Үстіміздегі жылдың ақпан айында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ғалым Тасболатов 200 мың теңге пара алғаны үшін сотталған болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өңірлік департаментінің бастығы Ернар Баянғазин мемлекеттік қызметшіге “бармақ басты, көз қыстылық” әрекетке баруға себеп болған жағдайлар жайлы түсінік берді.
Айыпталушы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің директорынан Ақжар ауданының автокөлік жолдарын қарау және қызмет көрсету бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсын жеңіп алуға қолдау жасағаны үшін пара талап етті деген күдікке іліккен. Петропавл қалалық сотының үкімімен ол 4 млн. 500 мың теңге айыппұл төлеу туралы жазаға кесіліп, өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды. Ернар Баянғазин атап өткендей, тергеу барысында мемлекеттік сатып алу конкурсы мен ол бойынша жасалған келісімнің заңдылығы тексерілген. Нәтижесінде бірқатар заң бұзушылықтар анықталған. Мәселен, конкурс нәтижесі белгіленген хаттамада 21,2 млн. теңге ұсынған басқа бір серіктестіктің жеңгені көрсетілген. Алайда, олар конкурсқа қатысудан бас тартқандықтан, мемлекеттік сатып алулар өткізілмеген болып танылып, қайта ұйымдастырылудың орнына, конкурсқа қатысқан келесі бір серіктестік жеңімпаз деп танылған.
Ернар Баянғазин техниканы жалдау жөніндегі келісімде де қателіктер бар екенін жеткізді. Серіктестік бұл қызметті облыс аумағында көрсетуі керек болатын. Бірақ келісімшартта Ақмола облысы көрсетілген. Облыстық қаржы басқармасының мамандары тергеу барысында конкурстық комиссия құрамында бола тұра бұл қателікке мән бермегенін айтқан. Олардың сөзіне қарағанда, конкурстық құжаттамаларды, негізінен, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қызметкерлері қараған. Яғни, бюджеттік қаржыны тиімді пайдалануға жауапты азаматтар бұл істе немқұрайдылық танытқан.
– Қылмыстық құқық бұзушылықтың орын алуына облыстық қаржы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармалары басшылығының тарапынан ведомстволық бақылаудың жоқтығы себеп болды деуге негіз бар. Аталған жайттар ескеріліп, басқарма басшысы Владимир Балахонцев өз еркімен қызметінен босатылды. Ал қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкантқа мемлекеттік сатып алу үрдістерін жүргізуді бақылауды күшейтіп, алдағы уақытта мұндай фактілерді болдырмау қажеттігі ескертілді, – деді Ернар Баянғазин.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.