
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың қатысуымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне арналған көшпелі баспасөз конференциясы болды.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметі филиалының алғашқы брифингі өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне арналды. Брифингке облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаров, сондай-ақ, “Тайынша-Астық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Анатолий Рафальский мен жергілікті, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Конференция барысында Айдарбек Сапаров жиналғандарды орталық коммуникациялар қызметі облыстық филиалының ашылуымен құттықтап, соңғы сегіз айдағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына кеңінен тоқталды.
– Біздің өңір аграрлық-индустриялық аймақ болып саналады. Облыстың экономикалық құрылымының нақты секторы ретінде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, сауда, көлік салаларын атап өтуге болады. 2014 жылы жалпы өнім көлемі 798 миллиард теңгені құрады. Жалпы, өңірдің экономикалық көрсеткіші оң қарқынмен дамуда. Машина жасауда өнім көлемі – 15,7 миллиард теңге. Ал ауыл шаруашылығы – 4,4 пайызға, негізгі капиталдағы инвестиция – 1,4 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 1,5 есеге ұлғайған. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі соңғы сегіз айдың қорытындысы бойынша 66,4 миллиард теңгені құрады. Ал қазіргі таңда бұл салада 132 мың адам еңбек етуде, – дей келе Айдарбек Сейпілұлы қазіргі ауа райының қолайлы сәті егінді уақытында жинап алуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасарының айтуынша, биылғы жартыжылдықта ауыл шаруашылығында ішкі сауда айналымы 197 миллион долларды құраған. Қазіргі таңда элеваторларға 0,5 миллион тонна астық жеткізілген.
Сонымен қатар, облыстың егістік алқаптарында “КазТехМаш” зауытының заманауи комбайндары қарқынды жұмыс істеуде. Келер жылдың көктемгі егісі үшін 490 мың тонна ауылшаруашылық дақылдары тұқымын сіңіру көзделуде. Бүгінгі таңда оның 74 пайызы себілген.
Жыл басынан бері 54 мың тонна ет, 362 мың тонна сүт, 430 миллион жұмыртқа өндірілген. 2015 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша азық-түлік өнімдерін өндіру 48 миллиард теңгені құрады. Мал басын көбейтіп, экспорт көлемін ұлғайтуға қатысты да нақты шаралар қолға алынуда. Мәселен, “Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру” жобасы аясында 100 мыңнан астам мал сырттан әкелінген. Экономикалық көрсеткішке өңірдің қайта өңдеу кәсіпорындары қомақты үлес қосары анық. Осы орайда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, қайта өңдеу одан әрі жалғасатыны баспасөз конференциясында айтылды.
Әңгіме барысында біздің өңірде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 36 мың екені белгілі болды. Сондай-ақ, облыстың жол-көлік инфрақұрылымында да ауыз толтырып айтарлық жетістіктер бар. Осы орайда Айдарбек Сапаров жергілікті жолдардың жөнделуіне қатысты нақты пікір білдірді.
Үстіміздегі жылы жергілікті автокөлік жолдарының жөнделуіне 5,3 миллиард теңге бөлініп, қазіргі күні 260 шақырым жол жөндеуден өткізілуде. Сонымен қатар 2015 жылы 124,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмекші. Сегіз айдың қорытындысы бойынша 31,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаров та сөз алып, саланың даму қарқынына тоқталды. Әсіресе, биылғы орақ науқанын сөз еткен басқарма басшысы жалпы сыйымдылығы 3,4 миллион тонналық 54 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны жаңа орақтың астығын қабылдауға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерде сыйымдылығы 3,1 миллион тоннадан асатын қоймалар бар. Жалпы сыйымдылығы 113 мың тоннаны құрайтын бес элеватор іске қосылған. Биылғы орақ науқанына 8 мыңнан астам комбайн қатысуда. Жыл басынан бері облыстың машина-трактор паркі 700 техникамен жаңартылған. Күзгі орақ науқанын ойдағыдай өткізу үшін Үкімет тарапынан 73 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген.
Мал шаруашылығын дамытуда ауылшаруашылық құрылымдарымен “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” мемлекеттік бағдарламалары бойынша 2024 бас ірі қара, 1527 жылқы, 4751 қой сатып алынған.
“Тайынша-Астық” ЖШС-нің бас директоры Анатолий Рафальскийге де сөз беріліп, ол серіктестіктің халықаралық стандартқа сай жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, ауылшаруашылық саласына мемлекеттің қолдауы ерекше екенін жеткізді.
Жиын соңында БАҚ өкілдері қатысушыларға түрлі сауалдар қойып, тұщымды жауап алды.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.