«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БАҒЫНДЫРАР БЕЛЕСТЕРІМ ӘЛІ АЛДА”

Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков, Дәулет Тұрлыханов… Олимпиада шыңын бағындырған бұл жандарды қазақтың маңдайына біткен балуандары десек, артық айтпаймыз. Грек-рим күресінің жілігін шағып, майын ішкен спортшылар қазақтың талай баласына үлгі болды. Бүгіндері солардың жолын қуған жастардың бірі – петропавлдық Бауыржан Мусин де белдескеннің тізесін бүгіп, жауырынын жер иіскетіп жүр. Өңіріміздің, еліміздің құрама командасының қоржынына бірнеше алтын салған чемпионды әңгімеге тарттық.

– Бауыржан, былтырғы жылдың соңында спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы кубогында жеңіске жеткеніңізді білеміз. Жарыс қалай өтті?

– Бұл жарыста өңір құрамасы сапында мен және тағы алты жігіт күресіп, жартылай финалдық бәсекеде Данияр Кәленов 67 килограмм салмақ дәрежесінде, мен 97 салмақта жеңіске жеттім. Қалған бес балуан сәтсіздікке ұшырап, ұпай бойынша Алматы облысының өкілдеріне есе жібердік. Бұл нәтиже ақтық кезеңге шығуға мүмкіндік бермеді. Осылайша, құрамамызға қола жүлде табысталды. Дегенмен, бұл да жақсы көрсеткіш.

– Сіздің спорттағы жолыңыз қалай басталды? Күрестің “әліппесін” оқытқан кім?

– Спортқа келуіме бірден-бір себепші адам – атам Жұмай. Ол мені кішкентайымнан спортқа баулыды. Оған қоса, туған жерім – Мағжан Жұмабаев ауданындағы бұрынғы Камышлово ауылының ыстық топырағы, тұнық ауасы бойыма күш-қуат дарытты десем, қателеспеймін. Петропавлдағы әл-Фараби мектеп-лицейінде оқып жүргенде де залға жиі барып, грек-рим күресінің қыр-сырын меңгердім. Бұл жолда жаттықтырушыларым Ғалым Өркешовтің, Дамир Омаровтың, Сергей Ямпольскийдің және Қонысбек Түкеновтің еңбектері өлшеусіз.

– Енді белдесулер жайлы әңгіме тарқатсақ. Қазақстан Республикасының спорт шебері атану үшін біраз тер төккеніңіз айдан анық.

– Шынықсаң, еңбегіңнің жемісін көресің. Осы қарапайым қағиданы берік ұстанған мен облыстық біріншіліктерде ылғи көш бастап жүрдім. Сөйтіп, жеңіске жетуге деген ұмтылысымның зор екенін ұққан бапкерлерім мені байрақты бәсекелерге қосты. Осындай мүмкіндікті мүлт жібермей, 2012 жылдың басында Ресейдің Кемерово қаласында грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында өткен халықаралық турнирден қола жүлде еншілеп қайттым. Ал сол жылдың соңына таман Петропавл қаласында грек-рим күресінен спорт шебері, еліміздің үздік балуандарының бірі болған Уәлихан Нұркеевті еске алуға арналған халықаралық жарыс ұйымдастырылып, нәтижесінде мен жеңіс тұғырының биігінен көріндім. Жеңістің дәмі тәтті ғой, шіркін! 2013 жылы шаһарымызда спорт қайраткері, грек-рим күресінен республикамыздың бірнеше дүркін жеңімпазы Жамбыл Тасеменовтің жүлдесі үшін өткен дүбірлі додада да топ жару бақыты бұйырды. 2016 жылы Өскемен қаласында өткен ел біріншілігінде де белдескеннің бәрін жеңдім. Сол жылы Ресейдің Новокузнецк қаласында грек-рим күресінен КСРО-ның құрметті жаттықтырушысы Валентин Олейникті еске алуға арналған бүкілресейлік турнирде де сәтті өнер көрсетіп, үздік үштікке ілектім. Бір жылдан кейін Қарағанды қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен өткен Кеңес Одағының батыры Нүркен Әбдіровті еске алуға арналған республикалық турнирде үшінші орынды иелендім. Өткен жылдың басында Петропавл қаласында грек-рим күресінен 23 жасқа дейінгі жастар арасында ел біріншілігі өтіп, 87 салмақ дәрежесінде жеңімпаз атандым. Сондай-ақ, әр жылдары Түркияда, Белоруссияда және Ресейдің Қорған, Иркутск қалаларында өткен халықаралық жарыстардың жеңімпазы әрі жүлдегерімін. Өзге елдердің чемпиондарымен күрескенде жақындарыңның сеніміне секем, еліңнің абыройына сызат түсірмеуді ойлайсың. Сол ой жеңіс тұғырына көтереді. Әнұран әуелеп, көк байрағымыз желбірегенде кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Осы сәт үшін де ерінбей еңбектенуге болады.

– Бәрекелді! Барша жігіттер сіз сияқты ойласа, жеңісіміз көп болар еді. Алдағы мақсаттарыңыз да зор шығар.

– Жаттығулардың бірінде мұрнымды зақымдап алып, ота жасатқан болатынмын. Сол себепті, уақытша күреспеймін. Бүгіндері тек жаттығулар жасап жүрмін. Залда Азия ойындарының жеңімпазы Данияр Кәленов және жастар арасында өткен Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Аманғали Бекболатов ағаларыммен бірге шынығамын. “Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен” демекші, осындай чемпиондардың қасында жүргенімді мақтан тұтамын.

Білімімді жетілдіруді ойлап, өткен жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Алдағы уақытта боз кілемге қайта шығып, Азия және Әлем біріншіліктеріне қатыссам деймін. Ал 2020 жылы Жапонияның Токио қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына бару үшін бүгіннен бастап дайындалып жатырмын.

 Әңгімелескен Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp