Алтынбек Әділбеков – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың 11-сынып оқушысы. 7-сынып оқып жүргенде-ақ ұстаздары оның өлең әлеміне құштарлығын байқады. Алғашында көңілдің кейбір сәттерін қағаз бетіне түсіруге әуестенген ол кейінірек қазақ поэзиясының аспанында қалықтаған ақиық ақындардың шығармаларын оқуды, талдауды дағдыға айналдырды, ұлыларға бас иген жүрегінен жаңа жауқазындар қауыз аша бастады. Оның балаң өлеңдерінің қауырсыны жылдан-жылға қатайып келеді. Бірнеше мәрте Абай, Мағжан, Махамбет оқуларының облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері атанды. Түрлі тақырыпта топтастырылған жырлары “Таңшолпан” журналында жарық көріп, Алтынбектің шығармашылық ізденісіне соны серпін берді. Биыл мектепті тамамдайтын ол журналист болсам дейді. Төменде Алтынбектің бір топ өлеңдерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
АНА
Анашым, асыл анам, бар асылым,
Бақытым – сендей жанның баласымын.
Өсірдің, әлпештедің, аяладың,
Көзіңнің сақтағандай қарашығын.
Әйелдік қасиеттен жаратылған,
Анашым, асыл анам, дара тұлғам.
Бойыма ақ сүтіңді дарыттым да,
Өзіңдік қуатыңнан жаратылғам.
Тоғыз ай құрсағыңда қоныстадым,
Өсірдің, қайғы-мұңмен тоғыспадым.
Әлемнің жеті түрлі кереметін
Сыйласам да, өтелмес борыштарым.
ҚЫЗЫЛЖАР
Аққайыңның желі ескен даламнан,
Арайланып таңдары да ағарған.
Тұлпар шауып, көкпар ойнап жүгірген,
Айналайын, Қызылжардай қаламнан.
Қызылжарым – арман болған ақ қала,
Сиқырың көп айта берсең ақтара.
Өзің жайлы сөз қозғалса ортада,
Сымбатың мен сырыңды айтам мақтана.
Жастық шақта армандарым көп мейлі,
Армандарым бүршік атып көктейді.
Лондон, Мәскеу, Париждерің әйгілі,
Мен тұратын Қызылжарға жетпейді.
ШАБЫТСЫЗ ШАҚ
Асқақтатар кез келді жыр мерейін,
Түңілмеші, тоқтама жыр көмейім.
Мұқағали, Мағжандар жырлап өткен
Шабыт жайлы мен енді жыр төгейін.
Жан дүние бағымды гүл еткен – жыр,
Сезімменен жүрекке гүл еккен – жыр.
Жас көңілден шабытым ұзамаса,
Әлі талай төгілер жүректен жыр.
Талай ойға шабытсыз келемін-ақ,
Жырлай алмай талайды келем жылап.
О, муза, жүрегімде тұрақташы,
Сол жүректен ағылсын өлең бұлақ.
Шабыт биік, одан артып тау аспайды,
Қандай ақын шабытпен санаспайды.
О, муза, жүрегімде сен болмасаң,
Маған мүлде ақындық жараспайды.
Асқарлардың Мағжандай бұлағымын,
Тоқтатпашы, о, муза, жыр ағынын.
Жыр толқытсам шабытсыз тас тұрғандай,
Көздерінде өлең-жыр бұлағының.
ӨЛЕҢ-ЖЫРЫМ – ЖАНАШЫРЫМ
Көңілімде жыр бағы гүлдегесін,
Бағындырғым келеді жыр белесін.
Өлең төгіп, жалындап жыр жазғанда
Сан күйге еніп, көңілің түрленесің.
“Өлең – менің шолпаным, айым, күнім”, –
Деп айтқандай Мағжаны байырғының.
Өлең деген – менің де жанашырым,
Ол түсінбей, түсінер жайымды кім?!
Өлең – менің сыңарым сырласатын,
Талмас, сірә, шабытым жыр жаза тым.
Көңіл, шіркін, толқиды жыр төккенде,
Сезініп шын өмірдің бір ләззатын.
Ақын ғана шешіп ап сыйын тапқан,
Өлең деген – шешілмес түйін жатқан.
Поэзия – тұңғиық теңіз болса,
Шабыт деген – цунами құйындатқан.