Осыдан он бір жыл бұрын қолға алынған “Бизнестің жол картасы – 2020″ бағдарламасы нәтижелі жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлер арасында сұранысқа ие болғандықтан Үкімет оны 2025 жылға дейін жалғастыру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында хабарланды.
“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Мереке Сыздықовтың айтуынша, бұған дейін аталмыш бағдарлама аясында кәсіпкерлер 2,5 млрд. теңгеге дейін несие ресімдеу мүмкіндігіне ие болса, енді бұл сома 7 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылған.
– Біздің филиал “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында кәсібін жаңадан бастаған азаматтарға демеуқаржы беру және кепілдендіру құралдарын ұсынады. Бағдарламаға енгізілген өзгерістерге сәйкес бір кəсіпкерді кредиттік қолдау мөлшері 4,5 млрд. теңгеге ұлғайды. Бұған қоса іскер жандарға 6 пайыздық мөлшерлемемен несие ресімдеуге мүмкіндік туып отыр, – деді Мереке Өмірбекұлы.
Шара барысында мемлекет тарапынан кепілдендірілетін несиенің мөлшері 360 млн. теңгеден 1 млрд. теңгеге дейін өскені айтылды. Несиенің 50 пайызы қор тарапынан кепілдендіріледі. Ал 360 млн. теңгеге дейін берілетін несие бойынша мемлекеттік кепілдендіру мөлшері 85 пайызды құрайды.
Баяндамашының айтуынша, жыл басынан бері өңірімізде 4,5 млрд. теңгенің 59 жобасы қаржыландырылса, оның басым бөлігін қайта өңдеу саласы құраған. Коронавирусқа байланысты енгізілген карантин кезінде шағын және орта бизнес өкілдеріне ерекше қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, 16 наурыз бен 15 маусым аралығында төтенше жағдай кезінде жұмысы тұралап, табысынан айырылған кәсіпкерлердің несиені төлеу мерзімі шегеріліп, өсімпұлдар ескерілмейтін болды. “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры да кәсіпкерлердің өтінішін қарау шарттарын жеңілдетуде. Нәтижесінде 16 наурыздан бері демеуқаржы беру бойынша 10,474 млрд. теңгенің 68 жобасы, ал кепілдендіру бойынша 2,246 млрд. теңгенің 79 жобасы онлайн қаралды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.