«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҒА ЖЕТПЕС ҚҰНДЫЛЫҚ

Тәуелсіздік күні – қанатын кеңге жайған егемен еліміздің ең басты мерекесі. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында әр қазақстандық үшін мерейлі мейрамға арналған салтанатты шара өтіп, елдің еңсесін тіктеуге сүбелі үлес қосып жүрген тұлғалар қошеметке бөленді.

Саланатты шарада жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов Тәуелсіздік – біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз екенін атап өтті.
– Жерлесіміз, ұлы ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, біз ғасырлар тоғысында ата-бабаларымыз аңсап, армандап кеткен азаттықтың алтын айына қол создық. Ежелден еркіндікті аңсаған, сол үшін ғасырлар бойы аянбай күрескен қазақ ұлы мұратына қол жеткізді. Тәуелсіздіктің қазақ еліне әкелген жақсылықтары ұлан-ғайыр. Біз бүгінде қуатты, егемен, еркін елде өмір сүріп жатырмыз. Берекелі бірлігіміз бен еселі еңбегіміз арқылы тарих сынағынан сүрінбей өттік. Сондықтан біз қашанда алға, баянды болашаққа нық сеніммен қараймыз, – деген өңір басшысы елімізде атқарылып жатқан жұмыстардың өңірімізде қалай көрініс тапқанына тоқталды.
Тәуелсіздік жылдары мыңдаған солтүстікқазақстандық баспаналы болды. 28 жылда өңірде 3 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Биыл 2018 жылмен салыстырғанда пайдалануға берілген пәтерлер 9 пайызға артты. Келесі жылы бұл көрсеткіш 40 пайызға дейін өсетін болады.
Облыс орталығында үш ауысымда оқыту мәселесі шешілді. «Береке» шағынауданында 600 орындық жаңа мектеп ашылды. «Жас өркен» шағын- ауданында осы жылдың соңына дейін 900 орындық мектеп пайдалануға берілсе, 900 орындық тағы бір білім ошағының құрылысы басталды. Жеті мектеп «Республиканың жүз үздік мектебі» рейтингіне кірді. Бұл жастарға оқу және еңбек ету үшін барлық жағдай жасалғандығын көрсетеді. Осының арқасында жастардың шетелге кетуі 18 пайызға төмендеді. Бұл атқарылған жұмыстың бір парасы ғана. Ал алда бұдан да ауқымды, маңызды міндеттер күтіп тұр.
Салтанатты шарада бір топ солтүстікқазақстандық Президент басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен мемлекеттік наградалармен марапатталды.
ЛОРД дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаттың мұғалімі Рахат Әзімбаеваға ІІ дәрежелі «Барыс» ордені, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы «Ақселеу» ЖШС-нің директоры Серік Малаевқа «Парасат» ордені табысталды. Сонымен қатар, «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдері, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы лайықты тұлғаларға тапсырылды. Олардың арасында ендігі жылы 100 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған облыстық «Soltústіk Qazaqstan» газеті жауапты хатшысының орынбасары Зарап Құсайынов та бар. Әріптесіміздің журналистика саласындағы көп жылдық және қажырлы еңбегі «Ерен еңбегі үшін» медалімен бағаланды.
Ал ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталған Есіл ауданындағы «Заградовское» ЖШС-нің механизаторы Серкелбай Жантуғанов биыл қырманға 8625 центнер астық жеткізіп, алға қойған жоспарды ойдағыдай орындаған.
– Біздің Отанымыз – ортақ, тілегіміз бен мақсатымыз – бір. Олай болса, Қазақстанның гүлденуі үшін аянбай еңбек етуге міндеттіміз, – деді озат механизатор.

Салтанатты шара өңіріміздің үздік өнерпаздары қатысқан концерттік бағдарламаға ұласып, жиналғандарға мерекелік көңіл күй сыйлады.

 


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp