«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҒАНЫ КӨТЕРУДЕН ТҮСКЕН ТАБЫС көзделген мақсатқа жұмсалуда

Осыдан жарты жыл бұрын облыс орталығын ауызсумен қамтамасыз ететін әрі кәріз суын шығарумен айналысатын “Қызылжар су” ЖШС көрсететін қызметінің бағасын көтерген болатын. Еліміздегі Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттіктің СҚО бойынша департаментіне өтініш білдірген субъект басшылары кәсіпорынның қызмет көрсету құрал-жабдықтары мен техникасы 80 пайызға тозығы жетіп тұрғандығын, оларды қалыпқа келтіру үшін мол қаржы керектігін алға тартып, бұл тығырықтан шығудың тиімді жолдарының бірі тарифті көтеру деп түсіндіргенді. Монополиялық субъектілердің тариф саясатын қадағалаушы орган осы мәселе бойынша қоғамдық тыңдау өткізіп, сараптама жасап, нәтижесінде тарифті 40 пайызға өсіруге келісім берген. Сол кезде кәсіпорын тұтынушы төлемінен түсетін табыс есебінен инвестициялық жоба бекітіп, 2014-2016 жылдар аралығында 1 миллиард 204 миллион теңгені материалдық-техникалық базасын жақсартуға жұмсауға міндеттенген еді. Биыл сол жоспарлы мақсат атқарылу үстінде.

Тарифтік смета есебінен атқарылып жатқан жұмыс туралы тұтынушыларға және қала белсенділеріне шынайы ақпарат беру – кәсіпорынға жүктелген тағы бір міндет. Жақында осыған байланысты департамент сарапшыларының, қала әкімдігі қызметкерлерінің, тұтынушылар құқығын қорғау ұйымдарының, ардагерлер кеңесі мен қалалық мәслихат депутаттарының қатысуымен кезекті баспасөз туры ұйымдастырылды. Кәсіпорын басшылары жиналған жұртты Петропавл қаласы аумағында жөнделіп жатқан нысандарға апарып, оларды жұмыстардың ұйымдастырылу барысымен таныстырды.

Бүгінгі таңда “Қызылжар су” ЖШС 308 шақырым су құбыры мен 240 шақырым кәріз су жүйесі арқылы 54 таза су айдайтын және 20 кәріз суларды соратын стансалардың көмегімен 520 су таратқыш құдықтарды пайдаланып, қызмет көрсетеді. Серіктестік өзіне қарасты нысандарды жаңғыртуға 2013 жылы республикалық және жергілікті бюджеттен 1748 млн. теңге көлемінде қаржы тартса, биыл 2041 млн. теңге бөлінбек. Ал тарифтік смета бойынша 386 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсалады деп жоспарланып отыр.

2013 жылы кәсіпорын өндірістік нысандарды толық және ағымдағы жөндеуден өткізу арқылы құрылғылардың тозығын 2,5 пайызға, судың техникалық шығынын 18,8 пайызға төмендеткен.

Баспасөз туры өткізілген бірінші нысан Борки кентіндегі жөндеу жұмыстарына байланысты болды. Онда кәріз суын реттейтін орталықтың қысым коллекторын жаңарту және 2,5 шақырымға жаңа құбыр тарту жұмысы басталған. №10 кәріз суын сору стансасы – қаладағы ірі нысандардың бірі. Темір жол маңындағы бірнеше шағын стансамен жалғасқан бұл нысанның атқаратын жұмысы ауқымды. Алайда, оның әбден тозығы жеткен ғимараты мен құрал-жабдықтары апатты жағдайда тұрғандығы бірден аңғарылады. Сондықтан кәсіпорын биыл ол стансаны жөндеуді қолға алып отыр. Тендерді ұтып алғандар жаз айының соңына дейін нысанның жұмыс үдерісіне бөгет жасамай, ғимаратты жаңартып, заманауи қондырғыларды орнатуға тиіс. Сондай-ақ, онда еңбек ортасы да жақсармақ. Алайда, осындай күрделі жөндеуді қажет етіп отырған тағы бір үлкен станса мен 17 шағын станса бар.

Ал облыс орталығының тұтынушыларына таратылатын ауыз- суды жоғары қабаттарға қысыммен көтеруді жүзеге асыратын 6 желілік станса болса, оның алғашқыларына автоматтандырылған құрылғылар орнатылып, есепті компьютер арқылы жүргізудің әрекеттері жасалуда. Сондай-ақ, олардың да ескірген ғимараттары мен құрылғылары біраз қаржыны талап ететін көрінеді.

Баспасөз туры кәсіпорынның мәжіліс залында жалғасып, онда серіктестік басшылары жиналған қауымға қысқаша есеп берді. Кәсіпорын директорының орынбасары Антон Макаровтың айтуынша, серіктестік бюджеттен және тұтынушылар төлемінен түскен барлық қаржыны мақсатты жұмсауда. Сонымен қатар, ол тиімділік көбіне электр үнемдегіш құрал-жабдықтарға байланысты екендігін де айтты. Өйткені, кәсіпорын электр қуатымен жабдықтаушы әріптестеріне тапқан пайдаларының басым бөлігін төлем ретінде беріп отырады екен. Сондықтан да басшылар кәсіпорынды заманауи электр үнемдегіш құрылғыларымен қамтамасыз етуді де басты назарда ұстап отыр. Сондай-ақ, олар жұмысшылардың жалақысын көбейтіп, еңбек ортасын жақсартуға да аса мән беріп отырғандарын жеткізді.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp