«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЯННЫҢ ЕГІЗ ҚЫЗДАРЫ

Бүгінгі таңда елімізде 200 мыңдай неміс этносының өкілі өмір сүріп жатса, оның жиырма мыңнан астамы біздің өңірде қоныстанған. Облысымыздағы немістердің дені Тайынша, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар мен Петропавл қаласында тұрады.

Штирлер әулеті – Жамбыл ауданының Баян ауылындағы жалғыз неміс отбасы. Зұлмат жылдардағы сұрқия саясаттың құрбаны болған Адам мен Эрма Штир қазақ ауылынан пана тауып, осы жерде түндіктерін түрген. Ал тәрбиелеп өсірген тоғыз баласының барлығы бүгінде жеке отау тіккен. Дені өңірімізде өмір сүріп жатса, кейбірі тарихи отандарына оралған. Олар да екі-үш жылда бір рет балалық шақтары өткен ауылға келіп, туған жердің топырағына аунап-қунап қайтады. Бізге осының барлығын баяндап отырған Кристина мен Карина Штир – тоғыз ағайындының бірі Михаилдың қыздары. Егіз қыздар үстіміздегі жылы облыс орталығындағы Петропавл құрылыс-экономикалық колледжіне оқуға түскен екен.

– Біздің ауылда бірнеше этностың өкілі өмір сүреді, барлығымыз татумыз. Қайғыда да, қуанышта да бір-біріне қарайласатын ауылымның тұрғындары мен үшін ерекше жандар. Түрлі этнос болғасын олардың ұстанатын діндері әртүрлі екені сөзсіз. Мен сенімім бойынша католик болсам да, ауылда мешітке жиі барамын. Мектепте оқып жүрген кезімізде Наурыз мейрамын, Қазақстан халқының бірлігі күнін, Қазақстан халқы тілдері күнін атап өткенде сыныптағы оқушылар түрлі этностың өкілі болып киінеміз. Сол кезде бір-бірімізге көмектесу үшін әр этнос жайлы өз білгенімізді айтатынбыз, – дейді Кристина Штир.

Бала кездерінен бір-біріне түрі, тілі, діні басқа деп жатырқай қарауды білмеген жастардың рухани тазалығына тәнті болдым. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде өз ойларын еркін жеткізген Кристина мен Карина колледж табалдырығын енді ғана аттаса да, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүр.

– Мен Петропавл қаласындағы колледж студенттері арасында өткен қазақ тілі пәні бойынша олимпиадаға қатысып, екінші орын алдым. Қазақ ауылында өсіп, мемлекеттік тілде білім беретін мектепте оқыған мен үшін, әрине, қазақ тілінде сөйлеу қиын болған жоқ. Бірақ қазақ тілі бай тілдердің бірі екенін ескерсек, сауатты сөйлеп үйрену аса маңызды. Осы орайда, біз үшін қазақ тілін ана тілінен артық меңгерген, қазақтың “сары” шалы атанған Герольд Бельгер үлгі тұтар тұлға, – дейді Карина Штир. Қазір ол “техник құрылысшы” мамандығы бойынша білім алып жүр. Болашақта таңдаған мамандығы бойынша жоғары білім алуды армандайтын бойжеткен бағын Қазақстанда ғана емес, шетелде де сынағысы келеді. Мақсатшыл жастың кез келген асуды бағындырары сөзсіз.

Ал Кристинаның қалауы – педиатр болу және неміс тілін үйрену. Бүгінгі таңда бухгалтер мамандығы бойынша білім алып жүрсе де, колледжді тамамдағаннан кейін бірден құжаттарын медициналық академияға тапсырмақ. Осылайша, бала кездегі арманын орындап қана қоймай, Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамытуға өз үлесімді қоссам дейді. Ал ана тілін үйренгеннен кейін тарихи отанына барып, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысқысы келеді. “Бірақ мен онда қалмаймын. Қазақстанда өмір сүргім келеді”, – деген Кристина бұл сөзімен туған жерінен кетпейтіндігін аңғартты.

Болашақтарына зор сеніммен қарап, аз уақыттың ішінде көптің ішінен даралана білген егіздерге қатарластары да қызыға қарайды. Тіпті, оқытушылар да: “Бұл қыздардың ағасы Вадим де бізде оқыды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, түрлі байқауларға қатысып, колледж намысын қорғап жүрді”, – деген жылы лебіздерін жеткізді. Ағаларындай Кристина мен Карина да қазақы ортада өскендіктен “Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет” көрсетіп, биязы мінездерімен маңындағылардың көңілін жаулап үлгерген.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp