Облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеевтің қатысуымен мемлекеттік сатып алулар бойынша жергілікті тауар үлесін арттыру және отандық тауар өндірушілерді қолдау комиссиясының алғашқы отырысы өтті.
Облыстық әкімдік пен облыстық кәсіпкерлер палатасының бірлесуімен жергілікті тауар үлесін арттыру және отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі комиссия құрылып, өз жұмысын бастаған болатын. Облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев пен облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақовтың төрағалық етуімен өткен комиссияның алғашқы отырысында білім саласында кәсіпкерлермен жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алуларға қатысты мәселелер кеңінен талқыланды.
– Құрылған комиссия тиімді жұмыс істеуі қажет. Оған біз өз үлесімізді қосуымыз керек. Біз әрқашан отандық тауар өндірушілерді қолдаймыз. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуымыз кәсіпкерліктегі бәсекелестікті арттыруға ықпал етеді. Сондықтан бұл комиссияның басты мақсаты – отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетіп, жергілікті тауар үлесін арттыру, – деді Мұхтар Манкеев.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы үстіміздегі жылдың ақпан айында мемлекеттік сатып алулар бойынша сараптама жүргізген. Осы орайда Тұрар Ысқақов оның қорытындыларына тоқталды. Сол сияқты тапсырыс берушілермен мемлекеттік сатып алулар порталы толық көлемде толтырылмайтынын және жергілікті тауар үлесінің пайызы көрсетілмейтінін жеткізді. Комиссия отырысында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Хасенова білім саласындағы мемлекеттік сатып алулар жөнінде баяндады.
– Өткен жылы азық-түлік өнімдеріне қатысты мемлекеттік сатып алулар барлық талапқа сай жүргізілді. Кәсіпорындармен 311 миллион теңгенің келісімшарты жасалды. Соның 302 миллион теңгесі – отандық тауар өндірушілердің өнімдері. Алдағы уақытта мемлекеттік сатып алулар кезінде бағаға емес, тауарлардың сапасына баса көңіл бөлінеді. Ол үшін әр мектепте комиссия құрылатын болады. Комиссия мүшелерінің міндеті – өнім сапасына ұсыным беру, – деді ол.
– “Петушок” балабақшасы сары-май сатып алған кезде ресейлік стандартты көрсеткен. Мемлекеттік сатып алуларда осындай мәселелер жетерлік. Тауарды нұсқағанда оны нақты кодына сәйкес таңдау керек. Өнімге тапсырыс беруші кейбір мекемелер арзанын таңдайды. Ал оның сапасы талапқа сай болмауы мүмкін, – деді Мұхтар Наурызбайұлы.
Сараптау комиссиясының мүшелері алдағы уақытта өзге салалардың өкілдерімен де осындай жиындар өткізетін болады. Өйткені, көптеген мекемелер мемлекеттік сатып алулар кезінде олқылықтарға жол береді. Жоғарыда айтылғандай жергілікті өнім үлесінің пайызын көрсетпейді және құжаттарды дұрыс толтырмайды. Кей мекемелердің өнімнің арзанын таңдап, сапасын ескермейтіні де жасырын сыр емес.
Сараптау комиссиясының отырысында Петропавл қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлмира Кәрімова да өз ой-пікірін білдірді.
Комиссия мемлекеттік сатып алулар кезінде өнім сапасына мұқият болу қажеттігін ескертті.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.