«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҒАНЫ ТҰРАҚТАНДЫРУДЫҢ ЖАҢА АМАЛЫ

Жыл басынан бері өңірімізде азық-түлік өнімдерінің бағасы 4,8 пайызға қымбаттады. Оның ішінде көкөніс бағасы 5,6 пайызға өскендігі тұрғындардың қалтасына салмақ түсірмей қоймады. Өткен жылмен салыстырғанда пияздың 70 пайызға, сәбіздің 40 пайызға, картоптың 17 пайызға қымбаттауы мемлекет қазынасынан қыруар қаржы бөлінетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру қоры бұл мәселені түбегейлі шеше алмай отырғандығын көрсетті.

Облыс орталығындағы “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінде өткен “дөңгелек үстел” басында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына қалай тосқауыл қоюға болады деген мәселе талқыланды.
Кездесу барысында белгілі болғандай, 2011 жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бөлшек саудадағы шекті бағасы нақтыланыпты. Саудагерлер шекті бағадан асырса, ақтық құны белгіленіп, одан жоғарыға саудалағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Десек те, 2011 жылдан бері бөлшек бағаның ақтық деңгейі бекітілмепті. Осы орайда бағаға қатысты қулық-сұмдық болмауы үшін шекті және ақтық бағаны бекіту бойынша заңнаманы жетілдіру қажеттілігі туындаған.
Үстіміздегі жылдың сәуір айында “Агроөнеркәсіп кешенін және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы” заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізіліпті. Соның бірі – тұрақтандыру қорына бөлінген қаржыны сауда нүктелері бар орта және шағын кәсіпкерлікке беру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруды жүзеге асырудың типтік ережесін әзірлеу. Қазір барлық өңірлер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруды жүзеге асырудың типтік ережесін әзірлеп жатыр екен. Ал тұрақтандыру қорының жұмысын реттейтін арнайы комиссия орта және шағын кәсіпкерлікке қаржы беруі үшін алдымен азық-түлік өнімдерінің тізімін белгілейді.
– Кәсіпкерлерге тұрақтандыру қорынан қаржы бөлінгенде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын қымбаттатпау жайлы міндеттемені мойнына алады. Мәселен, пияздың бағасын бір жыл бойы 70 теңгеден асырмауы керек. Бұл бағаны тұрақтандырудың ең тиімді жолы деп ойлаймын, – дейді “The last hope” үкіметтік емес ұйымы” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Руслан Асаубаев. 

Сурет https://24.kz сайтынан алынды.                                                                                                                          

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp