«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҒЫ ЖАНҒАН БАЯН “Даму” қорына дән риза

Мемлекет қолдауын тиімді пайдалана білген тайыншалық Баян Ысқақованың тынымсыз еңбегі нәтижесін көп күттірмеді. Тайынша қаласында “Рахмет” сауда орталығын ашып, аудан тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді тауарлармен қамтамасыз еткен кәсіпкер әйел бүгінде жерлестерінің ризашылығына бөленіп отыр.

“Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасына қатысуға бел буған Баян “Даму” қорынан 50 пайызға дейінгі жеңілдікпен, жылдық жарнасы 7 пайызды ғана құрайтын несие алды да, сауда орнын ашты.

– “Даму” қорымен жұмыс істеудің тиімділігіне көз жеткізіп отырмын. Пайызы төмен несие бойынша құжаттарды рәсімдеу түрлері де жеңілдетілген. 2014 жылдың қазан айынан шағын қалаларда “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша кез келген кәсіпкердің “Даму” қорынан кепілдікпен субсидия алуға мүмкіндігі бар. Әрі шағын қалалардың тұрғындарына банктен несие алу жеңілдігі де қарастырылған. Яғни, ендігі кезекте кәсіпкерлер екі есе көп мөлшерде несие алатын болады. Елбасының шағын және орта бизнеске ерекше көңіл бөлгені – еңбектен бақытын іздегендер үшін зор мүмкіндік, – дейді Баян Ысқақова.

Тайыншалықтар болса қаланың ортасында аты затына сай келетін “Рахмет” сауда орнының ашылғанына риза. Сауда көрігін қыздырған орталықта азық-түліктен басқа тұрмыстық заттардың да түр-түрі бар.

Жұмысына бар күш-жігерін жұмсаса да, отбасының ұйытқысы бола білген аяулы жан осылайша өмірде өз орнын тауып, еңбегінің жемісін көруде.

Гүл ЖАМАШҚЫЗЫ,

журналист.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp