«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҒАЛЫ ӨСІМДІКТЕРДІ ҚОРҒАУ КЕРЕК

Бір ғасырлық тарихы бар ботаникалық бақ қайта жаңартылып, аумағы кеңейтілетіні жайлы хабарды газетімізде жариялаған едік. Алайда, нысан басшылығының жоспарланған өзгерістер өсімдіктерге кері әсерін тигізеді деген алаңдаушылығы басылар емес. Олардың кезекті өтініші “Qyzyljar – аdaldyq аlańy” жобалық кеңсесінің отырысында қаралды.

Ботаникалық бақты қайта жаңғырту жұмыстарына 200 млн. теңгеден астам ақша бөлінді. Нұр-Сұлтан қаласынан дизайнер келіп, жобаның сұлбасын әзірледі. Алайда, олар бақтың басшылығымен кеңесуді жөн көрмеген. Шарада ботаникалық бақ директорының орынбасары Артур Рязапов экологиялық сараптама жүргізу барысында ондағы бірегей өсімдіктерді қорғау жайы ескерілмегенін айтты. Елордалық компания әзірлеген жоба бойынша өсімдіктің сирек кездесетін түрлері өсетін орындар жөнделмек.
– Үлкен өсімдіктердің орнын ауыстырып, қайта отырғызу барысында қиындықтар туындауы мүмкін. Әрі біздің тәжірибемізде мұндай болған жоқ. Осыған ұқсас жобаларды қарап отырсақ, ерекше көзге түсетіні бар. Мәселен, қазір бақта бос тұрған орындарды тиімді пайдалануға болады. Бастысы, өсімдіктерге зиян келмеуін қадағалау керек, – деді Артур Рязапов.
Эскиздік жобаға сәйкес, бақты бірнеше аумаққа бөліп, ғашықтарға арналған, тағы басқа орындар жасауға болады. “Аталған жоба мемлекеттік сатып алу порталына жүктелді. Жолдарды біраз ығыстырып, орнына бірегей өсімдіктерді өсіруге болады. Шағын сәулет нысандарын тұрғызып, субұрқақты кеңейту жоспарланып отыр”, – деді ол.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Дамир Хабибулин қайта жаңғырту барысында нысанда жаңашылдықтар мен өзгерістер орын алатынын айтты. Сондықтан аталған өсімдіктердің маңыздылығын міндетті түрде ескеру керек.
Шара қорытындысында ботаникалық бақтың басшылығы олардың маңыздылығын, құндылығы мен бірегейлігін дәлелдейтін өсімдіктер мен материалдардың тізімін жасайтын болды. Соған байланысты жобаға түзетулер мен өзгертулер енгізіледі.

Сурет https://ru.sputniknews.kz сайтынан алынды.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp