«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Баянды болашаққа — нық сеніммен

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – жас мемлекетіміздің тарихындағы елеулі оқиға. Бұл – ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арманы. Егемендік жылдары біздің өңір де елімізбен бірге қалыптасу және даму жолын бастан өткерді. 1997 жылы бұрынғы үш ауданды біріктірудің нәтижесінде құрылған Ғабит Мүсірепов атындағы аудан осы уақыт аралығында толағай табыстарға қол жеткізді. Мәселен, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салалары қарқынды дамуда. Сондай-ақ өндіріс, шағын және орта кәсіпкерлік алға басып, инфрақұрылымдық жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Әлеуметтік нысандар бой көтеріп, тұрғын үйлер мен спорттық нысандар салынды.

Тәуелсіздік ала нарықтық экономикаға көшіп, бүгінде соның оң нәтижесін көре бастадық. Ауданда 1636 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Сондай-ақ азық-түлік өндірумен айналысатын 77 өнеркәсіп бар. Екі кәсіпорын ет, біреуі сүт өндіреді. Сондай-ақ 6 диірмен, 5 дайын тағам өндіру цехы, өсімдік майын шығаратын зауыт, 35 наубайхана, 15 бордақылау алаңы және 11 элеватор жұмыс істеп тұр. Ғабит Мүсірепов атындағы аудан облыста ғана емес, бүкіл республика бойынша астықты алқаптары ең көп аудан саналады. 700 мың гектарға дән себіледі. Мемлекет қолдауының нәтижесінде аграрлық салаға жаңа технологиялар енгізіліп, машина-трактор паркі жаңартылуда. Одақтан қалған ескі техникалардан біртіндеп құтылдық, қазір егіс алқаптарына әлемдік өндіруші компаниялардың егіс кешендері жүр. Жалпы дала жұмыстарының 80 пайызы осы техниканың көмегімен атқарылуда.

Тәуелсіздік жылдары жерді емген диқандар санының арта түскенін атап өткен жөн. Бүгіндері ауданда 200 шаруа қожалығы, 56 серіктестік бар. Бұл агроқұрылымдар егіншілікпен қатар мал шаруашылығымен де айналысуда. “Сыбаға”, “Құлан” және “Алтын асық” бағдарламалары сәтті жүзеге асуда. Әр жылдары “Возвышенка СК”, “Агрофирма “Приишимский”, “Ақселеу”, “Намыс”, “Агро-Есіл”, “Атамекен-Агро-Шұқыркөл” ЖШС-і асылтұқымды шаруашылық ашқан болатын. Соңғы жылдары сүт өндіруге көңіл бөліп отыр. Заманауи тауарлы-сүт фермалары салынып, шетелден қара мал жеткізілуде. Алдағы екі жылдың ішінде ауданда 13 тауарлы-сүт фермасы салынады. Атап айтқанда, “Астық Привольный” ЖШС-і 640, “Возвышенка СК” ЖШС-і 1200, “Әділ” мен “Колос” фермерлік шаруашылықтары 300 және 600 басқа арналған тауарлы-сүт фермаларының құрылысын жүргізбек. Үстіміздегі жылы “Ақселеу” ЖШС-і жарма шығаратын цех ашуды жоспарлауда. Сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлер сүтті қайта өңдеу, ет консервілерін шығаратын цехтар ашпақ. Ал келесі жылы “Адани Агро” мен “Атамекен Агро Целинный” ЖШС-лері 300 басқа арналған бордақылау алаңдарын пайдалануға береді деп күтілуде.

Тәуелсіздік жылдары аудандағы инфрақұрылымды дамыту басты назарда болды. Әсіресе, жолдың жағдайы нашар еді. Соңғы үш жылда аудандық маңызға ие жолдардың 22,9 пайызы жақсартылды. “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында Новоишимка ауылының 45 көшесіне жөндеу жүргізілді. Биыл тағы сегіз елді мекеннің көшелері жөнделеді. Бір қуантарлығы, көшелерді жарықтандыру мәселесі толықтай шешімін тапты. Қазіргі уақытта ауылдарға құбыр тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта Тоқсан би мен Ялта ауылдары таза ауызсуға қол жеткізеді.

Білім сапасы артып, білім ошақтарының материалдық жағдайы жақсарды. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша бірнеше мектепке күрделі жөндеу жүргізілді, балабақша мен мектеп жанындағы 30-дан астам шағын орталық қайта жаңартылды. Ал “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы аясында Пески және Буденное ауылдарында 250 және 90 орындық екі білім ошағы пайдалануға берілді. Жыл сайын бюджеттен бөлінетін қаражатқа білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базалары нығайтылуда. Тек 2019-2020 жылдары 17 мектепте жөндеу жұмыстары қолға алынды. Өнер мектебін қалпына келтіруге 27 млн. теңге жұмсалды. Ендігі кезекте Новосел, Бірлік және Тоқсан би ауылдарының білім ордаларына жөндеу жұмыстары басталады. Сондай-ақ тағы 9 мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалған.

Мәдениет саласында да атқарылған жұмыс аз емес. Соңғы екі жылдың ішінде аудандық Мәдениет үйі, Чистопол мен Рузаевкадағы ауыл клубы және Шұқыркөлдегі ойын-сауық орталығы жөнделді. Жыл соңына дейін Привольный, Червонное және Буденное ауылдарындағы клубтар қалпына келтірілетін болады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елімізде тұрғындар денсаулығын сақтауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның бір көрінісі ретінде аудандық орталық аурухана, Ломоносов пен Целинный дәрігерлік амбулаторияларының ғимараттарына жүргізілген күрделі жөндеуді айтуға болады. Биыл Новосел ауылындағы амбулаторияны жаңарту жоспарланып отыр. “АЗКО” ЖШС-і мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Пески ауылында медициналық қосынның құрылысын қолға алмақ. Құрылыс кәсіпкердің өз қаражатына жүргізілмек.

Соңғы бірер жылдың ішінде ауданда 25 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтерді. Олардың бірқатарын “Ишим гарант”, “Ақселеу”, “Агрофирма Приишимский”, “Астық Привольный”, “Управляющая компания “Әділ”, “Западное СК” серіктестіктері тұрғызды. Үстіміздегі жылы “Шаңырақ” бағдарламасы аясында аудан орталығында 50 пәтерлік баспана құрылысы басталды. Қазіргі уақытта тағы бір коммуналдық-жалгерлік үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалу үстінде. Сондай-ақ “Еңбек” бағдарламасы аясында жұмыс күші көп өңірлерден көшіп келген отбасыларға арнап 59 үй салынды. Қазіргі уақытта тағы 48 баспананың құрылысы жүргізілуде.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында өрісі кеңейген шаруашылық басшылары көптеген ауылдарды өз қамқорлықтарына алғанын атап айтқан жөн. Мәселен, Привольное, Нежинка, Тоқсан би, Рузаевка, Червонное, Ковыльное, Возвышенка және Раисовка ауылдары адам танымастай өзгерді. Мәселен, “Возвышенка СК” ЖШС-і қарамағындағы елді мекенге су мен газ тарту жұмыстарына 200 млн. теңге инвестиция құйды. Жуырда шаруашылық есебінен жергілікті асханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа саябақ пен ойын-сауық орталығы тұрғындардың игілігіне берілді. Қазіргі уақытта сауда орталығы қалпына келтірілуде. Ал “Астық-Привольный” ЖШС-і былтыр сұйық тыңайтқыш шығаратын зауытты іске қосқан болатын. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылды. Бүгіндері бұл шаруашылық заманауи тауарлы-сүт фермасының құрылысын жүргізуде. Яғни тағы 25 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Ата-бабаларымыз аңсап, армандап кеткен азаттықтың таңы атқанына да 30 жыл уақыт зымырап өте шықты. Ежелден еркіндікті аңсаған, сол үшін ғасырлар бойы аянбай күрескен халқымыз ұлы мұратына қол жеткізді. Тәуелсіздіктің қазақ еліне әкелген жақсылықтары ұлан-ғайыр. Біз бүгінде қуатты, егемен, еркін елде өмір сүріп жатырмыз. Берекелі бірлігіміз бен еселі еңбегіміз арқылы тарих сынағынан сүрінбей өттік. Баянды болашаққа нық сеніммен қараймыз.

Ағзам ТАСТЕМІРОВ,

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp