«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАУЫРЛАСТЫҚҚА БАУЛИМЫЗ

Биылғы жыл Қазақстан халқы үшін мерейтойларға толы болғалы отыр. “Қазақ хандығының 550 жылдығына”, “Ұлы Жеңістің 70 жылдығына”, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына”, Ата Заңымыздың қабылданғанына 20 жыл толуына байланысты жер-жерде ауқымды шаралар ұйымдастырылуда.

Бүгінгі күні Қазақстан әлемнің көптеген елдері үшін конфессияаралық толеранттылық пен этносаралық келісімнің үлгісіне айналғанын мақтанышпен айта аламыз. Біздің облыста 100-ге жуық этнос пен 10 конфессия өкілі бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде.  

Мен еңбек ететін Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде 30-дан астам этнос өкілдері білім алып, қызмет етеді. Біздің жастар бақытты! Олар тұрақтылық пен жайлы өмір сүруді қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Олар этносаралық және конфессияаралық қатынастар аясындағы бұл жайма-шуақ өмір сүру қалпын мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған көреген саясаттың нәтижесі екенін түсініп, бағалай білулері қажет. Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында ашылып жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедралары осы бағытта жастармен үйлесімді жұмыс атқаруда.

Алғашқылардың бірі болып ашылған М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы бір жылдың ішінде ауыз толтырып айтуға тұрарлық жұмыстар атқарды. ҚХА кафедрасы этноконфессиялық келісім мәселелері жөніндегі ЖОО-ның ғылыми жұмыстары, монографиялар, мақала және басқа да материалдарын топтастырып, басылымға шығарумен, студенттердің ғылыми-зерттеу, жұмыстарын ұйымдастырумен, әртүрлі деңгейдегі (халықаралық, республикалық, аймақтық, университеттік) конференция, “дөңгелек үстел”, байқаулар сияқты ғылыми шараларды өткізумен, Қазақстанның және шетелдің ғалымдарымен ғылыми ынтымақтастықты жүзеге асырумен айналысады.

Кафедрада университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы және қоғамдық ұйымдар өкілдерін қатыстыру арқылы ғылыми-әдістемелік бірлестік (ол – этнодемография, этнопедагогика, этнолингвистика, этнопоэтика, тарих және өлкетану, дінтану, құқық, мәдени сауықтыру және т.б. әдістемелік алаңдардан тұрады) құрылған. Болашақта бұл бірлестікті “Этномәдени зерттеулер орталығы” зертханасы ретінде кеңейту жоспарланып отыр.

Кафедра Қазақстан халқы облыстық ассамблеясына, этномәдени орталықтарға, қала және облыс мектептеріне, әсіресе, №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешеніне, Петропавл көлік-экономикалық, гуманитарлық-техникалық колледждеріндегі “Бейбітшілік пен келісім орталықтарына” ғылыми-әдістемелік көмек көрсетеді.

Осы оқу жылының басынан күндізгі бөлімнің барлық бакалавриат мамандықтарының 3 курс студенттері үшін оқу үдерісіне “Этноконфессиялық келісімнің қазақстандық моделі” атты арнайы курс енгіздік.

Бұл пән гуманитарлық, жаратылыстану-жағырафиялық, лингвистикалық, психология-педагогикалық, құқықтық ғылымдардың пәнаралық білімдерінің синтезінен туындаған. Сондай-ақ, студенттердің Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени, әлеуметтік-саяси жағдайлардың әсерінен пайда болған этникалық және конфессиялық дамудың үдерістері туралы көзқарастарының қалыптасуына, еліміздегі саяси тұрақтылық, толеранттылық, қоғамдағы рухани ынтымақтастықты сақтауға, Қазақстан халқының топтасуы мен азаматтық қауымдастықтың қалыптасуына белсенді қатысуына ықпал етеді. Кафедраның барлық бағыттағы жұмысы студенттерде жоғары адамгершілік қасиеттерді дамытып, толеранттылық пен патриотизмді тәрбиелеуге бағытталған. Сондықтан сабақтар ерекше түрде (пікірталас, диалог алаңдары, “дөңгелек үстелдер”, ғылыми-практикалық конференциялар, кинолекторийлер, презентациялар, жобалар қорғау, т.б.) өткізіледі. Бұл сабақтарға университеттің профессорлық-оқытушылық құрамынан, Қазақстан халқы Ассамблеясы, облыстың этномәдени орталықтарының қоғамдық, ағартушылық, білім беру ұйымдарынан сарапшылар шақырылады. Кафедраның басшылығымен біздің студенттер этноконфессиялық келісім мәселелері бойынша университеттің, қала мен облыс ұйымдарының ғылыми және қоғамдық маңызы бар шараларына қатысады. Бұл олар үшін өз бойындағы дарын-қабілетін дамыту ғана емес, қоғамға танылып, зиялы қауыммен танысудың тамаша мүмкіндігі болып табылады.

Біздің кафедрада Қазақстандағы этноконфессиялық қатынастар, этнодемографиялық даму, этнография, тілдік саясат, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі және басқа да мәселелер туралы әдебиеттер, кино, фото, фоноқұжаттардың қоры жиналып, жасақталуда.

Дильбар БЕГАЛИНА,

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің аға оқытушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp