңгеріп селкілдетті,
Ердің ері тақымға басад деуші ед,
Басыма келді ғой деп күлдім кекті!”
Сонда қалмақ тоқтап, Арқалықпен сөйлеседі. Қоңқа деген қалмақтың батыры екен, Арқалықтың ерлігін естіп, сырттай сыйлап жүреді екен. Ақыры, қан төгісе жаздаған екі батыр қанды көйлек дос болып, Қоңқа батыр Арқалыққа астындағы атын түсіп береді. Батырлардың мәрттігі бір төбе, ал ат үстіндегі соғыс тәсілі бір бөлек әңгіме. Демек, батырлар тек атпен құйғытып келіп, найза салысып, сойыл қағысып, қылышпен шабысып, ағызып өте шыға бермеген. Ат үстінде бетпе-бет келіп, тақасып, тіресіп тұрып шайқасқан. Сонда айласы асқаны қылыш, қанжармен бұрын ұрып жіберген, күші асқаны атынан жұлып алып, өңгеріп жүре берген немесе өлтіріп, лақтырып тастаған. Қазақтың аударыспақ, сайыс, көкпар тартуы – ат үстіндегі қолма-қол шайқасқа дайындық , жаттығу іспетті.
Студент кезімізде Фридрих Энгельстің диалектикалық материализмдегі санның сапаға айналуы туралы қағиданы түсіндірген бір мысалы есімде қалыпты. Егер де бір мамлюк Наполеонның бір жауынгерімен бетпе-бет шайқасса, жеңіп кетеді екен. Ал екі француз жауынгері қосылса, үш мамлюкке төтеп берген. Үш француз солдаты бес мамлюкті жеңеді. Міне, санның сапаға айналуының бір мысалы, дейді зерттеуші. Демек, түбі қыпшақ мамлюктер ата-бабаларының батырлық жолын жалғастырып, жаумен ашық айқаста бетпе-бет келіп, жекпе-жек соғысқанды жақсы көрген және алдына жан салмайтын болған. Ал ұйымдасып соғысқанда, от қарулы француз әскеріне төтеп бере алмаған.
Осы орайда ойыма студент кезімде оқыған бір орыс ғалымының жазғаны түседі. “Бетпе-бет келіп, жекпе-жек шайқасса, орташа қазақ жауынгері орташа орыс жауынгерін жеңіп кете береді, – дейді әлгі орыс ғалымы. – Бірақ әскермен әскер соғысқанда, дала әскерін орыс әскері оп-оңай қиратып тастайды.” Бұл түсінікті, от қаруға қарсы қылыш, найзалы атты әскердің амалы жоқ қой. Дегенмен, мылтық пен зеңбірекке дейінгі арғы дәуірде көшпенділердің атты әскерімен ашық далада соғысуға орыстың да, бүкіл Еуропаның да әскері тәуекел ете алмай, қамалға тығылып, қорғанумен болғанын да еске ала кеткен жөн.
Қылыш
Батырлардың бес қаруы сай болған. Бес қаруға, негізінде, қылыш, найза, садақ, айбалта, шоқпар жататын сияқты. Бұған қанжар, семсер, ақберен мылтық (кейінгі дәуірде) кіре береді.
Қылышты аса ардақтап, қасиетті қаруға санаған көшпенділер Алдаспан, Наркескен, Зұлпықар, Ақболат, Ақ алмас, Шарболат деп ат қойған. Семсер, ақинек (акинак), қанжар, сапы, кездік, тағы басқа да қару түрлері өз орнында, әртүрлі мақсатта қолданылған. “Салса кеткен білінбей” деп, өткірлігін айтқан.
Катана – Самурайлардың семсері. Семсер жүзі 400 қабат құрыш. Соның әр қабатын жеке-жеке суарады екен.
“Манаста” бар:
“Темірге сайса өтсин деп,
Тоқтолбой кирип кетсин деп,
Бөри тил қылып болотту ,
Бөтөн, бөтөн суулаткан”, – дейді.
Қылышты суреттегенде:
“Көрігіне шыдамай
Көк бұқалар сойылған,
Көміріне шыдамай,
Көңкү токой жойылған,
Түн ішінде суырса
Өрт өңдөнүп қызарған,
Ұрысты күні ұзарған,
Тауға салса тас кескен,
Жауға салса бас кескен!” – дейді.
Алпамыс батыр қалмақтармен соғысқанда:
“Ақ қанжарын суырып,
Заманасын қуырып,
Ат-матымен қалмақты,
Екі бөліп тастады!” – дейді.
Қылышпен бір тартқанда сауыт-сайман киген батырды атымен қоса қақ бөліп шауып тастау үшін қандай күш, қандай әдіс керек екенін бір ойлап көріңіз! Темір сауытты, тұтас адам мен атты есіп жібергенде кесіп түскен болаттың жүзі қандай сұмдық өткір болған!
Шоқан жазып алған жырда, Манас Жолайды қылышпен бір тартқанда, қақ бөліп, қылышы жерге кіріп кеткен екен.
Ақ алмасты қолға алды (Қобыланды батыр). Осы ақ алмас, шарболат бәрі де қылыштың сипаттамасы.
Жапондар семсерді киелі, қасиетті санаған. Самурайдың жаны іспетті. Семсерін мақтаса, самурай өте риза болып, қуанған. Семсерін даттаған, яки сыйламаған кісіні сөзге келместен, шауып тастаған.
Орта ғасырларда жапонның екі мықты шеберінің семсерін салыстыру үшін өзенге шаншып қояды. Ағып келе жатқан жапырақ бірінің жүзінен айналып кеткен. Өткірлігінен. Бұл – агрессияны қайтару! Екіншісінің жүзіне сумен ағып келген жапырақ тура келіп, қақ бөлініп түскен. Өткірлігінен. Бұл – агрессорды қақ бөліп тастау!
Қылыштасу – үлкен өнер болған. Қылышкер адамдар басқа қаруды көп ұстамаған. Жай оғындай жалтылдатып, ысқырта қылыш сілтегенде-ақ, жаудың үрей-құтын ұшырып жіберетін болған. Бішкекте, бір айтысқа барғанымда, қырғыздың айтыс ақыны Абылда Нұрғалиев айтып еді: Наурызбай жекпе-жекте қырғыздың ең мықты деген он төрт батырын өлтірген екен. Жан шыдатпаған көрінеді. Екі қолына екі қылыш ұстап, машина сияқты турапты дейді. Амалдары құрыған қырғыз жауынгерлері оның астындағы жансерік аты – Ақауызды атып өлтірген. Сонда да бой бермей, басқа атқа мініп шапқан. Кенесары қолға түскенде, ашумен өзі барып қолға түскен, әйтпесе, оны ешкім де соғыста жеңіп, байлап алмаған.
Көшпенділер қару-жарақтың әшекейіне емес, сапасына қатты мән берген. Алтын балдақты, жылтырақ қылыштан гөрі суы қатты, жасуды білмейтін, тасты да кесіп түсетін асыл құрыш – қара қылышты артық санаған.
Рим империясының билеушілері әбден асып-тасып, қаруларын алтындатқан екен. Алтын қару жылтырақ, әдемілігімен көзді алдағанымен, нағыз құрыш қару сияқты бола алмайтыны белгілі. Мәңгілік Римнің құлауының бір себебі осында деседі зерттеушілер.
Найза
Аттылы жауынгердің қолындағы болат найза – от қаруға дейінгі заманда ең күшті қарудың бірі болған.
Наурызбай төренің оң қолында төрт кісінің күші болған деп жазады Ілияс Есенберлин. Найзагер. Атпен ағызып келіп, дұшпанын оң қолына ұстаған найзамен ұрғанда, аттың үстінен іліп әкетіп, тік көтеріп алады екен.
Найзасының ұшына жау мінгізген,
Еменалы Керейде ер Жабайды айт! –
деген Тәтіқараның өлең жолдарындағы суретті көзге елестетіп көріңіз! Жауды найзамен шаншып, іліп алып, көтеріп тұр емес пе Жабай батыр! Оған қанша күш керек екенін жобалай беріңіз! Тіпті болмаса, бір айыр шөпті көтеріп байқаңыз!
Ақыл қалмас қашқанда,
Дегбір қалмас сасқанда,
Баяндай ерді көргем жоқ,
Бұрылып жауды шанышқанда! (Тәтіқара). Бұл қаша соғысу тәсілі.
Найзасын найзағайдай ойнататын,
Жас барыс бәсентиін сары Малай.
(Мағжан Жұмабаев. “Батыр Баян”) Малайсары батырдың найзамен соғысқан қалпын көзге елестетіп көріңіз!
Махамбет батыр атпен құйғыта шауып келе жатып, түйенің төрт жаққа тастаған төрт құмалағын найзамен түйреп алады екен. Асқан ептілік, шапшаңдық, дәлдік керек бұған. Махамбет етпетінен жерде жатып, үстінен басқан төрт адамды “һауп!” деп бір сілкініп, лақтырып тастап, тұрып жүре береді екен. Бұл әңгімені ақын Мақсұт Неталиевтен жас кезімде естіп едім.
“Ер Тәуке” жырында Керейдің батыры Жекебайды:
“Астында көк бесті аты ойнақтайды,
Еш нәрсе мал ашуы ойлатпайды,
Қолында алты қырлы найзасы бар,
Кез келсе түйреп тастап, бойлатпайды! –
деп суреттейді. Назар аударыңыз, қандай жанталас, шайқас үстінде де Жекебай батыр жылқысын қуып әкетіп бара жатқан тобықтыларды бойлатпай шаншып, атынан аудара берген! Бұл қазақтардың өзара соғысына тән нәрсе. Руаралық қақтығыстарда ілуде бірде ашумен яки қатадан болмаса, кісі өлтірмеген. Оны мақсат етпеген. Мақсаттары аттан түсіру болған. Оның ең қалыптасқан тәсілі найзамен іліп тастау, сойылмен яки шоқпармен тізеден, тобықтан, қолдың қарынан, шынтақтан ұрып құлату. Бастан, шекеден немесе қарағұстан қақ қайың сойылмен құлаштап ұратын болса, кісінің тірі қалуы неғайбыл.
Садақ, жақ
Садақ – күрделі, күшті қару. Оны арнайы тілінген ағаштан қос қабаттап, иіп, кептіріп жасайтын болған. Серпінді болуы үшін орта тұсынан кері қарай иіп апарып, екі жағынан бірдей қайтадан қайтара иген. Сонда созып, керіп тартқанда серпіліс күші анағұрлым артқан. Садақты туыстас түрік тілдерінде сағайдақ деп те айтады. Ал жақ деп, ағаштан ие салған қарапайым түрін айтса керек. Қайқылау, аса жуан емес ағаш бұтағын одан әрі майыстырып, тарта байласа болды, тез атуға ыңғайлы жақ дайын. Жақ деген атаудың өзі жаққа ұқсап иілген имек түріне қарап айтылған сияқты.
Садақтың түр-түрі болған. Алысқа, күшпен ататын садақ ұзын, қатты болған, мықты батырлар құлаштап созып тартқан. Ұзын оқты Ондан сұлтан дегенде, садақ тартқандағы құлашы да, соған орай оғы да ұзын болғанын айтса керек. Құлашы ұзын болса, бойы да ұзын деген сөз! Бірақ сөзбен батыр сұлтанның тұтас портретін бейнелеп берген.
Тез ататын кішірек садақтар болған. Ат үстінде, жақын жерден атуға өте ыңғайлы жасалған. Қысқа, икемді садақты тез тартуға аса көп күш жұмсалмайды, оның жебесі де тым алысқа ұшпайды, бірақ таяу жерден атса, болат жебе сауытты тесіп өтіп, жауды өлтіруге немесе жаралауға жарап жатыр. Жеңіл қаруланған ұшқыр әскер жаудың мұздай қаруланған ауыр қолына тақап келіп, бірақ тіке араласпай, көлденеңдей шауып бара жатып, тез-тез тартып-тартып жіберіп, ағып өте шығатын болған. Осылайша, оқ жаудырып, жаудың берекесін қашырып, қатарын бұзып, біразын өлтіріп, жаралап барып, қолма-қол соғысқа кіретін.
Қазір зерттеушілер жазады: Үлкен садақтың адырнасын созып тарту үшін жиырма килограмм күш жұмсау керек екен. Сонда жебе жеті жүз метрге дейін ұшады екен. Бұл мықты спортшылардың өлшемі, көрсеткіші. Ал аса күшті батырлардың садағы бұдан да қатты болып, жебесі одан да алысқа кетуі әбден мүмкін. Алпамыстың тартқан садағын кім салмақтап, ұшқан оғын кім өлшеп көрді дейсің?!
Жебенің ұштары да әртүрлі. Сауытбұзар, көбебұзар, қозы жауырын жебелер. Шыңғыс хан әскерлерінде жебенің ұшы ауаның күшімен өз осінен айналатын да түрлері болыпты. Сонда адырнадан атылған жебе қазіргі заманғы мылтықтың ұңғысынан (нарезной ствол) шыққан оқ сияқты өз осінде зырылдай айналып ұшып, нысанаға дәл тиеді.
“Қорқыт ата кітабындағы” (“Дәдәм Қорқыт”) Бамсы Бәйрек туралы әпсананың Алпамыс батыр жырының түп-тамыры екенін Әлкей Марғұлан атамыз айтып кеткен. Шынында да, жыр оқиғасының өзегі де, Бамсы – Алп Бамсы – Алпамса – Алпамыс – бәрі ұқсап тұр. Жау тұтқынында болып, ұзақ жылғы азапты жолдан соң еліне әрең оралған Бамсы Бәйрек – Алпамыс зайыбына таласып жатқан батырлардың үстінен түседі. Әйелі ақылды адам екен, әбден амалы таусылғанда: “Кімде-кім ерімнің садағын тартып, атқан оғын нысанаға дөп тигізсе, соған тиемін!” – деп айла қылыпты. Ешкім де батырдың садағын тарта алмайды. Сонда Бамсы Бәйрек – Алпамыс садағын алып, өзі атты дейді. Батырдың аман келгенін елі сонда бір-ақ білді дейді.
Гомердің әйгілі кейіпкері Одиссей көп жыл амалсыз жиһан кезіп, арып-ашып Итакаға оралғанда, біраз батырлар оның әйелі Пенелопаны алмақшы болып таласып жатыр екен. Амалы құрыған Пенелопа: “Кімде-кім Одиссейдің садағын тартып, нысанаға жебесін дәл тигізсе, соған тиемін!” – дейді. Бұл оның соңғы айласы еді. Одиссей батырдың адырнасы қатты садағын ешкім тарта алмайды. Қаңғыбас болып, елеусіз келген Одиссей баласы Телемахқа ғана өзінің кім екенін білдіреді. Садақты алып, нысанаға оғын дөп тигізіп, жауларын жеңіп шығады.
Шекті Көтібар батыр садағын табанымен шіреп тартады екен. Қолмен тартқаннан да көп күш жұмсалып, садақ неғұрлым көбірек иіледі, қаттырақ серпіледі. Сонда көбебұзар оғы анағұрлым алысқа ұшады, тигенін тесіп өтеді.
Майданда от шашқандай оқ шашатын,
Сырттаны бәсентиін ер Сырымбет! –
деп жазады Мағжан Жұмабаев “Батыр Баянда”. Сонда оқты от шашқандай шашуды қалай түсінеміз? Үсті-үстіне төпеп, жылдам атса да, оқ шашқанға келмейді. Ойлап қарасақ, бұл жолдар батырлар жырындағы:
“Қорамсаққа қол салды,
Бір салғанда мол салды!” – дегенмен үйлесіп жатыр. Ал жарайды, қол салғаны түсінікті, мол салғаны қалай? Көркем бейнелеу, ұйқастыру ғана ма?
Бәлкім, мол салғаны – жебені уыстап алғаны шығар?
Уыстап алып, уыстап атуы да мүмкін-ау! Әбден ысылған, қан майдандарда шыныққан батыр, садақшының әдіс-айласы да сан алуан болса керек. Корейлердің Жумонг туралы киносына кездейсоқ көзім түсіп кеткенде Жумонг қорамсағынан үш жебені бірден суырып, бірақ атқанын көріп қалдым. Үш жебені адырнаның ортасына, яғни бір нүктеге тіреп тартқанда, жебенің ұштары бір-бірінен әжептәуір алшақтау, үш жаққа қарай бағытталды. Тартып жібергенде, үш нысана – үш тұлыпқа қадалды. Міне саған, мол салған! Корейдің батыры білген тәсілді өмір бойы ат үстінде садақ тартумен өткен көшпенділердің батыры білмеді дейсің бе?! Қырғын соғыс, жанталаста, жау қаптап кеткенде жебені жаңбырдай жаудыру үшін “қорамсаққа қол салған, бір салғанда мол салған”, “от шашқандай оқ шашқан!”.
Қорамсақ пен қатар қылшан да айтылады. Орыстар бізден алып колчан деп кеткен. “Қылшанымды сары жүн оққа толтырып” деген де жыр жолдары есте.
Адырнасын ала өгіздей
мөңіреткен,
Атқан оғы Еділ, Жайық тең
өткен!
(Махамбет) – дегенде, поэтикалық әсірелеуден әсерлене отырып, Исатайдың ұшқан оғының соңынан бір ой жүгіртіп көріңіз!
Садағының кірісін,
Сары алтынға малдырған.
(Махамбет.)
Кірістен оғы кетеді,
Қалмаққа таман жетеді.
(Ер Тарғын.)
Тазқараның тайлық жүн,
Күшігеннің қойлық жүн,
Садағына қондырған!
(Қазақтың ескі жырларынан.)
Мойнынан шаңырақтай жағын алып,
Шіреніп дәл жүректен тартты зұлым! («Арқалық батыр» жыры.)
Садақтың үлкендігін, үлкен садақтан ұшқан жебенің күшін көзге елестетіп көріңіз!
Бір жапон садақшысы – садақ ату өнерінің (кю дзюцу) шебері түнде тау ішінде келе жатса, алдындағы жартастан өзіне атылғалы тұрған жолбарысты көріп қалады. Жалма жан айбарланып, садағын шірей тартып жібереді. Дыбыс жоқ. Таңертең барып қараса, жолбарыстың ізі де жоқ, ал өзінің түнде атқан жебесі жартасқа жартылай кіріп кеткен екен! Дух рассекает камень – рух тас жарады деп жазады даналар.
Даланың айтулы мергендері аңызға айналған. Мергендікті қазақтар жоғары бағалаған. Мергендерді ату әдісіне қарай көз мерген, қол мерген деп атаған.
Құралайды көзге атқан деп ардақтаған.
Асқан мерген Вильгельм Телль амалсыздан баласының төбесіне қойған алманы садақпен атып түсірген! Робин Гуд нысананың дәл ортасына қадалған бәсекелесінің жебесін өзінің өткір жебесімен қақ жарған! Қазақ аңызында бір мерген су ішіп тұрған құланды, жебесінің ұшына жаңғақ қадап, қақ шекеден көздеп атқан. Басына жаңғақ – жебе тигенде, ауырсынған құлан алдыңғы аяғымен шекесін сипаламай ма? Сол кезде мерген екінші жебені тартып жіберіп, құланның аяғын басына бірақ қадапты! “Құланның қасуына – мергеннің басуы” деген мәтел содан қалған сияқты!
Қобыланды ай астындағы алтын жамбыны атып түсірген. Ер Төстік жебесін тоғыз кетпеннен өткізген.
Ер Тәуке қолмерген болған. Әнші, жазушы Жәнібек Кәрменов айтып еді. Киіз үйде, төрде отырған Тәуке шидің артында тықырлатып жүрген тышқанды көрмей-ақ, дыбысына қарап, винчестерін сілтеп қалғанда, қағып түсіреді екен.
Амангелді көздегенін қалт жібермейтін көз мерген болған, Кейкі кезегенін қағып түсетін қолмерген болған дейді.
Сауыт-сайман
Садақ пен қылыш, найзаның заманында батырлар үшін сауыт-сайман қамал-қорған сияқты болған. Басындағы дулығаның өзі сан түрлі, ұшқыр жебеге, құрыш найзаға, шойын шоқпарға төтеп бере алатындай аса берік әрі батырға айбар беріп, ажарын кіргізетіндей көркем болған.
Толған айдай нұрланып,
Дулыға кидім өкінбен! – деп, Доспамбет жырау тегін айтпаса керек.
Қобыланды батыр жырында:
Үстіне керек жалаңқат,
Беліне керек шарболат! – деп жырлайды. Мұндағы жалаңқат – сауыттың жеңіл, берік бір түрі ме? Болса, қандай? Сауыттың ақ сауыт, көк сауыт, шарайна, тоғыз қабат торғауыт, кіреуке деген түрлері болған.
Жеңсіз берен киінген, – дейді ескі жырларда. Жеңі жоқ сауыт жеңіл әрі қару-жарақ сермеуге ыңғайлы болады.
Аймауыт – аса бағалы, сирек, жарқыраған тұтас болат сауыт.
Ер Тарғын Домбауылмен жекпе-жекке шыққанда, кезегін сұрап алған қалмақ батыры садағын сықырлата тартып атты, – дейді.
Тоғыз қабат торғауыт,
Сегізінен өтеді,
Тоғызыншыға жетеді,
Бұдан да өтіп кетер еді,
Жібермеді бұл оқты,
Сиынып жүрген Тарғынның,
Бітуәже бабасы!
Кезегін алған соң, енді Тарғын атады:
Тоғыз қабат торғауыт,
Сегізінен өтеді,
Тоғызыншыға жетеді,
Оған тоқтар қайрат па,
Бұдан да өтіп кетеді,
Бір төбеге жетеді,
Төбені төңкере тастап кетеді! – деп жырлаған аталарымыз. Садағын қалай, қандай күшпен толғай бір тартты екен Ер Тарғын?!
Бадана көзді бек сауыт,
Беркітіп соққан ер Дәуіт.
(Батырлар жыры. Қобыланды батыр.)
Металдан жасалған сауыт, сайман берік, мықты, бірақ ауыр болған. Батырлардың сауыт-сайманын жай адамдардың киіп жүруі де, көтеріп жүруі де оңай болмаған. Тікелей шайқасқа кіргенше, сауытты шешіп, аттың артына бөктеріп немесе қосалқы атқа артып жүретін болса керек. Кенесары ханның ұлы Сыздық батыр төрені Жамбыл атамыз: “Артына сауыт бөктерген!” – деп жырлайтыны еске түседі.
Алпамыспен соғыспақ болып, қуғанда, қалмақтың алып күшті батыры Қараман Шұбар атқа жете алмай қор болған соң үстіндегі сауыт-сайманын түгел шешіп тастап, “жеңілденіп алды да, енді шап деп қинады!” Содан сауыт-саймансыз келген қалмақтың сақа батырын жасөспірім Алпамыс дырдай қылып сойып өлтіреді.
Бір қызық жайт – осынша темірді үнемі көтеріп жүрген батырлардың бұлшық еттері ұдайы жаттығу үстінде болғаны анық. Сонша салмақты көтеріп, аттан түспей жүрген ерлердің әбден шынығып, шымыр, аса күшті болуы да заңды емес пе?!
Қош бадана торғой көз,
Табылғы жақса шоқ өтпес,
Жазайыл атса оқ өтпөс!
(Манас.)
Жазайыл – жеңіл зеңбірек.
Сарала туы салбырап,
Сауытының шашағы,
Тұс-тұсынан саудырап!
(Ер Тарғын.)
Гомердің “Илиадасында” Ахиллестің сауытына ешбір қару өтпейді, өйткені, оны ұста құдай Гефест соғып берген. Торяның батыры Гектор Ахиллмен жекпе-жек соғысқанда, оның сауытын бұза алмай қор болады ғой.
Алпамыстың да сауыт-сайманы осал болмаған. Тіпті, Алпамысқа сауытсыз да:
Атса мылтық өтпейді,
Шапса қылыш кеспейді,
Суға салса батпайды,
Отқа салса күймейді!
Ахиллесті де сәби күнінде анасы, құдай әйел қасиетті өзеннің суына батырып алады. Оған ешбір қару өтпейтін болады. Тек анасы суға батырғанда ұстап тұрған өкшесінен ғана өтеді екен. Ақыры, Троя патшасы Приамның баласы Парис оны сол өкшесінен атып өлтіреді.
Ал осы Алпамыс пен Ахиллестің мұндай қасиеттерін эпостық әсірелеу, қиял-ғажайып көркем образ деп қабылдаймыз ғой негізі. Бірақ бір сәтке басқаша қарап көрсек ше? Көне қытайдың цигун гимнастикасын меңгерген кісілер өткір құрыш найзаның ұшын тамағына тіреп тұрып, итеріп, найзаның сабын майыстырғанын экраннан талай көрдік. Сонда оның тамағына найза өтпейді. Сынған шынының үстіне жатады – жараланбайды, қылышпен кескілесе, терісіне сызат та түспейді. Тіпті, сауыт кигендей болатын бір тәсілі бар екен. Ол бойынша, адам өзінің ішкі энергиясы – циді дамыта келе, денесін сыртынан қоршап, сауыт сияқты киіндіріп қояды екен. Сонда циден сауыт киген кісінің төбесіне биіктен кірпіш құлап кетсе, әлгінің басына түк те болмайды. Ал кірпіш темірге соғылғандай, күлпара болып, шашылып қалады екен. Демек, қарапайым қытай жігіттері ыждаһатты жаттығудың нәтижесінде осындай дәрежеге жеткенде, атадан асып туған Алпамыс пен Ахиллестің туа бітті қасиеті барлығына, олардың да құпия өнерге ие болғандығына неге сенбеске?! “Арыстандай ақырып, аруағын шақырғанда” батырлар ішкі қуатын оятып, күшейе түскен ғой!
Фирдоусидың “Шахнама” – Рүстем — Дастанында Рүстем мен шаһ Кәштасыптың баласы Аспандияр батыр соғысады. Сонда Аспандиярдың сауытынан да оқ өтпейді екен. Өзіне де оқ, қару өтпейді. Ақыры, Рүстем, самұрықтың ақылымен, қасиетті ағаштан оқ жасап, астамсыған Аспандиярды көзінен атып өлтіреді.
Сонда оқ өтпейтін, қылыш кеспейтін, найза теспейтін сауыт-саймандар шынымен болды ма екен, әлде бұл шығармашылық қиял, сондай батырды аңсаған халықтық арман ғана ма? Бәлкім, негізінде бір шындық жатқан шығар?! Қалай болғанда да, керемет!
Қолма-қол ұрыста қалқанның орны бөлек болған. Қалқан – ағаш, тері, болаттан, ерте замандарда қоладан, мыстан жасалған. Епті, шебер батырдың қолындағы қалқан – жауған жебе мен соққылардан қорғайтын тұтас бір қамал сияқты.
Қалқан ұстап, қысқа семсермен қаруланған көне эллин жауынгері мен ұзын, өткір құрыш семсермен қаруланған жапон самурайын электрондық вариантта соғыстырып көргенде, қалқаны бар жауынгер жеңіп кетті.
Сауыт-сайманға, қалқанға үнемі темір табыла бермеуі де мүмкін. Сонда ағаштан және өгіздің қалың, мықты терісінен жасаған. Әрине, ондай сауыт, қалқандар қылыш, найзаның тікелей соққысына төтеп бере алмаса да, алыстан атылған жебеден, тайып тиген қылыш, найзадан кәдімгідей қорғайтын болған.
Несін айтасың, менің:
Қай жаққа кетіп барасың,
Кіреуке киген сырттаның,
Күртке киген сынығы! – деген өлеңім де бар.
Сақпан, айбалта, гүрзі, (күрзі).
Дәуіт пайғамбар сақпанын үйіре сілтеп келіп, шиыра тартып жібергенде, атылып ұшқан тасы таудай алып Голиафқа дәл тиіп, жан баласынан жеңіліп көрмеген балуан тіл тартпай кеткен ғой!
Сақ етер тиді саныма,
Сақсырым толды қаныма! – дейді Доспамбет жырау ажалмен арпалысып жатып. Сақ етері не, сақсыры қайсы? Сақ етер – садақ оғы ма, әлде, қамшының ұшына темір шоқпар байлаған дойыр ма? Немесе темір шынжырдың ұшына темір шоқпар байлаған, сілтейтін сабы бар гүрзі ме? Не болса да, өте жылдам тиетін, сақ ете түсетін және тиген жерін ойып не сойып түсетін аса күшті қару.
Тіпті, кез келген кесек темірге арқан таға салып, үйіре сілтейтін қаруға айналдыруға болады екен. Қолында еш қаруы болмай қалғанда, үзеңгіні таралғысымен ағытып алып, қасқыр соққан, жау түсірген ерлер болған. Жаңылмасам, Ғабиден Мұстафиннің “Дауылдан кейін” романында Аман көкжал қасқырмен құрқол бетпе-бет келгенде үзеңгісін таралғысымен ағытып алып, тұмсығынан ұрып, соғып алады.
Тобыршықты әндіген,
Толғай да тартар ма екенбіз?! – деп армандайды Ақтамберді жырау. Толғай тартқанына қарағанда садақ па, сақпан ба, болмаса, дойыр, гүрзі ме? Тобыршағы биік жай салып,
Дұшпан аттым, өкінбен! – дейді Доспамбет жырау.
Аттым дейді. Бұл да бір жұмбақ, бірақ айызын қандырып толғай тартып жіберетін қаһарлы қару болса керек.
Айбалта аса күшті, ауыр қару болып саналған. Қалқаны мықты, сауыты қалың жауды аямай, құлаштап соғуға арналған.
Тебінгінің астынан
Ала балта суырысып,
Тепсінісіп келгенде,
Тең атаның ұлы едің,
Дәрежеңді артық етсе, тәңірі етті! (Шалкиіз жырау.)
Қамшы
Ұзын қамшы – бичті құлаштай сілтеп, сілтеп жібергенде, шатыр-шұтыр еткенін кинодан талай көрдік. Оны қамшының ұшы өріміне соғылғаннан шығатын дыбыс деп ойлайтынбыз. Бала күнімізде қызық көріп, кішкентай қамшымызды арлы-берлі сермеп, шартылдатып ойнайтынбыз. Сөйтсек, ана бичтің шартылы басқа екен ғой. Бір жерден оқыдым: бичті арлы- берлі сілтеп жібергенде, ұзын өрімінің ұшы зуылдап ұшқандағы жылдамдығы дыбыс жылдамдығынан асып кетеді екен! Міне, саған қамшының құдіреті! Ал дыбыстан ұшқыр ұшақтар дыбыс белдеуінен өткен кезде (преодоление звукового барьера) алапат дыбыс шығады дейді ғалымдар. Егер де сондай ұшақ дыбыс белдеуінен қаланың үстінде өтер болса, барлық үйлердің әйнектері шашылып қалады екен. Яғни, бичқамшының шартылы қайыстың қайысқа тигендігінен емес, қамшының ұшы дыбыс белдеуінен өткендігінен! Ал оның нысанаға тигендегі күшін ойша жобалай беріңіз! Байырғы көшпенді қамшыгерлердің жалғыз қамшымен жауға шауып, жайратып тастауының басты себебі – осы қамшының найзағайдай жылдамдығында. Ол жылдамдыққа қамшының ұшына байланған салмақты қорғасынның соққысында! Бірде-бір суық қаруды ондай жылдамдықпен сілтеу мүмкін емес!
“Қолымда бір қамшым бар айбалтадай, Жауға шап батыр болсаң Наймантайдай” дегенде, осындай бір құпиясын меңзеп тұр емес пе? Ақселеу Сейдімбеков ағамыздың атасы, Байғозының әкесі Наймантай батырдың жасанған жауға, найза, қылыш, айбалтамен мұздай қаруланған көк темірлі көп әскерге қамшымен қарсы шығуында үлкен сыр, көшпенді бабаларымыздың әскери әдіс-айласы жатыр.
Наймантайдың айбалтадай қамшысы – қысқа, жеңіл қамшы емес, кәдімгі дойыр болуы керек. Дойыр – жуан, ұзын сапты, өрімі қайыс қана емес, тіпті, шынжыр болуы да мүмкін. Оның басында темір шоқпары болады. Сондай қарумен бойы да, қолы да ұзын, күшті кісі құлаштап, үйіріп, ысқырта тартқанда, не жан қалады? Анау темір шоқпардың салмағы ғана емес, жылдамдығы аса қауіпті ғой!
Иә, шынында да, ауыл арасындағы барымта емес, қазақ, қалмақтың қан майданында мұздай қаруланған, жасанған жауға жалаң қайыс қамшымен шабатындай Наймантайды жын ұрып па? Неше батыр болса да, көк темірлі, қылыш, найзалы, қалқан, сауытты қалың қолға қасқайып қарсы бару үшін түкті жүрек пен мықты білек қана емес, ақыл, айла, әдіс, тәсіл керек екенін батыр бабаларымыз әбден жақсы білген. Білгендіктен қамшысы айбалтадай болған, бәлкім, айбалта болған! Ұзын, мықты, он екі өрім қамшының ұшына алмастай өткір, құрыштан соғылған шағын, ыңғайлы айбалтаның жүзі (клинок) бекітілмегеніне кім кепіл? Көзге елестетіп көрейік, ұзын қамшыны үйіре сілтегенде, оның ұшындағы құрыш айбалта ауаны ысқыра тілгілеп, дыбыстан асқан жылдамдықпен, физиканың заңы бойынша тура жүзімен тигенде, кісі түгіл, темірді де кесіп өтпей ме? Және қылыш, найзадан анағұрлым жылдам болғандықтан, оған жан шыдай ма? Әрине, ондай қамшыны екінің бірі құлаштай сермеп, дәл сілтей алмайды. Ол үшін арнайы жаттыққан батыр болу керек, Наймантай болу керек!
Иманжүсіптің қамшымен бір тартқан адамы тіл тартпай кетеді екен.
“Қолымда бір қамшым бар сәліңгірдей” демей ме Аманғали.
“Чокусунда чогу бар, Өзөгинин ичинде, Көк коргосун огу бар!” – деп суреттейді қамшыны “Манас” жырында.
Он екіден өрген бүлдүрсін,
Ұрса құлақ тұндырсын,
Дөнен аттың терісін,
Өрім қылған бүлдүрсін,
Құнан өгіз терісін,
Өзек қылған бүлдүрсін,
Тел бұзаудың терісін,
Бүлдірге қылған бүлдүрсін,
Қонақ қылмас сараңды,
Қайқаңдатқан бүлдүрсін,
Көз салмаған қатынды,
Көзелім дегізген бүлдүрсін,
Тіл алмаған қатынды,
Тілінен сүйдірген бүлдүрсін,
Қол бермеген қатынды,
Құшақтатқан бүлдүрсін…
Бұл сөзді айтып болған соң,
Бүлдүрсінмен Ер Манас,
Сонда тұрған кәуірді,
Жағын айыра шапты дейт… – деп суреттейді. (Манас, Шоқан жазып алған нұсқасы.)
Соғысқа аттанып бара жатқанда, Ақтөбеде Нұрпейіс ата Байғанин өз қолымен жауынгер Хакім Бекішевке қамшы беріпті. “Осы қамшымен бір фашисті өлтіретін бол!” – деп аманаттап берген екен.
Мен ол қамшыны өз көзіммен көрдім. Хакім аға Сәбит Мұқановтың музейіне тапсыруға алып келгенде көрсетті. Өрімнің ұшына бөлек байланған төртбұрышты зілдей қорғасыны бар. Баяғының қамшыгерлері қамшының ұшына қорғасын өріп жібереді екен, бір тартқанда өгіздің терісін тіліп түсіреді екен дегенді аңыздардан естіп, ескі жырлардан оқып едік. Хакең ақын атамыздың аманатын орындап, бір неміс офицерін осы қамшымен бір тартқанда сеспей қатырыпты. Қамшының ұшындағы қорғасын жаудың бүйрегін тесіп жіберген екен
Ақтөбелік шекті Бәдір Нұғыманов ақсақал айтушы еді: “Қамшының ең ыңғайлы сабы иесінің білегінің ұзындығындай болады. Яғни, шынтақ пен білезікке дейінгі аралық. Ал қамшының өрімі одан бір тұтам ғана ұзын болуы керек”.
Міне, осындай қамшы сілтеуге өте ыңғайлы әрі ең жоғары жылдамдыққа жеткізеді дейтін.
Казактардың атақты нагайкасы – ноғайка, яғни ноғай қамшысы деген сөзден шыққан тәрізді.
Қамшының түрі көп. Салт атты айтулы кісілер, сал-серілер сәнге ұстайтын жіңішке, жеңіл қамшылар болған. Алты өрім, сегіз өрім, тоғыз өрім, он екі өрім деп кете береді. Әрқайсының орны бөлек. Тіпті, өрген қайысына қарай қуаты да әртүрлі. Он екі өрім дырау қамшылар ұрыс, төбелеске арнайы лайықталған. Басына жұмыр темір байланған дойыр – қаһарлы қару.
Арқан
Қыл арқан – көшпенділердің айнымас серігі. Жылқының құйрығынан есілген қыл арқан өте мықты болған. Әрі қорғаны айдалада ұйықтағанда батырлар жатқан жерін қыл арқанмен қоршап қояды екен. Сонда жын-пері жоламайды деген ырым болған. Ең бастысы, қыл арқаннан жылан, бүйі сияқты қауіпті жәндіктер өте алмаған. Арқанның тікірейіп тұратын қылшықтары олардың денесін түрпідей тиіп, тітіркендіріп, бездіріп жіберген. Қыл арқан өте ыңғайлы, мықты құрал. Жігіттер жылқыны, аңды жүйрік атпен қуып келе жатып, құлаштай лақтырған қыл арқанды дәл мойнынан түсіріп, іліп алып, үзеңгісін шірей тартқанда, түз тағысы тұншығып, әлі құрып тұра қалады екен. Арқанды соғыста да орнымен, өте тиімді пайдалана білген. Жаудың қандай бір алып, күшті батырын артынан аңдып келіп, мойнына арқан салып, сүйреп әкеткен. Қобыланды батыр қызылбастың қырық кез Қызыл Ер деген алып батырын қырық құлаш арқанмен аяғынан іліп алып, тау-тасқа сүйретіп өлтіреді.
Американың киноларында арқан – лассоны шебер пайдаланған ковбойлар мен үндістерге талай сүйсініп едік қой бала кезімізде. Қыл арқанмен тағы құланды да, қаһарлы жауды да құтқармай байлап алған аталарымыздың ептілігі мен ерлігін естен шығармауымыз керек-ақ. Тіпті, арқан бойы деген қашықтық өлшемі де бар ғой. Оны ат үстінен құлаштай лақтырған қыл арқанның жететін жері деп жобалау керек.
Ағаш қарулар
Ер жігіттің қолында кәдімгі ағаш таяқтың өзі қаруға айналады. Шығыс жекпе-жектері туралы жазбаларда: “Жол жиегінде жатқан ағаштың сынған бұтағы да батырдың қолына түссе, қару болып кетеді. Тіпті, өткір семсерге таяқпен қарсы тұрып-ақ, жеңіп кеткен ерлер болған”, – деседі.
Жапонның он жетінші ғасырдағы атақты батыры, һәм ойшылы Миямото Мусаси алпыс бес рет жекпе-жекке шығып, бәрінде жеңіске жеткен екен. Алпыс бір жасында қайтыс болған. Ол заманда алпыс жас ұзақ ғұмыр, кәрілік болған. Және семсерлесудің шеберінің өз ажалынан өлуі, тіпті, сирек жағдай. Миямото Мусасидің артында философиялық еңбегі, қанатты сөздері баға жетпес мұра болып қалған. Бірде даңқты батырмен жекпе-жек шайқаспаққа Мусо Гонноскэ деген жас самурай келеді. Семсерлесуде Мусаси жеңеді, бірақ жас жігітті өлімге қимай, тірі жібереді. Намыстанып күйінген Мусо Гонноскэ айдалаға кетіп, тау-таста жалғыз тұрып, ақыры ұзындығы тұп-тура бір метрлік таяқпен соғысудың әдіс-тәсілдерін ойлап шығарып, айтулы батырға айналады. Миямото Мусасиді қайта іздеп келіп, семсерге қарсы таяқпен соғысып, ақыры атақты қарт батырды жеңіп шығады. Бірақ бұл да өлтірмей, дос болып тарайды.
Алпамыс батыр тұтқыннан қайтқанда, түрін жасырып, диуана болып келеді ғой. Сонда қоста кездескен бес мырза оған тиіседі. Қой десе де қоймағасын, Алпамыс:
Қолындағы сотамен
Әрқайсысын бір салды!
Асаменен басқа ұрды,
Тұра алмастай тас қылды,
Бір ұрғанды көтермей,
Бесеуі де мырзаның ,
Жанын хаққа тапсырды!
Сойыл, әрине, ерте замандардан бері көшпенділердің айнымас қаруы болған десек те, қылыш, найзаның азайған, тіпті, тыйым салынған кезінде алға шыққан тәрізді. Әрі металдан жасалған қарулар қат болған. Ал сойыл кез келген үйдің белдеуінде тұрған. Далалық өмірдің таптырмас қаруы. Көне Жапонияда билік шаруаларға темір қару-жарақ ұстауға тыйым салған ғой. Көтерілістен қауіптенген. Сол кезде рухы күшті, азаттықсүйгіш ерлер қарусыз соғысудың түрлі айла-тәсілдерін ойлап тапқан. Дзю-дзюцу, каратэ сияқты жауынгерлік өнер түрлерінің шығу тарихы солай. Жалаңаш қол мен аяқты ғана емес, бүкіл денелерін жанды қаруға айналдырған жапондықтар да, қытай, корейліктер де ағаш қаруларды (посох – аса, тонфа, нунтяку, т.б.) керемет пайдалана білген. Ағаштан жасалған заттарды қару деп қудалау қиын. Қазақтың сойыл соғуында да сондай бір терең сыр бар сияқты. Ақ патша үкіметі таяққа тыйым сала алмаған ғой. Ер жігіттің қолында ақтабан сойыл қаһарлы қару болып, аңызға айналған. Ал сойылмен қара қылышты отаршыл патша әскерлеріне қарсы шауып, ат ойнатқан қазақ жігіттерінің жүрек жұтқан көзсіз ерлігі де құрметке лайық.
Сойыл – көбіне без қайыңнан жасалады. Қабығын аршып, әбден кептіреді. Қақ қайың қатты, мықты болады. Қақтығыстарда сынбайды. Сойылсоғарлардың әртүрлі әдіс-амалдары, айла-тәсілдері болған. Ұзын ақтабан сойыл – ат үстіндегі соғыста таптырмайтын құрал. Үйіре сілтеп, талмау жерден, тобықтан, тізеден, қардан, шынтақтан, білектен бір-ақ тартқанда, қарсыласының жаны көзіне көрініп, аттан сыпырылып түседі екен. Қазіргі тілмен айтсақ – “болевой шок”, әлгі травматикалық тапаншамен атқаннан да жаман. “Абай жолында” Мұхтар Әуезов тобықты Бесбесбайдың барымтада уақтың батыры Бостанмен бетпе-бет келіп, бір-бір рет сойыл қағысып өткенде, Бесбес-байдың қолы сырқырап кеткенін, мына сойыл тура тисе оңдырмас деп қауіптенген Бесбесбайдың айласын асырып, Бостанды қақ сойылмен қолының қарынан салып жіберетінін суреттейді. Содан Бостанның бір қолы семіп қалады. Шебер, әккі сойылсоғарлар қандай да мықты қарсыластарын тізеден, тобықтан дәлдеп ұрып, домалатып түсіре берген.
Негізі қазақтың сойылмен соғысуы, сойылсоғарлардың әдіс-тәсілдері теңдесі жоқ жауынгерлік өнер деп санауға толық негіз бар. Шығыста таяқпен, тіпті, шыбықпен шайқасатын да жауынгерлік өнер түрлері бар. Оларда да негізгі соққылар адамның жанды жерлеріне – сүйекке нұқып жасалады. Ал сары даланың сойылсоғарларының да қардан, тізеден, тобықтан қағып өткенде, қарсыласын өлтіруді емес, аттан түсіруді, талдырып тастауды ғана ойлап соғатыны шынында да ерекше құбылыс. Өкпеге қиса да, өлімге қимайтын қазақтың жан дүниесі соғысынан да көрініп тұрған жоқ па?
Нағыз сойыл жіңішке без қайыңнан жасалады. Без, яғни түп жағы сойылдың басы – соққы беретін бөлігі. Қабығын аршып, әбден кептірген соң әркім өзінің бойына, құлашына қарай, үйіре сілтеуге ыңғайлы етіп қиып жасайды. Біздің “Қазақфильмнің” киноларында барымташылар оңды-солды сермей беретін ұзынша таяқты сойыл деуге келмейді. Ұзын, ақтабан сойыл деп жазатын еді ғой ағаларымыз. Бала күнімде туған жерім – Бұлақбасы ауылында, қазір молда, ол кезде милиционер, журналист Мұса Абдосов ағамыздың үйінен көргенмін. Сойылдың бас жағы кішкене шоқпар сияқты, жуантық, жұмыр келеді. Без қайыңнан алады. Мұндай сойылмен қасқыр соққанда, талмау жерден тигізсе, тырапай асыратын болған. Қапыда қарақұстан тисе, кісі тіл тартпай кетеді. Бірақ қазақтар ру арасындағы қандай қаһарлы қақтығыста да адамды бастан ұрмайтын болған. Егер байқасаңыздар, барымта мен қақтығыстарда қазақтар бастарына дулыға я болмаса тымақ кимеген. Неге? Себебі, бір-бірін бастан ұрмайтын, ұрғызбайтын дала заңы, жазылмаған ерлік кодексі болған. Сондай қақтығыстарда, алда-жалда кісі өлімі бола қалса, оның арты құн дауына ұласып, үлкен әңгімеге айналып, ұрпақтан-ұрпаққа кеткен.
Шоқпар да қайыңнан жасалады, басы жуан, жұмыр келеді. Ағаштың түп жағынан жасалады, әжептәуір салмағы бар. Қос қолдап, ауыр соққы беруге арналған қаһарлы қару. Басына темір қағып, тіпті күшейте түскен. Сапарғали Бегалин атамыздың “Тайатқан тауынан табылыпты” деген повесін бала күнімізде оқып едік, сонда жолбарыс аулаушы ержүрек аңшылар басына темір қағылған жұмырбас шоқпармен жолбарысты соғып алады. Мықты жігіт соққанда, шоқпар тиген жерін қиратып, ойып жіберетін болған. Қалмақ батыры Көбіктінің шоқпары: “Ат басындай тас шоқпар” деп те суреттеледі. (“Қобыланды батыр”).
Келтек – қайыңнан жасалады. Шапанның жеңіне тығып жүруге де ыңғайлы. Жаяу төбелестің таптырмайтын құралы. Соғыста қолданбайды. Мақсаты – қарсыласын ұрып өлтіру емес, талдырып жығу. Қолдың қарынан, шынтақтан, тізеден ұрып құлатады.
Біздің Кеңащы ауылында тың игеру басталғанда, аннан-мыннан келген целинниктердің өктемдігіне төзбей, Бәйізден (Файзитдин) деген татар ағамыз бір күні төбелесе кетеді. Бірнешеуін ұрып тастайды. Артынан олар бір машина болып Кеңащыға қаптап келеді. Жұртты қорқытып, ұрып-соғып, қысады. “Бәйізденді тауып беріңдер” дейді. Сол кезде Қожыкен шал келеді. “Бұларың не, қойыңдар!” десе, “Эй, старик, пошел ты на…” деп, біреуі қойып қалады. Қожыкен қарияның шапанының ұзын жеңіне тыққан қайың келтегі бар екен. Әбден кепкен қақ ағаш қатты келтегін шығарып алып, кірісті дейді майданға. Келтегін бастан ұратын адам құсап көтеріп қалса, аналар жасқанып, басын қолымен қорғаштай береді. Сол кезде тізеден, шынтақтан, тобықтан бір-ақ ұрады. Баяғы сойыл соғарлардың ат үстіндегі соғыс тәсілі – тізе мен тобықтан салып жіберсе, қанқақсап, кісі аттан домалай береді екен ғой! Қожыкен қария да сөйтіп бір машина дөкей-дөкей целинникті жалғыз өзі Кеңащының көшесінде домалатып тастаған екен. Бұл да аңызға айналған өмірдің бір шындығы!
Күш пен қуат
Балуанның бәрі батыр болмайды, бола алмайды. Сол сияқты, батырда балуанның күші болуы шарт емес. Бірақ батырлығы мен балуандығы бірдей болса, ондай батырлар жау шыдатпаған, мың сан қолға жалғыз шауып, қырып кете берген. Шұбар атты құйрықтан алып лақтырған Алпамыстың күші қандай! Алты мың қолға жалғыз шапқан Ер Тарғын! Қара қыпшақ Қобыланды батыр Қажымұқан балуанның он екінші атасы. Қобыландының түкті жүрегі мен Қажымұқанның мықты білегі қосылғанда, қандай болғанын жобалай беріңіз!
Бірде Балуан Шолақ өзімен күреспек болып іздеп келе жатқан балуанмен бір ауылда кездесіп қалады. Сырын ашпай, өзін: “Балуан Шолақтың шәкіртімін!” – деп қоя салады. Әлгі балуан атқа қонғанда, Балуан Шолақ оның саптама етігінің басын бармағымен сығып жібереді. Бақайы езіліп кете жаздап, бақырып жіберген әлгі балуан: “Шәкірті мұндай болса, Балуан Шолақтың өзі қандай болғаны?!” – деп ойланып, райынан қайтып, еліне кетіп қалған екен.
Ауыл жігіттері қызық үшін мойнына қыл арқан салып, екі жаққа табандап тартқанда, домбырасының ырғағын бұзбастан шертіп, әнін асқақтата шырқай берген Балуан Шолақтың күшіне қалай риза болмайсыз! Мұны жазушы, этнограф Естай Мырзахметов айызы қана әңгімелуші еді. Күш көрсетудің (силовой трюк) неше түрін көріп, естісек те, мұндай түрін еш жерден, ешкімнен кездестірмедік.
Бірде Қажымұқан мен Балуан Шолақ кездескен екен. Даңқты інісінің күшін сынағысы келген Балуан Шолақ Қажымұқанның белінен қысып ұстап, ырғап-ырғап, үйіріп алмақ болғанда, орнынан қозғалта алмапты. Содан ағасына күш көрсеткісі келмей, құрметтеген Қажымұқанға Балуан Шолақ “Байқап көр!” дегендей мойнынан ұстатады. Қажымұқан қысып көріп: “Мен дүниежүзінің небір мықты балуандарының мойнын бұрап көріп едім. Бірақ мұндай мойынды ұстап көрген жоқпын! Бұл мойын ба, шойын ба?” – деп ағасын мақтаған екен.
Қажымұқан Париждің аренасына түйе мініп шығады. Түйеден түсіп, халыққа сәлем берген соң түйені көтеріп алып кетеді!
Жапонның дзю-дзюцу күресінің шебері Саракики Джиндофу Қажымұқанмен күрескенде секіріп келіп, атамызды кеңірдектен салып өтіпті. Саусағы темірдей екен, солай соққанда, адамның кеңірдегін жұлып әкетеді екен. Қажекеңнің мойын бұлшық еті қалың, сіңірлі, аса мықты болғандықтан ала алмапты. Қаһарланған Қажымұқан оны алып соғып, темірдей қолымен мойынын бір-ақ қайырып, өлтіріп жіберген ғой!
Қажымұқан Бішкектің базарында салмағы екі центнердей болатын құнажынды бір қолымен арқасынан шеңгелдей уыстап көтеріп алып, салмақтап-салмақтап, жерге қоя салыпты. Қолдың, білектің, саусақтың күшін жобалай беріңіз!
Бала күнімде әке-шешемнен естіген бір керемет қызық әңгіме – Қайдар балуан туралы.
– Соғыстан бұрын, Бірсуатта тұрамыз. Бір күні кешке үйге бір кісі қонаққа келді. Қайдар балуан ел аралап, өнер көрсетіп жүр екен. Балуан дегесін қызығып қараймыз келіп, денесі ірі, сом болғанымен, ондай толық, дәу емес!
Ас ішіп, әңгімелесіп отырғанда, Әбиқын кіріп келеді. – Әбиқын деген орыс, пекарнидің бастығы болатын, – деп, анам Бәтима сөзді жалғап әкетеді. – Ұзын бойлы, дәу, жуан кісі еді. Оның қасында Қайдар балуан аласалау, денесі де шағындау болып көрінді! Толықтығы да ондай емес! Әкемнің осы сөзіне ой жүгіртсем, ол кездегі ауыл қазағының ұғымында балуан деген жуан, таудай болуы заңды. Ал Қайдар балуан ол кезде жараған аттай, спорттық бабында болған сыңайлы.
Әбиқын Қайдар балуанның келгенін естіп, әдейі іздеп келген көрінеді. Өзі дәу, қараптан-қарап күші тасып жүретін кісі, бір сынап көрмек болған сияқты. – Кел, күресіп көрейік! – дейді Қайдар балуанға. Қайдар балуан сол отырған күйі: – Жарайды, онда кел де, екі қолыңмен менің кеңірдегімнен қыс бар күшіңмен! – дейді. Әбиқын күректей қолдарымен Қайдарды кеңірдектен қысады-ай келіп. Қайдар былқ етпей отыра береді. Әбиқын қып-қызыл боп долданып, одан сайын күшін салып бағады. “Болдың ба?” – дейді сол кезде Қайдар. Әбиқын басын изейді. Сол кезде Қайдар балуан мойнын бір жағына шұғыл бұрып қалғанда, таудай Әбиқын анадай жерге ұшып түсті дейді!
Кетерінде екеуі қол алыспай ма – бір жағы қоштасып, бір жағы достасып дегендей. Сонда Қайдар балуан қолын қысып жібергенде, Әбиқынның тырнағының көбесінен қаны шығып кетті дейді!
– Енді ертеңінде жиналған халыққа күшін көрсетуге шыққанда, үйдегідей емес, еңселеніп, дәу болып кетті. Бұлшық еттері білем-білем болып бұлтылдап ойнап, өзгеріп кетті! – деген әке-шешемнің даусы күні бүгінге дейін құлағымда.
Атыспақ керек пе, алыспақ керек пе? – дейді қазақ ертегілерінде алыптар. Сонда: Атыспақ атамнан қалған, алыспақ керек! – дейді. Алысуда нағыз ерлердің білек күші, қайраты сынға түседі. Қазірде бокстың, каратэнің, таэквондоның бір ұрып яки бір теуіп құлатқанын кинодан көріп, әсерленіп өскен ұрпақ жекпе-жек төбелесте де тек солай болады екен деп ойлайды. Олай емес, бірақ! Соққы дәл тисе ғана, бір қаққанда ұрып жығады. Оған шеберлік керек, бірақ қарсылас та шебер болса, ол соққыны дарытпайды. Алғаш Мәскеуде жауынгерлік жекпе-жек түрлерінің бәрінің басын қосып, абсолюттік біріншілік өткізгенде, жұрттың бәрі каратэшілер жеңеді деп жобалапты. Бірақ, жарыс нәтижесінде балуандар, самбошылар, дзюдошылар жеңіп шығыпты. Себебі, жан алысып, жан беріскен жекпе-жек кезінде, бір- екі қағысқаннан кейін, қарсыластар ұстаса кетеді екен. Ұстасып, күрескенде балуандар басым түсіп отырған. Қарсыластарын алып соғып, бұрап тастаған! Рас, бұл жерде каратэні өмірлік серік еткен нағыз қас шеберлер болса, әрине, онда бір-ақ соққымен өлтіріп те жіберер ме еді, кім білсін?! Бірақ әлгі жарыстағы жалпы есеп нені көрсететінін де ескеруіміз керек.
Ал көшпенділердің соғысында жаяу төбелес көп кездесе бермейді. Себебі, түсінікті – ат үстінде соғысады. Алайда, бұған қарап, көшпенді жауынгерлерді аттан түскенде соғыса білмеген деуге болмайды. Найза майысып, қылыш қайысып, қару-жарақсыз, қара жаяу қалғанда батырлар қолма-қол соғысқа да қаймықпай кіріскен. Сонда алыспақ басталған. Әлі жетіп, әдісін тауып, айласы асқаны дұшпанын алып соққан.
Шахнамеде Рүстем батыр Сухраппен жекпе-жек соғысады. Жас Сухраптың күші басым түсіп, Рүстемді алып соғады. Оның өз баласы екенін білмеген Рүстем қанжармен ішін жарып жібереді.
Алпамыс батырдың бала күнінде бір қойып қалған балалары тіл тартпай кетеді екен. Қалмақтың батыры Қараманды жұдырықпен мұштады дейді – ұрды дегені. Мыстан кемпірді жұдырықпен аузына бір ұрып, сеспей қатырады. Манас жырында қытай әскерлерінің Қанжарқол балуандары көп айтылады. Түсінігінде қолымен қатты заттарды ұрып жаттыққан әскер делінген.
Иманжүсіптің күшін сынамақшы болған бір бай көкпарға құнажын тартады. Жобалап көріңіз, тіпті, кішкентай құнажын болса да, салмағы қанша боларын. Соны Иманжүсіп ат үстінен еңкейіп көтеріп, өңгеріп әкеткен ғой!
Иманжүсіпті Қажымұқанның төбесінен қарайды екен деседі. Бойы екі метрден асса керек. Өйткені, Қажымұқанның бойын бір деректе 1 м. 86 см. екінші бір деректе 1 м. 94см. болған деп көрсетеді. Қоянды жәрмеңкесінде Иманжүсіп Қажымұқанға ашуланып, қамшымен жонарқасынан бір тартыпты. Сонда Қажекең ат үстінде отырған ашулы ағасын құшақтай алып, кешірім сұрапты. Кейін жұрт сұрамай ма: “Сіз Қажымұқан басыңызбен Иманжүсіптен сонша қорыққаныңыз ба?” – деп.
– Ағамыз ғой! – депті балуан. Екеуі де қыпшақ, Иманжүсіптің жасы көп үлкен. – Иманжүсіп қамшымен бір тартқанда, кісі тіл тартпай кететін. Мен Қажымұқандығымнан аман қалдым! – депті сөзін жалғап. – Егер де жерде күрессек, мен алып кетермін-ау, ал ат үстінде Иманжүсіп мені тымақша үйіреді!
Иманжүсіптің құрдасы Балуан Шолақты біреулер азғырып, екі арысты бір-біріне айдап салмақшы болады. Екі батыр қазақтың бірі өліп, бірі қалсын деген айла жатыр-ау астарында. Бір күні базарда тұсынан өтіп бара жатқан Иманжүсіптің атының құйрығынан Балуан Шолақ бір қолымен тұтамдап ұстап, табандап тартып тұра қалады. Ат тоқтап, тырп ете алмай қалады. Иманжүсіп атын қамшымен бір тартқанда, тыпырлап алға тартқан ат Балуан Шолақты бірнеше адым жерге сүйреп апарып, сұлқ тоқтайды. Сөйтсе, Балуанның тіреуіне шыдамай, көн етігінің табаны тігісінен сөгіліп сыпырылып қалған екен. Сонда Иманжүсіп: “Алауыз болмайық! Біз онсыз да азбыз ғой!” депті. Екі батыр құшақтасып, дос болып тараған екен.
Біздің Кеңащыда тұрған керей Рақым ата аласа бойлы кісі болатын, көзін көрдік. Өзі аңшы. Бір жолы бір қасқырды қуып, соғып алмақ болып, екпіндеп кеп қалғанда, аты үркіп, сыпырылып түскен бе, жоқ, қасқыр қарсы атылып, жерге алып түскен бе, әйтеуір, құлап қалған ғой! Сонда жерге жай түспей, қасқырдың үстіне міне түсіп, екі құлағынан тас қылып ұстаған күйі айырылмай қойған екен. Құлағынан бұраған күйі әбден діңкелетіп, ақыры, айласын тауып, әлгі қасқырды алып тыныпты!
Бірде оған Степняктан келген бір дәу орыс күресейік деп қоймапты. Содан ұстаса кеткенде, Рақым ата екі қолымен әлгінің екі бүйірінен қыса шеңгелдеп ұстап, табандап тартады. Терісін уыстап, жымырып, қысып алған ғой! Анау орыс қанша алып болса да, шыдай алмай, жаны көзіне көрінгесін, “болдым, күреспеймін, қойдым” деген екен!
Кейіннен шығыс жауынгерлік өнерлері жайындағы кітаптардан оқысам, корейлердің куксуль деген күресінде “щипковый захват” деген әдіс бар екен! Сол сәтте осы әңгіме есіме түсіп, Кеңащыдағы керейдің шалы корейдің күресін білді ме екен, жоқ, әлде, байырғы қазақ күресінде де осындай әдіс болды ма екен?!” деген бір ойға қалдым.
Нұрхан Ахметбековтің “Ұры Қарға” жырында қашып жүрген Қарға қараңғы түнде бір моланы паналайды. Сол кезде бір атты кісі келіп түсіп, күмбезге кіреді. Оны қорқытып, атын алмақ болған Қарға көр ішінде аузынан от шашып (сіріңкенің жаңа шыққан кезі екен, сіріңкенің шиін тұтатып, аузына тыққан ғой!), жантүршігерлік дауыстар шығарады. Қорқады деген кісі оны көрден суырып алады: “Ұстап ап сирағымнан алды тартып, Саусағы сирағыма кетті батып!” “Егер де көрқап болсаң, басыңды алам!” – дегенде, Қарға жансауға сұрап, шынын айтады. Сөйтсе әлгі кісі Кенесарының серігі, атақты Төлек Жәуке батыр екен! Сонда ұры Қарғаны тірідей сирағынан ұстап, көрден суырып алған Жәукенің саусақ күші нендей күш!
Қазақтарда арнайы гимнастикалық жаттығулар болған ба? Керіліп, созылу – қазақтардың ең жақсы көретін жаттығуы. Қобыланды батыр ұйқысынан оянып, керілгенде, Көбіктінің тоғыз қабат торының сегіз қабатын үзіп жіберген ғой!
Балуандар арнайы тас көтерген, тер төге қимылдап жаттыққан. Кең даламыздың әр қиырындағы сын тастар – соның айғағы. Бірақ денсаулық үшін пайдасы бар емдік жаттығулар неге жоқ деген сұрақ тууы заңды! Себебі, көп гимнастиканы атпен салт жүру алмастыратын болған! Қазір медицина ғылымы ат терапиясын таптырмайтын ем санайды. Ал ат үстінен түспеген көшпенді бабаларымыз күні бойы жаттығуда болған ғой! Қытайдың емдік гимнастикасында “Бүкіл денені сілкілеу” деген жаттығу бар. Ат үстінде отырғандай қалыпта бір минут, яғни 160 рет денеңді селкілдетіп, сілкілеуің керек. Бүкіл денеге пайдалы дейді. Ал күні бойы ат үстіндегі адамның сары аяңмен бүлкілдеп, сар желіспен селкілдеуін, шоқытып, шауып кеткендегі сілкінуін жобалай беріңіз!
Бүкіл ағза, дене құрылысы, бұлшық еттерге бұдан артық қандай жаттығу керек! Бала күнімізде, ауылда, бірер апта аттан түспей жүрсек, бүкіл денеміз темірдей болып кететін.
Қажымұқан қырғызға барғанда сол елдің атақты алыбы Қожамқұл балуанмен кездеседі. Ол елу екінші размерлі етік киеді екен. Қара күшін халық аңыз қылады. Тамаша көргісі келген жұрт қазақ пен қырғыздың екі даңқты балуанын күрестірмек болады. Сонда жасы кіші Қожамқұл балуан Қажымұқан ағасымен белдеспей, жолын беріп, құрмет көрсеткен екен. Қажымұқан риза болып, алған бәйгесін түгел жұртқа таратып беріпті.
Қажымұқанның жиені Қайдар балуан: “Қажекеңмен жайшылықта нағашы-жиен болып ойнап, алысып-жұлыса беруші едік. Бірақ кілемге шыққанда бізді шақ келтірмейтін. Аруақтанып кететін!” – дейді екен.
Жапонның көне замандағы каратэ шебері Мацумуро Сокон бір елге келеді. Онда бір алып денелі каратэші, күшті ұста бар екен. Ол Мацумуроның даңқын біледі. Ары-бері сынап қарайды да, оның өзінен асып тұрған түгі де жоқ екенін сезініп, жекпе-жекке шақырады. Ертесіне таң ата екеуі орманда кездеседі. Өзіне-өзі сеніп, күші тасып келген ұста Мацумуро Соконды көргенде, шошып кетеді. Бұл кешегіден мүлде басқа адам! Оның ішкі қуатын сезініп, қорқып кетсе де, намысқа тырысып, бар рух күшін жинап, “Ки-ай!” – деп қиқу салады. Оның даусының күштілігі сондай, ағаштардың жапырағы ұшып кетеді. Бірақ Мацумуро селт етпей, салқын сабырмен ұстаға қадала қараған күйі тұра береді. Ұста тағы бір ақырғанда, оның даусы Мацумуроға соғылып, жаңғырып кері қайтқандай болады да, үсті-басын қара тер басып кеткен дәу ұста өз-өзінен шалқасынан түседі. “Мен жеңілдім! Масқара болдым! Қолыңнан өлтіріп кет!” – дейді ол. “Жоқ! – дейді Мацумуро. – Сен кеше дұрыс байқадың. Мен бір кісілермен ұрсысып қалып, соның ұятынан рухым әлсіреп, жанымды қоярға жер таппай келіп едім. Ал мен де сенің өте күшті екеніңді сынап білдім де, бүгінгі жекпе-жектің құны – өмір мен өлім екенін ұқтым. Сен мені жеңіп, атағыңды шығарғың келді, ал мен сені жеңіп, аман қалуды ойладым! Екеуіміздің мақсатымыз бен бәсіміз екі түрлі – сен атақ үшін, мен өмір үшін шықтым шайқасқа! Менің мақсатым биік, артық еді, сондықтан да мен сенен өлшеусіз күшті болдым! Тұр, орныңнан!” – деп, аман жіберген екен.
Атақты алып Әбілсейіт Айханов Моңғолияға барғанда, белдескеннің бәрін алып ұрып, шыдатпай бара жатқан соң, моңғолдың атақты түйе балуаны шығыпты кілемге. Жасы үлкен, сақа кісімен белдесіп, ырғасып көрген соң, Әбілсейіт әлгі балуанды тік көтеріп алыпты. Моңғолдар сілтідей тынады – бетке ұстар аға балуандарын мына жас қазақ жерге алып ұрар ма екен?! Сонда қазақтың мәрт ұлы жасы үлкен кісіні жықпай, көтеріп әкеліп, кілем төріне түсіреді. Ағаның сағын сындырмаған көргенді қазақ балуанына моңғолдар тік тұрып қол соғып, құрмет көрсеткен екен.
Майк Тайсон мен Майкл Спинкс жекпе-жекке шығатын күні Тайсон әлденеге ашуланып, қаны қайнап кеткен сәтте, күрзідей жұдырығымен қабырғаны бір ұрады. Оның соққысы өте күшті, бір тоннадай екені белгілі. Кірпіш қабырғаны тесіп өткен шойын жұдырығы келесі бөлмеден бір-ақ шығады. Сөйтсе екі чемпионның киім ауыстыратын бөлмелері қатар екен. Шешуші айқасқа дайындалып, онсыз да Тайсоннан қауіптеніп, толғанып отырған Спинкс қабырғаны қиратып, шыға келген жуан жұдырықты көргенде, шошып кетеді. Ол жұдырықтың өзі төбелесейін деп отырған Тайсондыкі екенін білгенде, шаруасы бітеді. Рингте ә дегенде, екі минуттың шамасында нокаутқа кетіп, жеңіліп тынғаны да содан болар. Әйтпесе, ол да айтулы шебер, Олимпиада чемпионы болған, кәсібилер арасындағы әлем саңлағы ғой!
Сол Тайсоныңыз Токиода Джеймс Бастер Дугластан жеңіліп қалды. Джеймс Бастер Дуглас алып боксшы болған, бірақ жуас екен. Рингте кереметтей табысқа жетпеген, ауызға да онша іліне қоймаған. Тіпті, жеңіп тұрып, мінезінің жұмсақтығынан жеңісті қолдан беріп қоятын көрінеді. Бірақ та заңды түрде әлем чемпиондығына үміткер болып, Тайсонмен түседі. Бокс мамандары мен сарапшылары да, жанкүйерлер де Тайсон Дугласты допша қағып, тапап тастайды деп сенген. Алайда, момын жігіт жігер танытып, қаһарлы қарсыласынан қаймықпай шайқасып, оныншы раундта бүкіл дүниежүзінің былғары қолғап шеберлерін дірілдеткен дүлей Тайсонды ұрып жығып, нокаутпен жеңіп, әлем чемпионы атанды. Бокс әлемін есінен тандырып, аса ауыр салмақтағы қалыптасқан иерархияның астын үстіне келтірген сенсация бұл! Сөйтсе, Джеймстің анасы батыр мінезді жан екен. Ауырып, дүниеден өтерінде ұлына: “Сенің осы айқаста жеңіп шығып, әлем чемпионы болғаныңды қалаймын! Жеңетін бол!” – деп, аманаттап кеткен көрінеді. Анасы қайтқаннан кейін, бір ай өтер-өтпесте жекпе-жекке шыққан Джеймс Бастер Дугласпен бірге, Токио төріндегі шаршы алаңда анасының аруағы да бірге айқасып, жеңіп шыққан секілді!
Американың атақты боксшысы, ауыр салмақтағы әлемнің теңдессіз чемпионы Джо Луисты неміс боксшысы Макс Шмеллинг алғашқы жекпе-жекте он екінші раундта нокаутқа түсірген. Араға уақыт салып, қарымта кездесу өткізеді. Қос құрлық, бүкіл әлем көз тіккен айқаста Джо Луис Макс Шмеллингті ә дегеннен соққының астына алып, бірінші раундта оңдырмай ұрып жығады. Жә, сонымен егесіп, өліспей беріспейтін екі шайқас өткізген екі алып өмірлік дос болып кеткен ғой! Кейіннен кәсібі өрге домалап, бай болған Макс Шмеллинг тұрмыс жағдайы төмен боксшыларға, соның ішінде кезінде миллиондаған доллар табыс тапса да, жарысты қойған соң кедейшілікке ұшыраған Джо Луисқа ақшалай көп көмек көрсетіп тұрыпты. Тіпті, Джо қайтыс болғанда, оның жаназасын атқаруға да қаржы бөлген. Мәрт Макс алғыс арқалап, жүз жасаған.
Жапондық каратэ шебері Итосудың үйіне бір ұры түспекші болады. Есікті тықырлатып, кілтін аша алмай жатқанда, Итосу үйде екен, есікті жұдырығымен бір ұрып теседі де, ұрының қолын қысқаштай саусақтарымен қысып алып, ішке қарай тартады. Жан даусы шыққан ұрыға: “Енді тынышталып, бағынбасаң, осы тесіктен өзіңді тұтасымен суырып аламын!” дегенде, анау қорыққанынан бағынған екен.
Жапондық Годзю рю каратэнің шебері Ямагути Гогэн соғыс кезінде қытайлықтардың қолына тұтқынға түседі. Оның каратэ шебері екенін білген соң, қытайлар оған жолбарыспен шайқасуды ұсынады. Егер жеңсең, босатамыз, – дейді. Таң алдында жолбарыс қамалған үлкен бамбук тордың ішіне Ямагутиды кіргізіп жібереді. Оның лақап аты “Мысық” екен. Шапшаңдығы үшін солай атаған. Жолбарыс кісіні көргенде арылдап, атылуға дайындалып, шиырыла бергенде, “Мысық” Ямагути секіріп келіп, қақ маңдайдан бір-ақ ұрады. Жолбарыс сеспей қатады. Қытай жауынгерлері сөзінде тұрып, Ямагутиді құрметпен шығарып салады.
Ал жолбарысты соққан Қамбар батырға қалай қайран қалмассың!
Арғы-бергі тарихтағы бір айтулы балуан – көне эллин заманындағы Милон Кротонский, яғни, кротондық Милон. Оның даңқы ежелгі Олимпиада ойындарында шыққан. Олимпиада ойындарының тарихында оның жетістігіне жеткен балуан жоқ. Милон алты Олимпиадада чемпион болып, жиырма төрт жыл бойына алдына жан салмаған! Ойлап қараңыз, бұл күрес, яғни, бір Олимпиадада бір ғана алтын медаль алуға болады! Бірнеше медаль алуға болатын жеңіл атлетика, суға жүзу болса, бір басқа! Өз басым, алты бірдей Олимпиаданың чемпионы болған Милон балуанның жетістігі барлық олимпиадашылардың арасындағы ең үздік көрсеткіш деп ойлаймын. Ол бұған қалай жеткен?! Милон жаңа туған бұзауды көтеріп жаттығып, күн сайын стадионды айнала жүгіреді екен. Бұзау өсе береді, Милонның күші көбейе береді. Бірер жылда бұзау бұқа болады, ал Милон бұқаны бұзау құрлы көрмей көтеріп жүгіре береді! Бұқа көтеріп жүгірген балуан күрескенде тірі адамды шақ келтіре ме?!
Көне замандағы темір Самсонның күші аңыз болып, Библияда айтылады. Сонда оның күші шашында екенін айламен сұрап білген сұлу әйелі батыр ұйықтап жатқанда шашын қырып тастап, сиқырлы күшінен айырылған Самсонды жаулары байлап алады ғой. Уақыт өте келе шашы қайта өскен соң, күші толысқан Самсон шынжырын жұлқып қалғанда, оны байлап қойған тас қабырғалардың бәрі қирап, батыр да, оның жаулары да қаза болады. Он тоғызыншы ғасырдың аяғында осы көне заманғы Самсонның атын қойған Самсон деген жас жігіт болады. Өзі әлжуаздау болып өседі. Қайткенде күшті боламын деп талаптанған ол жасөспірім кезінен бастап жаттыға бастайды. Оның ең басты әдісі – бір қапқа әуелі ағаштың үгіндісін толтырады. Қапты арлы-берлі көтеріп, лақтырып, ақ тер, көк тер болып жаттыға береді. Келесі күні бір уыс ағаш үгіндісін алып тастап, орнына бір уыс құм салып жаттығады. Сөйте-сөйте бір қап ағаш үгіндісінің орнын бір қап құм басады. Самсон оны шырқ үйіріп ойнайды. Енді күн сайын бір уыс құмды алып тастап, орнына бір уыс темір бытыра (дробь) салып жаттығады. Ақырында, бір қап темірді қақпақыл ғып ойнайтындай күшті болады. Ол – Темір Самсон аталып, талай таңғажайып трюктер жасап, күшті атлеттердің тарихына өз атын өшпестей қылып жазып кеткен алып.
Салмақты біртіндеп арттырып, үздіксіз жаттыға беру арқылы жетістіктерге жеткен спортшылар аз емес. Ушу, кунгфудың жаттықтырушылары шәкірттерін биіктерге бірте-бірте, бірақ үздіксіз баулыған. Қытай даоларының – даналарының ілімі өмірдің барлық саласын, соның ішінде жауынгерлік өнерді де қамтиды.
Қытайдың атақты балуаны Ван Цзыпинь басын төмен салып, екі аяғын жоғары қаратып, бір сауса-ғының ұшында тұрады екен. Ішкі қуат – цидің әрі әбден шыныққан бұлшық ет, сіңірдің күшін жобалай беріңіз!
Жұрт айтты мұның өзі бұзық деді,
Күресі адам білмес қызық деді,
Тойында Тоқсанбайдың бір балуанды,
Талдырған жіліншігін үзіп деді! (Ілияс Жансүгіров. “Құлагер” поэ-масы.) Сонда аяқтан бұрай шал-ғанда, сындырып жіберетін бол-ған-ау!
Ғабиден Құлахметовтің атасы Көкбөрі атанған Құлахмет батыр мүлде жас кезінде бір күреске тү-седі. Қарсы сақа балуан жасөспі-рім Құлахметпен ұстасқан кезде, темірдей саусақтарын оның бұға-насына сұғып жіберіп, қысып алып, арлы-берлі сүйреген ғой. Бұ-ғана сүйегін сындыра жаздап, жа-нын көзіне көрсеткенде, қиқулаған дауыстан, намыстан қаны қайна-ған Құлахмет қаһарланып, әлгі дәуді көтеріп алып соққан екен! Назар салатын жайт, күрестің мұн-дай жантүршігерлік әдістерін қа-зақ балуандары білген және керек жерінде қолданған! Әсіресе, жат елдердің балуандарымен белдес-кенде, қан майданда жаумен жек-пе-жек алысқанда бар күшін, айла, амалын аямай жұмсаған! Өйтпесе қапыда кетеді! Қайтесің, ол ерлер-дің күресі, еріккеннің ермегі емес!
Жарықтық, жазушы Оразбек Сәрсенбаевтың 1980-жылдары жарияланған Қайыпберді балуан туралы повесін, аты “Қайыпберді қайтып оралыпты” болу керек, оқығаным есімде. Повестің кейіп-кері маған өте ұнады да, сол жа-йында Оразбек ағамызбен әңгіме-лесіп қалдық. Орекең разы болып, бір жымиып алды да:
– Оның прототипі Жұмабай де-ген балуан кісі. Біздің Сыр бойында өмір сүрген, бертінде қайтыс бол-ды. Ол намысқой, аса күшті адам болған. Әсіресе, келімсектермен көп төбелесіп, асып-тасқан кеуде-лерін басып қоятын! Қалың топпен жалғыз өзі шайқаса беретін, арты-нан қуған үш милиционерді үш аяқ-ты мотоциклімен қоса көтеріп лақ-тырып жібергені де бар! Ақыры сотталып кетті! – деп, ол кезде кі-тапқа жазуға болмайтын біраз оқи-ғаларын айтып берді. – Сотталып, темірдей қатал түрмеде жүргенін-де, бір күні бір бетон дуал құлай-ды. Жұрт жабылып, әлгіні көтере алмай жатқанда, Жұмабай жалғыз өзі бір-ақ жұлқып, орнына қойған екен. Жұрт оның күшіне сүйсініп, аңыз ғып әкетеді. Сотталғандар аса құрметтеп, маңына топтасып, аузына қарай бастайды. Көп ұза-май оны түрмедегілердің басшы-сы, пахан шақыртады. Алып дене-лі, күші тасқан орыс екен.
Қасындағылар үңірейтіп көр қа-зып қойған, құлағанын көме салуға дайын тұр!
– Сен күшті екенсің! – дейді па-хан. – Бірақ бұл жерде бір-ақ па-хан болуы керек! Түрмеде тек бі-реуімізге ғана орын бар! Сондық-тан жекпе-жекке шығамыз! Әуелі мен ұрамын, аман қалсаң сен ұра-сың! Кім құласа, көр соныкі!
Сірә, оқиға қарауылдардың кө-зінен таса жерде болса керек. Тіпті, қарауылдар қылмыскерлердің бірі өліп, бірі қалсын деп, мұндай есеп айырысуларға көз жұма салатын да шығар?
Сонымен екі дәу шығады шай-қасқа. Шарт бойынша, әуелі Жұма-бай қасқая қарап тұрады да, әлгі дәу пахан күректей қолымен, шоқ-пардай жұдырығымен құлақ шеке-ден қайқайтып салып жібергенде, көзінің оты жарқ ете түсіп, басы ай-налған Жұмабай тәлтіректеп кете-ді. Құласа бітті, қасындағылар көр-ге тыға салатынын білгендіктен, бар күш-жігерін жұмсап, құламай қалады. Соққанынан ешкім сау қалмаған дәу пахан басын шай-қап, кезегін беріп, қарсы қарап тұ-рады. Жұмабай балуан қаһарла-нып, құлаштап тұрып қолдың қы-рымен құлақ шекеден тартып жі-бергенде, паханның төбе қақпағы ұшып кетіп, тіл тартпай өліп түскен екен! Дайын тұрған топ оның алып денесін көрге тыға салып, көміп тастапты. Бұдан кейін бетіне ешкім қарсы келмеген Жұмабай мерзімін өтеп, аман-есен елге оралған.
“Қазақ әдебиеті” газетінде қыз-мет істеп жүрген кезімде, 1980-жылдары бір ақсақалдан хат кел-ді. “Мәдидің бір ерлігі” деп ат қо-йыпты. Былай дейді: Қарқаралы базарында бір алып күшті орыс көпшілікке жар салып, бәс тігеді.
– Шартым мынадай: Қазақтың мықтылары ортаға шығып, маған төбесінен ұрғызсын! Құламай қал-са, 25 сом ақша беремін! Құлап қалса, түк те жоқ! – дейді. Бірер мықты жігітті ұрып жығып, мазақ-тап, мейманасы тасып тұрғанда, ортаға Мәди шығады. Ол әлгі балуан орысқа қарсы шарт қояды. “Сен ұрғанда құламай қалсам, ақ-шаңды алмаймын! Бірақ төбеңнен қамшымен бір тартқызасың!” – дейді. Дәу келіседі де, Мәдиді шо-йындай жуан жұдырығымен төбе-ден ұрады. Мәди шайқалақтап қалса да, құламайды. Кезегін ал-ған Мәди қамшымен қақ төбеден үйіре тартып жібергенде, балуан орыстың төбесін тесіп жіберген екен, тіл тартпай кетіпті.
Шығыс жекпе-жектерін зерде-лесеңіз, шапшаңдық пен қара күш-ке қоса, ішкі қуат-энергияны дамы-тып, қолдануға айрықша мән бе-реді. Жапонша – ки, қытайша – ци, үнділерше – прана дейтін ішкі қуат сырын біздің аталарымыз да біл-ген. Жекпе-жек өнерін әбден мең-герген асқан шеберлер, тіпті, адамға қол тигізбей-ақ, алыстан соққы беріп, талдырып тастайтын болған. Бұл – әлгі айтқан ішкі энер-гияны атып жіберуге байланысты. Қазақтар мұны аруақ күші деп ата-ған. Қаһарына мініп, аруақтанған батырлардың күші еселеніп, жау-дың мысын басып, жапырып жібе-руі тегін емес. Ертеректе газеттен оқыған аңызда бір батыр атамыз (Бақай сияқты) жасы ұлғайған шағында елге шапқан жауға қарсы қол бастап ұрысқа шығады. Қарсы жақтың батыры, бұл да қазақ, бет-пе-бет, жекпе-жек келіп, сайыспақ болғанда, әлгі атамыз қарусыз екен, қолын сілтеп қалғанда, жас батыр қатты соққыдан атынан ұшып түседі! Ал шындығында, аралары қол жететін жер емес, қарт батырдың қолы жас батырға тимеген! Ары қарай жас батыр: Жеңілдім, аға, тоқтадым! Сіздің батырлығыңызды сынағалы келіп едім! – деп кешірім сұрайды. Сон-да ана кісі: Олай болса, тұра ғой орныңнан! – деп, қолын береді. Жас батыр оның қолынан ұстап, орнынан тұрып, татуласады. Сон-да “қолының ұшы от болып күйіп тұр екен!” – дейді. Шығыс жекпе-жек өнерінде айтылатын цигун, астральный каратэ сияқты өнер-мен байланыс бар ма, жоқ па, ол өз алдына әңгіме!
Батырлардың батырлығында ашылмаған көп құпия, талай жұм-бақ сырлар жатыр-ау!
Батырлардың жан жары мен қанаты
Батырлардың асыл жарларын халық аңыз қылып, жас ұрпаққа үлгі-өнеге етіп, асқақтата жырла-ған. Алпамыстың Гүлбаршыны, Қобыландының Құртқасы, Манас-тың Қаныкейі, Қамбардың Назы-мы және басқа да тарихи, эпостық әйелдер мен аналардың образы барша елге белгілі, аяулы, ардақ-ты. Ақылына көркі сай, ер мінезді, жарына адал, туған ел мен туған жердің патриоты ретінде суретте-летін әйел, жар, ана бейнелерінен халықтық идеал танылады, әйел-ге тән асыл қасиеттер мен мінез-дер мейлінше сүйіспеншілікпен су-реттеледі. Мұндай биік бейнелер халқымызбен бірге өшпей жасай береді деп сенеміз.
Ер қанаты – ат деген атам қа-зақ. Батырлардың жан серік тұл-парларын халқымыз әспеттеп жырға қосқан, аңыз қылып ардақ-таған. Аттаныс, жорықтарда жа-уынгер көшпенділер атқа айрықша мән берген. “Атқа салдым терлікті, Дұшпанға қылдым ерлікті!” – деген.
Кейде бес қаруы сай, күші ба-сым батырды одан дәрежесі тө-мендеу, бірақ астындағы аты ке-ліскен батыр жеңіп кететін болған!
Айқай, сүрең төнгенде, қаптап дұшпан келгенде батырлар астын-дағы атына сенген. Иесінің көңіл күйін сезініп, қалауын қапысыз та-батын соғыс аттары қандай қанды қырғындардан, қара бұлттай қор-шаған қалың жаудың ортасынан аман алып шығатын. Керісінше, жалтақтау, майданға көп түсіп көр-меген аттар иесін жауды қалды-рып немесе жарға жығатын болған. Астындағы атының нашарлығы-нан сағы сынып, бағы қайтқан ба-тырлардың қаза тауып, арманда кеткені аз емес.
Аты мықты, жүйрік болса, жігіт-тер қалың жаумен қаша жүріп со-ғысып, қаусата соққы да беріп, аман, сау құтылып кете берген.
Сан ғасыр сеңгірінен орғып өткен,
Қобыланды Тайбуырылды тебініп қап
Қазанның қамалынан қарғып өткен,
Зынданнан суырып ап Алпамысты
Байшұбар жау заманын тар ғып өткен,
Шыдамай шабысына жер жарылып
Шалқұйрық ер Төстікпен ағып өткен,
Абылай Бөкең берген Нарқызылмен
Шарыштың шойын басын қағып өткен,
Құйғытса Қубас атпен ер Қабанбай
Аумаған қауға тиген қалың өрттен,
Көсілтіп Кенесары Көкбуырылмен
Қазақты бодан қылмай, бар ғып өткен,
Сүліктей қаракермен Иманжүсіп
Бір өзі бір селоны дірілдеткен,
Құлагер серке санды, сері мінез
Сергітіп сар даланы дүрілдеткен,
Қанат қып қазанатты қазақ елі
Жалғасқан бергі бетпен, арғы бетпен,
Жарықтық бабаларым өз тарихын
Тұлпардың тұяғымен жазып өткен!!!
(Баянғали Әлімжанов. “Қазақ пен қазанат”)
Оқырманға ескерту: Батырлар, балуандар жайлы, айта берсе, әң-гіме көп. Есте жүрген дүниелердің қағазға түскені бар, кітаптарда жа-рияланғаны бар десек те, біреу білсе, біреу білмес, бір керегі тиіп қалар деген оймен, қайтадан бір айтып шыққанды жөн көрдім. Біл-генін, жиған-тергенін атадан-бала-ға, ауыздан-ауызға жеткізіп отыра-тын көне жыршылық дәстүр, орыс-ша айтқанда, сказительдердің салтымен, әр жерде шашылып жатқан асыл қазынаны жинақтап, ой елегінен өткізіп, қорытып, жүйе-леп, топтастырып қойғым келді. Әр кітапты қайта ақтарып, тексеріп отыруға уақыт жете бермейді, сон-дықтан жадымызда жазылып қал-ған кейбір өлеңдерде бірер сөздің ауысып кетуі бек мүмкін. Бірақ ма-ғынасы тура, сондықтан аздаған алшақтықтар болса, жазғырмас-сыздар, жақсы оқырмандарым!
(Жалғасы бар).
Баянғали ӘЛІМЖАНОВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.