Биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығы. Бұл мәртебелі мереке. Тарих үшін қас қағым сәт болуы мүмкін, бірақ осы ширек ғасыр уақытта еліміз биік белестерді бағындырып, дамудың даңғыл жолына түсті. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев көрегендігі мен сындарлы саясатының, темірдей қатты тәртібінің, ұстамдылығының арқасында кеңес үкіметі ыдырап кеткен кезде тұралап қалған Қазақ елін аяғынан тік тұрғыза алды. Бұл үлкен жетістік және жарқын өмірге бастаған қарымды қадамның ең алғашқы баспалдағы болды деп ойлаймын.
Тарихта талай-талай ауыртпалықты бастан кешірсе де, ешкімге басын имеген қазақ халқы қазір әлемдік дүбірге қосылып, топ жарып алға шықты. Осының барлығына Елбасының сындарлы саясатының арқасында қол жеткізіп отырмыз. Ертеңіміз үшін аянбай еңбек етіп жүрген көшбасшымыз тәуелсіздік туралы: “Тәуелсіздіктің қайта оралғаны – біздің ата-бабаларымыздың сан ғасырлық азаттық күресінің заңды өтеуі. Жаратқан иенің жасаған әділдігі. Ата-бабаларымыздың осыншама байтақ жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалғанының арқасы” деген болатын. Бұл шынымен де солай. Осы ретте жастарымыз тәуелсіздік туын тігуге қаншама қажыр-қайрат керек болғанын, елімізді, жерімізді қорғау үшін бірліктің қаншалықты қымбат екенін түсінсе абзал.
Бейбіт жолмен келген тәуелсіздіктің мәні де, маңызы да зор. Оны көзіміздің қарашығындай сақтап, елдігімізді, тұғырлы мемлекетімізді ғұмырлы ету үшін қолдан келгенше баршамыз атсалысуымыз керек.
Қашанда ең алдымен халқының жағдайын ойлайтын Елбасымыз қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту үшін жаңа жұмыс орындарын ашуды, жұмыссыздықты азайтуды қолға алды. Осындай жақсылықтарға қалайша қуанбайсың?!
Көрші елдермен ұзақ жылдарға созылған күрделі келіссөздердің арқасында мемлекеттік шекарамыз бекітілді. Бұл да үлкен жетістік. Еліміздің өркендеп дамуы үшін халқымыздың денсаулығы мен білім деңгейін жақсартуға бағытталған “100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттік бағдарламасы қабылданды және бүгінде ол ауқымды жұмыстар нәтижелі түрде орындалып жатыр. Осындай шаралардың нәтижесінде облыс орталығында, аудандарда қаншама мектептер мен балабақшалар ашылып, ата-аналар қуанышқа бөленді.
Медициналық мекемелерге заманауи үлгідегі құрал-жабдықтар орнатылып, халықтың игілігіне пайдаланылуда. Бұрындары күрделі ота жасату үшін сырқат адамдар шетелге баратын немесе мамандар шақыртатын. Ал қазір мұндай мүмкіндіктің барлығы өзімізде де бар. Тәжірибелі, білімді мамандар қаншама адамның өміріне араша түсіп, жаңа мүмкіндік сыйлап, алғысқа бөленуде. Бұл медицинамыздың дамығанының бірден-бір белгісі.
Ауыл шаруашылығы саласын жандандыруға, халықты азық-түлікпен молынан қамтамасыз ету жолында, мүмкіндігінше импортты қысқарта отырып, экспортқа жүйелі түрде жол ашуға бағытталған көптеген бағдарламалар жоспарлы түрде іске асырылуда. Шикізат өңдеу саласы жолға қойылуда. Азық-түлік қауіпсіздігі тыңғылықты қадағалануда.
Темір жол саласында көптеген жаңашылдықтар іске асырылуда. Бейнеу-Шұбаркөл жолы жаңадан салынып қатарға қосылды, Тұлпар-Тальго жүрдек пойызы бірнеше бағытта жолаушылардың уақытын үнемдей отырып, көңілге қонымды, тыңғылықты қызмет атқаруда. Елімізде “Жүк және жолаушылар” вагондары құрастырылуда.
Автомобиль жолдары жаңадан салынуда. Үстіміздегі жылы Астана-Көкшетау-Петропавл бағытындағы тасжолдың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл халықтың жүріс-тұрысына, қарым-қатынасына жақсылық әкелері сөзсіз.
Ел жүрегі – Астанадан қан тамырындай таралатын аймақ орталықтарына, басқа да елді мекендерге жол құрылысы келешек жоспарларда тұрғаны белгілі және қазірдің өзінде Астана-Алматы, Астана-Павлодар, Астана-Өскемен тас-жолдарының құрылысы жүргізіліп жатыр.
“Ұлы Жібек” жолын қалпына келтіру бағытында өте күрделі халықаралық маңыздағы Батыс Қытай – Батыс Еуропа тас жолының орны ерекше.
Біздің қаламыздағы көптен қаңырап бос тұрған Петропавл әуежайы күрделі жөндеуден өткізіліп халықаралық деңгейдегі әуе қатынастарына лайықты құрал-жабдықтармен жарақтандырылып, жыл соңына дейін іске қосылмақшы. Мұның өзі жолаушыларға жақсы жағдай тудырары сөзсіз.
Құрылыс саласында көптеген істер атқарылуда. Жаңа қонақүйлер, соңғы үлгідегі жатақханалар, көпқабатты тұрғын үйлер молынан салынуда. Бұл жерде халқымыздың қамын ойлаған Елбасымыз қолжетімді тұрғын үйлерді молынан тұрғызу үшін Ұлттық қордан қыруар қаржы бөлгенін айта кеткен жөн. Оған қоса тұрғын үй құрылыс-жинақ банкіндегі баспанаға арнап қаржы жинап жүрген жекеменшік салымшыларға төл теңгеміздің еркін айналымға шығуына байланысты үстеме қаржы – өтемақы төленуі өте мол қамқорлық деп түсіне білген жөн.
Бұған қоса айта кетерлік жайт, бұрын шетелдерден тасылатын құрылыс материалдары өзіміздің елдің шикізатынан, туған елімізде, өз күшімізбен шығарыла бастады. Бұл өз кезегінде көптеген жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіншілік тудырды.
Білім мен ғылым салаларында тың жаңашылдықтар орын алды. “Болашақ” бағдарламасы, дарынды балаларға арналған мектептер, “Қазақ-түрік” лицейлері, арнайы білім беруге негізделген колледждер, шетелдермен бірігіп ашылып жатқан әлемдік деңгейдегі жоғары білім беретін университеттер, әр облыс орталығында ашылған Назарбаев Зияткерлік мектебі, міне, осыларда оқып, дәріс алып жүрген оқушыларда да, аталмыш оқу орнында қызмет атқарып жүрген ұстаздарда да арман жоқ. Бұл жарқын болашақтың алтын ұясы.
“Дипломмен – ауылға!”,“Жастар тәжірибесі” бағдарламалары да елдің қамы үшін жасалып отырған игі шаралар. Ауылға жас мамандар барып, орнығып, тамыр жайып, ел ертеңі үшін еңбек етсе, елді мекендер жабылмайды, керісінше, өркендеп, гүлдене түседі.
Жарқын болашаққа бастайтын баспалдақтың бірі – Республика Президентінің “100 нақты қадам” Ұлт жоспары. Бұл стратегиялық бағдарлама қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, біздің еліміздің экономикасын дамытуға оң серпін берері айдан анық. Қазір аталмыш жоспар бойынша қыруар шаруалар жүзеге асуда. Мұның барлығы кемел келешек үшін істеліп отырған жұмыстар. Ел көркейсе, біздің де еңсеміз көтеріледі, жүрекке жылылық ұялап, мақтаныш сезіміне бөленеміз. Ортақ мақсатқа айналған “Мәңгілік Ел” идеясын межеге жеткізу үшін бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек.
2015 жылға арналған Жолдауында Елбасымыз: “Біз жалпыұлттық идеямыз – “Мәңгілік Елді” басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын “Нұрлы Жолға” айналдырдық. “Mәңгілік Ел” – елдің біріктіруші күші”, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол “Қазақстан – 2050” Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры”, – деп айқын көрсетіп берді. Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанып отырған стратегиялық саясаты – болашаққа бастар бағдаршам. Көреген көшбасшымыздың төңірегіне топтасып, бір адамдай жұмылып жұмыс істесек, егемен еліміз әлі алда талай асуларды алып, биіктерді бағындырады.
Биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен облысымыздың 80 жылдығы қатар келіп отыр. Бұл елеулі оқиғалар. Кеңес үкіметі ыдыраған кезде, өңірімізде тіршілік тоқтап қалды деуге болады. Себебі, 12 аудандағы 156 кеңшар мен ұжымшар ыдырап, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Облыс орталығы Петропавл қаласының өзінде ғана одақтық орталықтан басқарылатын алты бірдей қорғаныс саласының зауыттары тоқтап қалды. Басқасын айтпағанда, көпшілік жұмыс орындарының жабылуына байланысты жұмыссыздық жаппай орын алды. Облысымыздың орталығында, қалалар мен елді мекендерде жылу мен жарық тапшылығы айқын сезілді. Жылу-электр орталығының жұмыс деңгейі нашарлады, газ тапшылығы тұрғындардың діңкесін құртты. Көпқабатты үйлердің тұрғындары есік алдына от жағып, шай қайнатып, тамақ пісіруге мәжбүр болды. Үйлер мен жатақханаларда, мектептер мен балабақшаларда, ауруханалар мен емханаларда халық суыққа тоңып, көп қиындықтарға тап болды. Қазір еске алып отырсам, ол шынымен де қиын күндер болған екен. Елбасының сындарлы саясаты арқасында облыс әкімі лауазымына адал да іскер, ынта-жігері мол, адамгершілігі мен азаматтығы нық Даниал Ахметов келіп, іске кіріскеннен бастап жағдай оң өзгерістерге бет бұрды деуге болады. Ең алдымен жылу-электр орталығының жағдайын түзу жолға қоюды қолға алғанының арқасында жарық пен жылу мәселелері шешіле бастады. Мұны сезіне бастаған тұрғындардың көңілдерінде жарқын болашаққа деген үміт оты оянды. Газбен, жанар-жағармаймен жабдықтау жөнге келтіріле бастады. Сауда орындарындағы азық-түлік тапшылығы біртіндеп жойылды. Қала ішінде және облыстың елді мекендеріне қатынасатын көлік қозғалысы жөнге келтірілді. Құрылыс, ауыл шаруашылығы, өндіріс салаларында ауқымды істер атқарылды. Арада жылдар өтті, бірнеше облыс әкімі қызмет атқарып, өз шама-шарқынша еліміздің ілгері басып дамуына үлестерін қосқандары күмәнсіз.
Жоғарғы лауазымды қызметтерді атқара жүріп, мол тәжірибе жинақтап елге оралған жерлесіміз Ерік Хамзаұлы Сұлтановтың орны ерекше. Кіндік қаны тамған, қасиетті де, киелі туған топырақты басып жүріп, Елбасының сенімімен жерлестердің үмітін ақтау жеңіл жүк емес. Бірақ жақсының жақсылығын айту керек. Өңір басшысының облысымыздың дамуына қосып отырған еңбегі өлшеусіз.
Облысымыздың бүгінгі жеткен жетістігіне, тұрғындарының тұрмыс деңгейі көтеріліп келе жатқанына, дән ризамын. Мен елдегі тұрмыс тауқыметімен ерте есейіп, ұжымшар жұмысына араластым, жалаң аяқ, жалаң бас жүріп ұжымшарда істемеген жұмысым жоқ. Соғыстың отты жылдарында да тылдағы шаруаны елде қалған кәрі-құртаң аталармен, әжелермен бірге атқардық. Сөйтіп жүріп, еңбекпен шыңдалдық.
Қазір заман өзгерді. Жастар үшін оқуға да, жұмыс істеуге де, ғылыммен айналысуға да барлық мүмкіндік жасалған. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, білім алып, ел ертеңі үшін қызмет ету әркімнің және баршаның міндеті.
Жастар – ел болашағы. Олардың биік белестерді бағындырғанын көрсек, қуанып, мерейіміз өсіп қалады. Олай болса, біздер, алдыңғы толқын ағалар, жастардың өсіп, өркендегенін қалаймыз. Мәңгілік Ел болу үшін бұл маңызды қадамдардың бірі.
Тілек ӘБДІРАХМАНОВ,
еңбек ардагері.