“Өзге елдің оты өз еліңнің түтініне татымас” деп атам қазақ біліп айтқан ғой. Бабаларымыздың көрегендікпен айтқан сөзінің мән-мағынасын, аталарымыздың туған жерге деген сағынышын жат жерде жүріп мен де өне бойымнан өткізіп, түсіндім. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен ата-бабаларымыздың кіндік қаны тамған тарихи Отанымызға отбасыммен көшіп келдім. “Ат айналып қазығын табар, ер айналып елін табар” дегендей, оралман мәртебесін алып, 2004 жылдың жазынан бері туған топырағымызда аунап-қунап жүрген жайымыз бар. Өзбек жерінен келген біздерге аудан әкімшілігі де материалдық және моральдық жағынан жағдайымызды жасады. Бүгінде Мағжан Жұмабаев ауданындағы Медвежка елді мекенінде тұрып жатырмыз.
Көпэтносты ел болуымыз – біздің байлығымыз, мақтанышымыз екендігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің әр сөзінде айтады. Біздің Медвежка ауылында да көпэтностар бір-бірімен тату-тәтті тұрмыс кешіп, еліміздің жарқын болашағы үшін жұмылуда. Қазақстанның әлемнің ең дамыған отыз мемлекетінің қатарынан көрінуі үшін Елбасының жүргізіп отырған сындарлы саясатының, соңғы кезде қабылданып жатқан бағдарламаларының арқасында көптеген кәсіпорындар ашылып, әртүрлі мамандар даярланып, олар жұмыспен қамтылуда.
Өзім де “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы аясында Петропавл қаласындағы гуманитарлық-техникалық колледжде мемлекеттік тілде іс жүргізетін хатшы-референт мамандығы бойынша курстан өттім. Онда бұдан басқа автомеханик, дәнекерлеуші, есепші, тағы басқа мамандықтар бойынша орыс тілінде кадрлар даярланады екен. Бүгінде аталмыш бағдарлама аясында курста алған біліміммен Медвежка орта мектебінде тәжірибеден өтіп жүрмін. Бұл мен үшін үлкен қолдау болады деген ойдамын. Өйткені, бұған дейін арнайы мамандығым болмаған соң, үйдегі азын-аулақ малды бағып, сонымен қажетімізді айырып отыр едік.
Біліктілік курстарында бізге қазақ тілінде іс жүргізу туралы Майра Жүкенова жан-жақты түсінік берсе, Алмат Мәкішев компьютердің қыр-сырын тәжірибе барысында меңгертті. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында мен сияқты қайта даярлықтан өтіп, жаңа мамандыққа ие болу мүмкіндігін алған жүздеген адамдарға білімдері мен тәжірибелерін үйретуден аянбай, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жүрген ұстаздарға шексіз алғысымды жеткізгім келеді.
Қайрат ГҮЛМЕТОВ,
Медвежка ауылының тұрғыны.
Мағжан Жұмабаев ауданы.