Сенбі күні өңір басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен селекторлық режімде кеңес өтті. Облыс орталығы мен аудан басшыларының және ведомстволық мекемелердің жетекшілерінің басын қосқан бұл жиын ұлттық валюта – теңге бағамының еркіндікке жіберілуінен кейінгі өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды қадағалау мәселесіне арналды.
Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Айдын Керімбек өңірде әлеуметтік маңызы бар 33 азық-түлік тауарын сататын 1500 сауда орны штабтың бақылауына алынғанын айтты. Жүргізілген мониторинг бойынша күріш, нан, макарон, сүт, жұмыртқа, құс және сиыр еттері, өсімдік майы сияқты тауарларға баға қосылмаған. Тек көкөністің кейбір түрлері 10-15 пайызға өскені байқалады. Оған оңтүстік өңірлерден тауарлардың аз жеткізілуі себеп болып отыр. Ал жанармай-жағармайдың бір айға жететін қоры бар. Ведомстволық мекеме басшысы өз есебін нарықта көп тұтынылатын тауарларға алыпсатарлық әрекеттер мен әлеуметтік қысым байқалмады деп қорытындылады.
Ал “ҚР Ұлттық банкі” ММ СҚФ директоры Жомарт Қажырахымов өңірдегі валюта айырбастау дүңгіршектерінде соңғы үш күнде қандай жағдай орын алғанын баяндады. Осы мезгіл ішінде валюталық айырбас орындары тұтынушыларынан 4,5 миллион теңгенің шетел валюталарын сатып алып, 4 миллион теңге сатқан. Сенбі күні республика аумағында валюталардың белгіленген айырбас бағамы сақталды. Ол өз сөзінде Ұлттық банк қорында шетел валюталары жеткілікті екенін жеткізді.
Елдегі жағдайға байланысты жоспардан тыс мониторинг жүргізуге мәжбүр болғандардың бірі – статистика басқармасы. Олар кейбір тауарларға баға өскенін байқаған.
Мәселен, мектеп жасындағы балалардың киім-кешегі мен оқу құралдары қымбаттаған. Есептің осы тұсында өңір басшысы мұндай олқылықтарға жол бермеу керектігін сөз етіп, штаб мүшелеріне 1 қыркүйекке дейін мектеп киімі мен құрал-жабдықтарға бағаны тұрақты ұстау қажеттігін айтып, саудагерлермен келіссөз жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, қанттың бағасы 200 теңгеге жеткен.
Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Марат Шынтеміров өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының барлық түрлерінде халыққа шетел валюталары бағамдарының өзгертілуіне қандай себеп болғанын, бұл жаңалықтан қандай нәтиже күтілетіні туралы мақалалар мен хабарлар ұйымдастырылып жатқандығын сөз етті.
Жиында селекторлық режімде аудан басшылары байланысқа шығып, әрқайсысы өз аудандарындағы жағдайды баяндады. Аудандардағы жедел штабтар елді мекендерде тұрғындарды дүрліктіретін жайттардың орын алмағандығын сөз етті. Ақжар ауданының әкімі Серікбай Тұралиновке сөз кезегі келгенде ол ауданда жағдайдың тұрақты екендігін баяндай отырып, кәсіпкерлік жанданғанын қуана жеткізді. Оның айтуынша, аудан аумағындағы “Ақтөбе-Гласс” ЖШС-нің кварц құмына Ресей мен Қытай елдерінен тапсырыс түсе бастаған. Осы сияқты жағдай Ақжар өңіріндегі қиыршықтас өндіретін кәсіпорында да аңғарылады.
Жиын соңында өңір басшысы Ерік Сұлтанов штабтардың мүшелеріне әлеуметтік маңызы бар тауарларға қыркүйектің басына дейін ешқандай баға қосылмауын қадағалауды, соның негізінде билік басындағыларға саудагерлермен келіссөз жүргізуді тапсырды.
* * *
Өткен жексенбі күні облыс әкімі Ерік Сұлтанов облыс орталығындағы бірқатар сауда орындарын аралап, тауарлардың бағасын байқады. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар 33 азық-түлік тауарына бағаның көтерілмеуін қадағалап, сауда-саттықпен айналысып жүрген кәсіпкерлермен сөйлесті.
Өңір басшысының ат басын тіреген бірінші нысаны “Алтын Адал” сауда орталығы болды. Онда өңір басшысы ет, май, сүт, нан және көкөніс сатылатын қатарларды аралап, бұрынғы баға сақталғанына көз жеткізді. Одан кейін ол киім-кешектер сататын қатарға барып, мектеп оқушыларына арналған киімдердің бағасына назар аударды. Дүңгіршектерде тұрған сатушылар бірауыздан валюта бағамы еркіндікке жіберілгеннен кейін сауда-саттық бағасы өзгермегенін, бастауыш сынып оқушыларына арналған мектеп киімдері жиынтығын 4-5 мың теңгеден асырмайтындарын, маусымдық тауар саудасы кезінде баға өсімі негізсіз екенін айтты. Өңір басшысы бет түзеген келесі нысан “Тайга” сауда ғимараты болып, онда да күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасы өзгертілмегенін байқады. Ерік Хамзаұлы тек бір дүңгіршекте сүттің бағасы көтерілгенін көріп, аталмыш тауарды жергілікті кәсіпкерлер өндіретіндіктен, оның бағасын өсіру ретсіз екендігін ескертті.
Облыс басшысы дәрідәрмектің қандай бағамен сатылып жатқандығына да қызығушылық білдіріп, әлеуметтік дәріханаға бас сұқты. Онда әкім фармацевт Надежда Кучеренкомен тілдесіп, аталмыш дәріхана сататын өнімдердің біраз бөлігі отандық тауарлар екендігін, оларға баға қосылмайтындығын, ал шетелдерден әкелінген ескі тауарлар бұрынғы бағамен сатылатындығын естіді. Сала қызметкері бұдан әрі шетелдерден алынатын дәрі-дәрмектің бағасы қандай болатыны әзірге белгісіз екендігін жеткізді.
Өңірімізде 7 дүңгіршек ашып, “Каз-кур” сауда маркасымен сауда жүргізуді қолға алған кәсіпкер нарыққа тек қазақстандық тауық өнімдерін шығарады. Сондықтан онда баға өсімі туралы әңгіме қозғаудың қажеті жоқ. Ал тұрмыстық техникалар сататын “Технодом” сауда орнының жағдайы бұған кереғар. Өйткені, олардың тауарларының басым бөлігі сырттан әкелінеді. Әзірге бұл жер тыныш, баға бұрынғыдай. Ал жаңа тауарлар қандай бағамен сатылатынын уақыт көрсетеді.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.