Еліміз тәуелсіздігін жариялаған сәтте оны әлемде бірінші болып таныған тарихи тамыры бір ел – Түркия мемлекеті. Содан бері екі ел арасындағы қарым-қатынас серпінді дамып, достығымыз нығая түсуде. Қазақстан мен Түркия елдерінің арасындағы келісімшарт негізінде құрылған “KATEV” халықаралық қоры – соның бір айғағы. Ол бүгінде білім беру саласында бауырлас екі ел арасындағы достық пен татулықтың алтын көпірі іспетті. 1992 жылдан бастап еліміз бойынша ашылған қазақ-түрік лицейлері Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі және “KATEV” халықаралық қорының басқаруымен табысты жұмыс атқарып келеді. Солардың бірі – 2006 жылы Петропавл қаласында ашылған облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей-интернаты. Бұл ұжымды қазіргі таңда Ержан Әубәкіров басқарады.
– Ержан Бейсембекұлы, еліміздің тәуелсіздігі мерекесінің қарсаңында облыстағы жалпы білім беретін белді білім ордасының жаңа басшысы ретінде өзіңізбен, істеп жатқан жұмысыңызбен танысуды жөн көрдік.
– Мен – бұрынғы Жезқазған облысындағы Жезді өңірінің тумасымын. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқылардың бірі болып Жезқазған қаласында ашылған қазақ-түрік лицейіне 7-сыныпқа қабылдандым. Лицейде түрік мұғалімдерінің біздің елге келіп, шын ниеттерімен сабақ беріп, қазақ балаларын тәрбиелеп жүргендерін көрдім. Сол кезде: “Мен неге осы кісілердей болмаймын. Өз елімнің болашағын мен ойламасам, кім ойлайды?” деген ой түйдім. Қарағанды мемлекеттік университетінің шет тілдер факультетіне ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2004 жылы тамамдадым. 2008 жылдан бері Қостанай, Астана қалаларындағы қазақ-түрік лицейлерінде басшы болып қызмет атқардым. Бүгінде Петропавлдағы лицейдің директорымын. Бірақ ағылшын тілінің мұғалімі ретінде сабақ беруден қол үзген жоқпын. Өйткені, мен ең алдымен, педагог, сосын ғана директормын. Өзім озық әдістемені сабақта қолданып, әріптестеріме көрсетіп, содан кейін ғана олардан сапалы білімді талап етуге тиіспін.
– Еліміз тәуелсіздігін алған жылдары сіз нешеде едіңіз? Тәуелсіздікті қалай қабылдадыңыз?
– Ол кезде үшінші сыныпта оқитын баламын, тәуелсіздіктің не екенін де білмедік. Бірақ сол кездің үлкен де, кіші де сезінген өзіндік қиыншылықтары болғанын білемін. Ол алдымен сомның құны түсіп кетуінен байқалды. 1993 жылы қараша айында атаммен бірге банкке барып, мыңдаған сомымызды 37 теңгеге айырбастап алғандағы өзіміздің төл теңгеміз айналымға енгеніне атамның жас балаша қуанғаны есімде қалыпты. Тәуелсіздіктің тағы бір қиындығын 1996 жылдары еліміз бойынша жаппай жарық өшіріліп, 1-2 сағатқа ғана ток берген кезде сезіндік. Біз балалықпен тәуелсіздік ұғымын түсіне бермесек те, сол кезде еліміздің басынан кешкен қиындығының шет жағасын көрдік. Қазір тәубе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуын мақсат етіп отырмыз. Өткенімізге қарап, болашақ жастарға мысал етіп айтатындай жағдайға жеттік. Сол кезбен салыстырғанда, қазіргі жағдайымызға шүкіршілік етуіміз керек.
– Қазақ-түрік лицейлерінде оқып, білім алған жастарымыз ана тілімізбен қатар, орыс, түрік, ағылшын тілдерін жетік біледі. Техникалық ғылым негіздерін де ағылшын тілінде оқып-меңгеруде. Көптілділікке қол жеткізудің құпиясы неде?
– Бізде химия, физика, математика, информатика, биология пәндері ағылшын тілінде жүреді. Ауылдан 7-сыныпқа келгендер негізінен ағылшын тілін білмей келеді. Сондықтан оларға бір жыл бойы аптасына 10 сағат ағылшын тілін оқытып, сөйлеу дағдысын қалыптастырамыз. Оксфордтың барлық оқулықтарын қолданамыз. 7-сыныпқа келген оқушы бір жылда ағылшын тілінде 25 әдеби кітап оқиды. Одан басқа деңгейлік кітаптар оқып, оларды талқылайды. Бала сөйлеген кезде қатеге көп көңіл бөлмейміз, ол қате жасап, оны түсініп, түзету арқылы тілді үйренеді. Демек, баланың тілді үйренуіне орта жасалады. Мектепте әр адамды көшбасшы етіп үйретеміз. Оқушылар мен мұғалімдердің ортақ мақсаты – Елбасының алдымызға қойған міндеттерін жұмыла атқару. Сонда ғана біз жетістікке жетеміз. Мақсат айқын, болашақта осы міндеттерді жүзеге асыратын жастарды біз тәрбиелейміз. Оларды біз қазір дайындамасақ, 15-20 жылдан кейін кеш болады.
– Лицейдің оқушылары орта білім беретін мекемелер арасында Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша үнемі алда келеді. Мәселен, 2013 жылы 105,26 балл болса, биыл 101,42 балл жинады. Сол түлектер бүгінде қайда жүр?
– Лицей ашылғаннан бері төрт мәрте түлектер ұшырдық. Олардың 160-сы грант иегері атанса, 30-ы Назарбаев Университетінде оқиды. 28 оқушы лицейді “Алтын белгіге” аяқтады. 30-дан астам түлегіміз Англия, Оңтүстік Корея, Қытай, Кипр, Франция, Австрия, тағы басқа елдерде оқиды. Республика көлемінде төрт жыл ішінде 21 оқушымыз жүлделі болды. Оқушымыз Жасұлан Шайхығали дүниежүзілік биологиялық олимпиададан бір күміс, бір қола медаль алды. Ол қазір Оңтүстік Кореяның Усан қаласында молекулярлық биология инженері мамандығы бойынша грантпен оқып жүр. Университет әкімшілігі тарапынан “Ең үздік шетелдік студент” атанды. Болашақта да оған университет докторант грантын ұсынуда. Арман Қаратаев – физика пәнінен республика бойынша алтын медаль иегері. Анар Сұратаева халықаралық олимпиадаға қатысу үшін республика құрама командасының қатарына енді. Өткен оқу жылында 17 оқушымыз халықаралық ғылыми жобаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Осындай шәкірттерді оқытқан Бақыт Рамазанов, Алтынай Қожабаева, Біржан Шаймардан, Асыл Исқақова, Айнагүл Рамазанова, Маржан Сүлейменова деген ұстаздарымыз мақтау қағаздарын алды.
Бүгінде лицейде оқып жүрген 228 оқушының 120-сы олимпиадаға қатысады. Олармен әр пән бойынша күнделікті дайындық сабақтары өткізіледі. 40 баламыз ғылыми жобалармен айналысады. Мектеп оқушыларының 70-80 пайызы осындай шаралармен қамтылады. Біз олардың алған білімдерін өмірде қолдана білулеріне баса назар аударамыз.
– Елбасы өз Жолдауларында қазақстандық патриотизмге ерекше мән береді. Сіздерден бітіріп шығып жатқан оқушыларды Қазақстанның патриоттары дей аламыз ба?
– Әл-Фараби айтқандай, балаға бірінші – тәрбие, содан кейін білім берілуі керек. Біздің әдістемеміз тәрбие арқылы білімге көңіл бөлуге негізделген. Оқушылардың ата-анасымен тығыз жұмыс істеп, түрлі іс-шаралар, консилиумдар өткіземіз. Ұстаздардың міндеті – жыл сайын білімі мықты, Отанды кіршіксіз сүйетін балаларды тәрбиелеу. Біздің балаларымыз нағыз патриоттар және бола да бермек.
– Сіздің ұстанымыңыз?
– Менің ұстанымым: алынбайтын қамал жоқ. Соның арқасында әрдайым жетістіктерге жетіп келемін. Мен қазақ, орыс тілдерінен басқа қытай, ағылшын, түрік тілдерін білемін. Қай жерден пайдалы мәлімет алуға болады, соны пайдаланамын. Бұл тіл білгендігімнің пайдасы, басымдығы деп білемін. Шетелдерде болып жатқан жағдайдың барлығын оқып, біліп, талдап отырамын. Оқушыларды да соған баулимын. Спортпен айналысамын, әр тілде әдеби кітап оқимын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
								
								