
2008 жылдың күзінде іске қосылған “Петропавл бройлер фабрикасы” ЖШС-і өз өнімдерін облыстан тысқары жерлерге де, атап айтқанда, Ақмола өңірі мен Астана қаласы тұрғындарына да сатуда. Бүгіндері оның 6 тауық қорасында 30 мыңнан астам балапан өсірілуде. Мұнда күн сайын 6 тонна құс еті дайындалады. Фабрика 2014 жылы 1504 тонна ет өндірсе, былтырғы көрсеткіш одан 200 тоннаға артқан.
– Тауардың сатылу географиясын кеңейтіп, кәсіпорынның танымалдығын арттыруға бағытталған жоспарымыз бар. Бірақ бұл бір күнде шешілетін мәселе емес. Биылғы жазда бар мүмкіндігімізді салып, технологияны жаңартып, бір қора салуды жоспарлап отырмыз, – дейді кәсіпорын директоры Рамазан Малғаждаров.
Былтыр Ресей рублінің бағамы құлдыраған кезде көптеген қазақстандық тауар өндірушілердің қиналып қалғанын білеміз. Аталмыш фабрика да осы сыннан өткен. Олар нарықты көрші елдің арзан тауарлары жайлап, отандық өнімдер өтпей, шығынмен жұмыс істегендерін ұмыта қойған жоқ. Дегенмен, ресейлік валютаның теңгеге шаққандағы бағамы қайта көтерілгенде олардың да жағдайы түзеле бастады. Басшының айтуынша, балапандарды бұған дейін Ресейден тасыған серіктестік былтырғы жылдың қыркүйегінен бастап өзіміздің Қызылжар ауданының Прибрежное ауылында ашылған “Инкубатори” серіктестігімен жұмыс істеуде. Жем-азықтың дәруменді қоспаларын Алматыдан, сол сияқты, көкшетаулық “Аграрис” серіктестігінен алдырады.
– Бүгінгі таңда баға 40 пайызға өсті. Мәселен, алдыңғы жылдары бір балапанды 100 теңгеден сатып алсақ, қазір – 135 теңге. Жемазықтың да жайы осындай. Дегенмен, тауар бағасын шарықтатуды мақсат етіп отырған жоқпыз. Табыстылықты бағамен емес, тұтынушылар қатарын өсірумен еңсермек ойымыз бар, – дейді Рамазан Қайдарұлы.
Бұл фабриканы кезінде Индустрияландыру картасы бойынша Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашқан. Осыдан 4-5 жыл бұрын ол тәй-тәйлап тұрған кәсіпорын болса, бүгінде өңірдің іргелі өндіріс орындарының бірінен саналады. Басшы бастапқыда осы кәсіпке қатысты көп нәрсені еңбеккерлермен бірге жүріп үйренгенін еске алады. Бұл – жаңа техникалар мен құрал-жабдықтар, жаңаша жұмыс үдерісі, нәзік балапандар, бәсекелестік, барлығы бүйірден қысып тұрған кез болатын. Нарық әлсіздерге қол емес, сондықтан кәсіпорын әкімшілігі тез ысылу қажеттігін бірден ұққан. Рамазан Қайдарұлы қоластындағыларға жұмысты дұрыс ұйымдастыра білсең ғана жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге болатынын қайталаудан жалықпайды әрі соны талап етеді. Бүгінде серіктестікте 70 адам еңбек етеді.
Жаһандық дағдарыс заманында, өндірістің бәсекелестікке қабілетті болуы және елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін отандық тауар өндірушіге Үкіметтен қолдау сұрау орынды. Жыл сайын аталмыш фабрика еттің әр килограмына мемлекеттен 50 теңге демеуқаржы алады. Сондай-ақ, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша кәсіпорынның банк алдындағы төлемінің жылдық сыйақы мөлшерлемесінің 7 пайызы мемлекет есебінен жабылуда. Бұл – жас кәсіпорын үшін үлкен көмек.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.