«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЯНДЫ БОЛАШАҚ БАҒДАРЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекет дамуының ұлттық жоспарын ұсынды.

Бұл бағдарламалық құжат әлемді жайлаған экономикалық дағдарыстың қарқынына тосқауыл болары сөзсіз. Бүгінде ел ішінде Қазақстанның дамуының бекем бағыты аталып жүрген аталмыш Жолдау экономикамыздағы құрылымдық реформаларды жалғастыратын сипатқа ие. Осы орайда Жамбыл ауданының атқарушы органдарының жұмысы экономикалық өсімнің тұрақты қарқынын сақтауға, мемлекеттік, салалық, өңірлік бағдарламаларды орындауға және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Біздің алдымызда жалпы өнім өндіруді ұлғайту, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу саласының қуаттылығын арттыру міндеттері тұр.  

Үстіміздегі жылдың қаңтар-шілде айларында ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 2897,4 млн. теңгені құрады. 2014 жылдың қаңтар-шілде айларымен салыстырсақ, нақты көлем индексі 101,7 пайыз болды.

Ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдарына тұрақты түрде мемлекет тарапынан субсидия беру арқылы қолдау көрсетіліп тұрады. Үстіміздегі жылдың басынан бері олар жоғары сұрыпты тұқым, жанар-жағармай, ауылшаруашылық дақылдарын өңдеуге қажетті тыңайтқыш сатып алуға 246 млн. теңге көлемінде субсидия алды. Сондай-ақ, ауылшаруашылық кәсіпорындарының материалдық-техникалық базасы да жақсартылуда. Мәселен, ауданның агроқұрылымдары 243,5 млн. теңгеге жаңа техника сатып алды.

Қазіргі таңда орақ науқаны қарқынды түрде жүргізілуде. Күзгі жиын-терінге мыңнан астам техника жұмылдырылып, өнім берекелілігі гектарынан 18 центнерден айналуда. Жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдары 195,2 мың гектар дәнді және дәнді-бұршақ дақылдар, 57 мың гектар майлы дақылдар сепкен болатын. Ауыл шаруашылығында бидайдың жоғары сапалы сұрпын өндіруге басымдық бере отырып, екінші маңызды сала – мал шаруашылығын дамытуға да зор мән берілген.

Біз төрт түліктің қадірін білетін халықпыз. Осы орайда мемлекеттің мал шаруашылығын дамыту бағдарламасының арқасында “Шатило и К” және “Агротехника Жамбыл” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қара малдың абердин-ангус асылтұқымын өсіру үшін шаруашылық-репродукторлар құрды. “Алисарай” жеке кәсіпкерлігі “Қазагроқаржы” акционерлік қоғамы арқылы симменталь және қазақтың ақбас сиыры тұқымынан 326 бас ірі қара сатып алды. “Сыбаға” бағдарламасы аясында “Егін Жай зерно” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде және “Коротенко” шаруа қожалығында етті бағыттағы жоғары өнімді 131 бас мал бар. Ал “Солтүстік жер”, “Идея Групп Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері алдағы уақытта қара мал сатып алуды жоспарлап отыр.

“Құлан” және “Алтын асық” бағдарламаларының қолайлы шарттары аудан тұрғындарының қызығушылығын оятты. Ауданның “Жылқының сүті – шекер, еті – бал”, “Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның – көл-көсір” деген бірқатар іскер тұрғындары 53 бас жылқы және 400 бас қой сатып алды. Сондай-ақ, әлі де 360 қой сатып алуға өтінім берілген. Өз қаражатына 303 бас ірі қара сатып алған кәсіпкерлер де бар. Жалпы жыл басынан бері асылтұқымды мал шаруашылығын қолдауға 67 млн. 587 мың теңге көлемінде субсидия алынды.

Аудан тұрғындарынан “Молсоюз” акционерлік қоғамы, “Сүт өнімдері”, “Маслодел”, “Петромилк” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері арқылы сүт сатып алу жұмысы ұйымдастырылды. Жоспарлы түрде ет сатып алу да жолға қойылды. Сонымен қатар, ауылдықтар өздерінен артылған өнімдерін сату үшін Петропавл қаласында ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелеріне барады.

Табыстың кілтін тауып, оның нәсібін көруге бел буған іскер азаматтарды қолдау үшін шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамытуда да айтарлықтай жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда ауданда 970 кәсіпкерлік субъектісі тұрақты жұмыс істеуде. Сондай-ақ, 372 инфрақұрылымды нысан қызмет көрсетіп, 245 жаңа жұмыс орны ашылды. Үстіміздегі жылы ашылған – 3 дүкен, наубайхана және 10 сауда павильоны тұтынушылардың қажеттілігін өтеуде.

“Бизнестің жол картасы – 2020” – дағдарыстан кейінгі дамудың бағыт-бағдарын айқындайтын, қолдаудың нақты тетіктері мен жолдары көрсетілген кешенді бағдарлама. Яғни, экономиканың дағдарыстан дамуға қарай қадам басуына серпін береді деуге негіз бар. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 385,2 млн. теңгеге 3 жоба жүзеге асырылды, 8 тұрақты жұмыс орны ашылды. Жалпы аталмыш бағдарламаны 10 адам пайдаланып, жүк тасымалдау және құс шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту үшін 18 млн. теңге көлемінде шағын несие алды.

Елбасы “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” атты халыққа Жолдауында рухани басымдықтарға да назар аударды. Президент: “Бiз тұрақтылықты бағалай бiлгенiмiздiң арқасында бүгiнгi табыстарға жеттiк. Ешкiмдi кемсiтпей, ешкiмнiң тiлi мен дiлiн мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкiндiк беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келемiз. Бiздiң кейiнгi ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз ел бiрлiгi болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты бiз әрбiр жастың бойына сiңiре бiлуге тиiспiз”, – деген болатын.

Көзі қарақты, көңілі ояу азаматтар Жамбыл ауданы рухани мұраға бай екенін жақсы біледі. Аудан топырағы құнарлылығымен ғана емес, түлеп ұшқан ұрпақтарымен де қадірлі. Қазақ әдебиетінің марғасқалары дүниеге келген жерде ата-бабаларының дәстүрін сақтап отырған отыздан аса этнос өкілдері өмір сүруде. Осы орайда қазақ елі үшін маңызды мерейтойларға толы үстіміздегі жылы аудан тұрғындары бірлік көрсетіп, жұмыла жүріп, ауқымды шараларды өткізді. Мәселен, 9 мамыр күні аудан орталығының жаңа Жеңіс саябағында Даңқ монументі ашылды және 150 түп ағаш отырғызылып, көгалдандыру жұмысы жүргізілді.

Иван ТУРКОВ,

Жамбыл ауданының әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp