Біздің ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы азаттық таңын армандаған болатын. Бүгінде біз Тәуелсіздіктің 25 жылдығына қадам басқан қуатты мемлекеттің біріне айналдық. Елбасымыз бекіткен “Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам” Ұлт жоспарын орындауда қазақстандықтарға жүктелген міндет зор. 2016-2017 жылдарда елімізде көптеген реформалық өзгерістер болмақ. Барлығы да халықтың жағдайын жақсартып, ел экономикасын көтеруге бағытталмақ. Осы орайда Елбасымыз халыққа арнаған кезекті Жолдауында еліміздің дамуы мен қазақстандықтардың өмір сапасын жақсарту бойынша маңызды міндеттер жүктеп, нақты жоспар ұсынды.
“Бүгінде тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін ішкі ресурстарды барынша босатудың маңызы зор. Ол үшін біз екі тиімді құралды – кең ауқымды жекешелендіруді және бәсекелестікті ұлғайтуды пайдалануға тиіспіз”, – деді өз сөзінде Президент. Осы орайда Үкіметке мемлекеттік меншіктегі ұйымдардың бәрін қоса отырып, жекешелендірудің жаңа бағдарламасын жасау тапсырылды. Олардың ішінде “Самұрық-Қазына”, “Бәйтерек” және “ҚазАгроға” кіретіндері де бар.
Елімізде еңбек еткен адамға әр кез қолдау көрсетіледі. Еңбек адамын бағалап, жұмысшы мамандықтарға басымдық берілуі тиіс екенін айтқан Елбасымыздың толғақты ойлары барша қазақстандықтардың көңілінен шықты деп айтуға әбден болады. Сондықтан 2017 жылдан бастап “Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім” бағдарламасының іске асырылатыны көптеген жастарға ашылған даңғыл жол десек, артық айтқандық емес. Депутат ретінде биылғы Жолдау уақыт талабымен үндес келгенін, көңілге қуаныш ұялатқанын ерекше атап өткім келеді. Экономикалық өсім мен дағдарыстан шығу жолдарын қарастырған Елбасымыздың сындарлы саясаты біздерді биік белеске жетелейді. Маңызы ерекше стратегиялық құжатта әлеуметтік сала да назардан тыс қалған жоқ. Елбасының әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру туралы айтқан сөзі баршамызға жүктелген міндет деп білемін. Бүгінгі дағдарыстан туындаған түйткілдерді де еңсеруге әлеуетіміз жетеді. Өйткені, еліміздің даму бағыты айқын, мақсаты зор.
Қайрат ШӘРІПОВ,
Тайынша аудандық
мәслихатының хатшысы.