Немересінің бірін балабақшаға, екіншісін мектепке, одан қала берді түрлі үйірмелер мен секцияларға апарып жүретін көршім: “Осыларды аяймын. Кішісін қойшы, күні бойы балабақшада, анау үлкеніне қиын. Бір бала болып ойнамайды да, ылғи салы суға кетіп, шаршап жүреді”, – деді кейістік білдіріп. Бұл жалғыз менің көршімнің немересінің басындағы жағдай емес. Шынымен де баланы титықтатып күн сайын таң атқаннан кешке дейін үйірмелерге салбаңдатып қою дұрыс па? Ол баланың жүйкесіне қалай әсер етеді? Бұл үйірмелерді қалай таңдауға болады? Осы жөнінде мамандардың пікірін білдік.
Кез келген ата-ана баласының ақылды, жан-жақты дамыған, өз-өзіне сенімді болғанын қалайды. Оның үстіне күні бойы жұмыста жүретін олар баласын қараусыз қалдырудан қорқады. Сондықтан ата-ананың бұл әрекеті балаға жамандық ойлағаннан жасалып отырылмағаны түсінікті. Баланың аты – бала. Қараусыз қалған балғынның үйде не істеп, не қойып жатқанын кім біледі? Бір-бірін алақандағыдай білетін ауыл іші емес, қаланың баласы далада кімдермен араласады, қандай ортаға түседі, осы жағы да алаңдаушылық тудырады.
– Үйірмелердің жақсы жағы – баланы селтеңдеп бос жүріп, жаман ортаға түсіп кетуден сақтайды. Бала жастайынан тәртіпке, өзінің бос уақытын тиімді пайдалануға үйренеді. Дәл осындай балалардан табысты, іскер адамдар шығады, – деген “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының педагог-психологі Дариға Әбішева баланы үйірмелерге жазу кезінде ата-ана ескере бермейтін кейбір тұстарға тоқталды. Көпшілік ата-ана баланың пікірімен санаспай, үйірмелерді өздері таңдайды және бірнешеуіне бірақ жаздырады.
Мамандар баланы үйірмелерге жаздырмас бұрын онымен ақылдасып, өзінің қызығушылығын, неге қабілеті басым екенін білу маңызды екенін алға тартады. Үйірме таңдау кезінде баланың мінез-құлқының ерекшеліктеріне де мән берген жөн. Егер бала сабырлы, орнықты, күш-жігерін бір жерге шоғырландыра алатын, шыдамды болса, оны ғылыми қарым-қабілетін дамытатын немесе қолөнер, модельдеу, тіл үйрену, ой еңбегін қажет ететін шахмат, тоғызқұмалақ сияқты үйірмелерге жазған тиімді. Белсенді балаларға жоғарыда аталған үйірмелер сәйкес келмейді. Оларды спорттық секцияларға, туристік бірлестіктерге тартқан дұрыс. Ұялшақ, ұяң балаларды көпшілік алдында өзін еркін ұстауға үйрету үшін сахнада өнер көрсетуге баулу жақсы әсер етеді.
– Біз үйірме таңдаған кезде баланың өзіне ерік беру керектігін ата-аналарға түсіндіріп отырамыз. Өйткені, бала өзі ұнатқан нәрсесін бар ықыласымен орындайды және одан келетін пайда әлдеқайда мол болады. Біздің мектепте әр бағытта 11 үйірме бар. Әр үйірмеге ең азы 15 баладан қатысады. Қыздардың “Бимаржан” би тобы тіпті республикалық байқауға қатысып, жүлдемен оралды, – дейді әл-Фараби мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Зәуреш Шәкенова.
Бізді осындай үйірмелердің түр-түрі шаһарымыздағы барлық қазақ мектептерінде жұмыс істейтіні қуантты. Олай дейтініміз, осыдан оншақты жыл бұрын қаладағы қазақ білім ошақтарында үйірмелер саусақпен санарлық болатын. Баланың қалауы бойынша апаратын үйірме таба алмайтын едік. Өйткені, сол кезде жас натуралистер станциясы, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы, көркемөнер лицейінің бірін таңдау ұсынылатын әрі олардағы қосымша сабақтар өзге тілде жүргізілетін.
– Қазір білім саласына, жас ұрпақ тәрбиесіне мемлекет тарапынан көп көңіл бөлінеді. Бүгінгі таңда облысымызда балалардың бос уақыттарын өткізетін 89 қосымша білім беру ұйымы тегін жұмыс істеп тұр. Бұл ұйымдарда 43535 оқушы қамтылған. Оның 28-і облыс орталығында, 48-і аудандарда және 13-і ауылдық жерде қызмет көрсетеді, – дейді облыстық білім басқармасының маманы Гүлшат Шәймерденова.
Балаларға қосымша білім беру мекемелері қажет. Мәселен, биге баратын бала бойын тік ұстап, әдемі жүруді үйренсе, драма үйірмесінде оның көпшілік алдында сенімі мен өз-өзін ұстай білу, бағалау дағдысы қалыптасып, сөздік қоры молая түседі.
– Балалардың көпшілігі өзінің қалауын бірден таба алмайды. Олар түрлі үйірмелер мен секцияларды бірінен соң бірін ауыстыруы, тұрақтай алмауы мүмкін. Олай болған жағдайда балаға ұрсып, тыйым салудың қажеті жоқ. Шыдамдылық танытып, оның жаңылмай таңдау жасауына мүмкіндік беріңіз. Сүйікті ісін нақ тапқан бала, онымен айналысу үшін өзінің әр күнін, әр аптасын жоспарлап, сабақ оқуға да уақыт табады, – дейді психолог маман.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Түйін: Еш ата-ана баласына жамандық ойламайды. Алайда, “бақыламаса – бала кетеді” дейтін кей ата-ана “артық қыламын деп, тыртық қылатыны” рас. Ата-ана бүлдіршінге шамадан тыс жүк артып, оның жүйкесіне күш түсіріп, денсаулығына нұқсан келтіріп алады. Әрине, баласын жан-жақты дамытуды қашан және қалай қолға алуды әр ата-ана өзі шешеді. Тек баланың да бос уақыты болуы керектігін ұмытпайық.