Былтыр өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын өсіргені үшін 142 кәсіпкерге әкімшілік жаза тағайындалды. Оның 123-іне ескерту жасалса, 19-ына 1,6 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Жауапқа ірі, орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері тартылды.
Баға мәселесі «Amanat» партиясының облыстық филиалы жанындағы өңірлік даму кеңесі мен партиялық бақылау комиссиясының бірлескен отырысында қаралды. Өңір бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ләзім Мияшеваның сөзіне қарағанда, аталған заң бұзушылықтар сауда орындарына тексеріс жүргізу кезінде және электрондық шот-фактураларды талдау нәтижесінде анықталған.
Сонымен қатар мемлекеттік мекемелерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізу бойынша мемлекеттік сатып алу шарттарының бұзылғаны тіркелді. Мұндай фактілер өңірдегі білім беру мекемелеріне азық- түлік жеткізу кезінде анықталды. Кейбір жағдайларда орташа нарықтық баға ескерілмеген, бұл тауарлардың қымбаттауына алып келген. Аталған деректер бойынша материалдар тиісті органдарға, соның ішінде экономикалық тергеу департаменті мен прокуратураға жолданды. Сонымен қатар биылдан бастап әлеуметтік маңызы бар азық- түлік тауарларының бағасын негізсіз өсіргені үшін жаза күшейтілді.
«Баға бақылауын күшейту мақсатында Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, ескерту шарасы әкімшілік айыппұлмен алмастырылды. Жеке тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілері заң талаптарын сақтамаған жағдайда – 5 АЕК, орта кәсіпкерлік үшін – 35 АЕК, ал ірі кәсіпкерлікке – 150 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Егер бір жыл ішінде қайтадан заң бұзушылық орын алса, айыппұл мөлшері екі есе өседі», – деді Ләзім Мияшева.
Отырыс барысында картоп бағасына ерекше назар аударылды. 2024 жылдың қаңтар айында оның көтерме бағасы 220-250 теңгеге дейін жеткен. Ал үй маңындағы дүкендерде аталған өнім 340 теңгеден саудаланған. Бағаның өсуіне негізгі себептер – экспорт көлемінің артуы мен өнім сапасының төмендеуі. Бағаның көтерілуіне қарамастан, азаматтардан немесе қоғамдық ұйымдардан департаментке шағым түскен жоқ. Тек «e-Otinish» платформасы арқылы бір өтініш түскен, оның негізінде жүргізілген тексерістер нәтижесінде 4 сауда субъектісі жауапкершілікке тартылды.
Ілияс СӘБДИНОВ,
«Amanat» партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.