«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҒДАРЛАМА — ДЕПУТАТТАР БАҚЫЛАУЫНДА

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының депутаттық фракциясының отырысында төрт мәселе қаралды. Соның бірі Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын iске асыру және көлеңкелi экономикаға қарсы iс-қимылды жүзеге асырудың 2015-2017 жылдарға арналған өңірлік iс-шаралар жоспарының орындалуы болды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының орынбасары Елена Степаненко ел бойынша жемқорлық ең аз тіркелген өңір екенімізді тілге тиек етті.

– Жалпы өңірлік жоспардың орындалуы қанағаттанарлық деңгейде. Облыс бойынша сыбайлас жемқорлық туралы түсіндіру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Түрлі мәндегі 600-ден астам шара өткізіліп, бұл бағытта атқарылған жұмыстар республика бойынша ең үздік деп танылды, – деді Елена Федоровна.

Сондай-ақ, депутаттар мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысына назар аударды. Биыл “Нұрлы жол” бағдарламасы бойынша республикалық маңыздағы автомобиль жолдарын жөндеуге мемлекеттік бюджеттен 7,5 млрд. теңге қаржы бөлінген еді. Бөлінген қаржы тиімді жұмсалса, Петропавлдан Ресей шекарасына дейінгі республикалық маңызға ие 60 шақырым жол жаңартылып, облыс орталығындағы жолдар мен көпір жөнделеді. Бұл ауқымды жұмысты келер жылдың күзінде аяқтау жоспарланып отыр.

Ал үстіміздегі жылы іске қосылған “Нұрлы жер” бағдарламасының басты мақсаттарының бірі – бірыңғай жер үйлер тұрғызу болса, бүгінде Солнечный кентінен жер бөлініп, онда 80 үй салу көзделіп отыр.

Отырыс барысында өңірде спорттың дамуы да әңгіме өзегіне айналды. Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Руслан Есеналин өңір республика бойынша бұқаралық спортпен айналысушылар саны бойынша екінші орында тұрғанын айтты. Қазір Уәлиханов ауданының Кішкенекөл ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, ал облыс орталығында әмбебап теннис орталығының құрылысы жүргізілуде.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp