«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҒЫТЫҢНАН ТАЙМА, “БАТЫР”

Осыдан төрт жыл бұрын, дәлірек айтқанда, 2016 жылы шілде айында Елбасының қатысуымен Астанада өткен телекөпірде Петропавл трактор зауытының тұсауы кесіліп, жылына 100 техника шығару, 48 адамды жұмыспен қамту секілді ауқымды міндеттер белгіленген болатын.

Алайда, ресейлік инвесторлармен бірлесіп қолға алынған озық жобаның аяқ алысы жақсы басталғанымен, соңы сиырқұйымшақтанып кеткендей. Шынында да, осы уақыт аралығында бар-жоғы “Батыр” деген атпен 30-ға жуық алып техниканың құрастырылуы ауыз толтырып айтатындай жетістік емес еді. Әлде біз біле бермейтін ішкі өндірістік қыр-сырлары бар ма деген оймен бірлескен кәсіпорын құру туралы идеяның авторы, алғашқы басшысы Сергей Шинкаренконы әңгімеге тартқан едік.
– Саналы ғұмырымды ауыл шаруашылығы саласына арнағандықтан, диқандардың жағдайын жақсы білемін. Көктемгі, күзгі дала жұмыстары негізінен Ресейдің техникаларымен атқарылатыны жасырын емес. Батыстың егіс кешендерін сатып алуды әркімнің қалтасы көтере бермейтіні шындық. Көрші ел техникаларының сапасына да мін айту қиын, бірақ қымбат. Осы себепті машина-трактор паркі көп жаңаланбайды. Қашан тоз-тозы шыққанша ескі-құсқысын жамап-жасқап, жүре береді. Сына қалса, қосалқы бөлшектерді жергілікті шеберханаларда жасап алатынбыз. Осылайша өз-өзімізге сервистік қызмет көрсету жүйесін үйрендік. Мені бәсекеге қарымды жергілікті өндіріс орнын неге құрмасқа деген мәселе көптен бері мазалайтын. Бірде күзгі жиын-терін аяқталғаннан кейін Санкт-Петербург трактор зауытына арнайы барып, өндіріс барысын зерделедім, – деген Сергей Алексеевич олардың “К-700” тракторын шығару дәстүрі қызықтырғанын жеткізді. Оның айтуынша, алғашқы “Фордзон-Путиловец” тракторы 1924 жылы құрастырылыпты. Кәсіпорын бірнеше күрделі жаңғыртуларды бастан өткеріп, 1960 жылдары “Кировец” тракторларын шығара бастаған. Бұл тракторды бұрынғы кеңестік елдер аумағында білмейтіндер кемде-кем шығар.
Жалпыұлттық телекөпірде “Батыр” деген жаңа атаумен құрастырылған “Кировец” тракторының таныстырылымынан кейін өндіріс орнында не өзгерді? Қомақты инвестиция құйылды ма? Бұл сауалымызға Сергей Шинкаренко былай жауап берді: “Тәуелсіздік жылдарында елімізде отандық техникалар шығаратын кәсіпорындар пайда болып, қазақстандық мазмұнмен толыға бастағаны белгілі. Дегенмен, жер өңдейтін, дән себетін техникалардың көпшілігінің қолданыста жүргеніне 15-20 жылдан асты. Біз мемлекеттің емес, ресейлік қаржыгерлердің инвестициясы мен іс-тәжірибесіне сүйенгенді жөн көрдік. Ақылдаса келіп, бірлескен кәсіпорын құруды, “К-700-4р” тракторын жетілдіруді, теріскейдің қатал климатына бейімдеуді дұрыс деп шештік”, – деді ол. Айтуынша, бағдарламаны жүзеге асырудың бірінші кезеңінде 1,2 млрд. теңге инвестиция тартылған. Алғашқы жылдары біріккен кәсіпорынды тіркеу, нысандар мен цехтарды ретке келтіру, жаңа жабдықтар орнату, материалдық-техникалық базаны нығайту, электр желісін өткізу секілді ұйымдастыру жұмыстары атқарылды. Сосын алғашқы “Батыр” тракторы шығарыла бастады. Бұл техника елордада ұйымдастырылған “KazAgroKazFarm” халықаралық көрмесіне қойылып, жоғары бағаланды. Қазақстан бойынша бірқатар ұсыныстар түскен. Сергей Шинкаренко зауыттың қазіргі жағдайынан хабарсыз екенін, яғни, екі жыл бұрын басқа салаға ауысқанын айтты.
Петропавл трактор зауыты бірлескен кәсіпорнының қазіргі бас директоры Николай Зениннен кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы сұрадық. Ол өндіріс орнының жұмысы жалғасып жатқанын, трактордың техникалық сипаттамасы шетелдік баламалардан кем түспейтінін атап өтті.
– Еліміздің машина-трактор паркі түбегейлі жаңалауды қажет етеді. Тапсырыс өз алдына, болашақта көптеп құрастырып, саудаға қоюды мақсат етіп отырмыз, – деді Николай Александрович.
Өнімдер әзірге тапсырыс бойынша шығарылады екен. Негізінен Ақтөбе, Ақтау, Павлодар, Қостанай өңірлерінен сұраныс бар. Бір қуанарлығы, өндірістегі қазақстандық үлес 50 пайызға жуықтапты. Гидравлика, поршень сорғылары осында жасалады. Рамасы, кабина, бак, капот құрылымдары елеулі өзгерістерге ұшыраған. Пайдалануға он жыл кепілдеме берілгенімен, 20 жылға дейін шыдайды. Осы тектес Ресей техникасының бағасы 50 млн. теңге болса, петропавлдық трактор 13 миллионға арзан. Кез келген климаттық жағдайда еш тоқтаусыз жүреді. Қуаттылығы 400 ат күшіне тең.
Зауытта заман талабына сай және сұранысқа лайықталған коммуналдық, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіптік техникалар да құрастырылады. Солардың бірі – көктемгі егіс кешендері. Оның алғашқысы тұтынушыларға жөнелтіліпті, тағы 15 шақтысы дайын тұр.
– Бірлескен кәсіпорынның негізгі инвесторы – Санкт-Петербург трактор зауыты. Инвестиция бірреттік емес, көп жылдарға салынған. Екіншіден, көктемгі егіс кешендері тиісті мекемелер тарапынан жоғары бағаланып, жақсылықтың қайтарымы ретінде 198 млн.теңге мемлекет грантын ұтып алыпты. Оның жартысын ғана қайтарады. Қалған қаржы өндірістік қажеттіліктерге бағытталады. Бұл да әжептәуір көмек. Үшіншіден, трактор, егіс кешенін сатудан түсетін табыс бар.
– Алдағы уақытта отандық үлесті арттыратын болсақ, қосымша тиімділіктерге ие боламыз. Жақында техникаларды жинау және құрастыру цехтарына лазерлік, плазмалық қондырғылар орнатылмақ. Сервистік қызмет көрсету орталықтары, қосымша цехтар құрылып, өндіріс ауқымы кеңейеді. Өнім өткізу жағы да мұқият ойластырылған. Жуырда “Тұлпар” деп аталатын көктемгі егіс кешені құрастырылды. “Батыр” тракторының қуаттылығы, алымдылығы, дизайндық жағынан жаңғырту жұмыстары жалғаса беретін болады. Оған мамандарымыздың білімі де, біліктілігі де жетеді, – деген зауыт директорының орынбасары Ерлан Жағыпаров бұл өндіріс орны облысымызда бұған дейін ашыла салып, қайтадан жабылған кәсіпорындардың кебін кимейтініне сендіргендей болды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp