Облыс тәртіп сақшылары “Допинг” жедел-алдын алу іс-шарасын қорытындылады. Акцияның негізгі мақсаты – есірткі айналымының саласында заңдылықтың сақталуы. Есірткі, психотропты заттар мен олардың прекурсорлары пайланылатын ауруханалар, қоймалар, өндірістік кәсіпорындар тексерілді.
Облыстың екі медицина мекемесінде есірткі құралдарын сақтау ережесі мен оларды сақтауға арналған бөлмелердің техникалық жағдайы талапқа сәйкес келмейді. Есірткі және психотропты заттарды құрайтын дәрісі бар 55 ампула алынды.
– Жауапты тұлғаларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды, заң бұзушылықтарды жою мақсатында материалдар жауапты инстанцияларға тапсырылды. Сондай-ақ, жедел алдын-алу іс-шарасы кезінде күнделікті жұмыстың басты бағыттары күшейтілді. Жедел ақпаратты тексеру нәтижесінде 3 есірткі қылмысы анықталды,– деді облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жандос Басыбаев.
Аудан орталығы Мамлютканың 49 жасар тұрғынынан кептірілген марихуана жапырақтары, сондай-ақ аса ірі көлемде ұсатылған шөп табылды. Аталған факті Қылмыстық кодекстің 296-бабы “Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу” бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің тізіліміне енгізілді.
Булаево қаласының 1975 жылы туған тұрғыны марихуана егумен айналысқан. Оның бақшасында өсірілген жалпы салмағы 61 кг. болатын 12 қап кептірілмеген марихуана алынды. Бұл жағдайда Қылмыстық кодекстің 300-бабы “Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру” бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Бұдан бөлек, Петропавлда қалтасында 5 гр. артық “тұз” деген атпен кең таралған синтетикалық есірткі заты болған Нұр-Сұлтан қаласының 1988 жылы туған тұрғыны ұсталды. Күдіктінің айтуынша, бұл оған жеке пайдалануға қажет болған. Қазір Қылмыстық кодекстің 296-бабының 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Жалпы жедел-алдын алу шарасы барысында 11 есірткі қылмысы анықталып, 74 кг. 181 гр. түрлі есірткі алынды.