«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАУЫРЛАС ХАЛЫҚТЫҢ БАТЫР АҚЫНЫ

Ақын, драматург, журналист Мұса Жәлел тірі болса, бүгінде 110 жасқа толар еді. Осыған орай Петропавлдағы Достық үйінде музыкалық-әдеби кеш өтті.

Өмірі ерлікке, батылдыққа толы жас таланттың туған күніне арналған шараға Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы және “Дуслык” татар-башқұрт қоғамдық бірлестігі мұрындық болды.

Татардың батыр ақыны Мұса Жәлелдің есімі әдебиет тарихында оның “Моабит дәптері” атты кітабы мен фашистер тұтқынында жүргізген ерлік күресі арқылы қалды. Ол бұрынғы Орынбор губерниясындағы Мустафино ауылында ескі заттарды сатумен айналысқан кәсіпкердің отбасында дүниеге келген. Орынбордағы “Хұсайния” медресесін бітірген соң Мәскеу мемлекеттік университетінде білімін жалғастырған. Содан кейін жас та талантты ақын балаларға арналған журналдың редакторы болып еңбек етті. Отызыншы жылдары жарық көрген “Орден алған миллион”, “Өлеңдер мен поэмалар” атты кітаптары мен “Директор мен Күн”, “Джиган”, “Хат тасушы” поэмалары татар әдебиетінің елеулі туындылары болып саналады.

Ел басына күн туып, қару көтерер ер-азаматтар майдан даласына аттанғанда Мұса Жәлел де қатарластарынан қалмай, Отанды жаудан қорғауға аттанған. Ол фашистермен соғысып жүріп, әскери тілші болған. 1942 жылы жау тұтқынына түсіп, Шпандау концлагеріне тоғытылған. Қапаста отырған кезде де ақынның қолынан қаламы түспей, өлең жазған. Астыртын топта жұмыс істегені үшін ол 1944 жылы Берлинде өлім жазасына кесілген.

Небәрі 38 жыл ғана өмір сүрген батыр ақын қаза болғаннан кейін көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры және лениндік сыйлықтың иегері деген жоғары марапатқа лайық деп танылған. Қанды майданда жүріп, қаруы мен қаламын қатар ұстаған жауынгер ақын, журналисті еске алу кешінде оның өлеңдері оқылып, өмірі көпке үлгі етілді.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp