«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҚЫЛАУ БОСАҢСЫМАУЫ ТИІС

Бұрнағы күні Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің облысымыздағы департаменті жанындағы Әдеп жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Осы кеңестің мүшесі, облыс әкімі аппаратының жетекшісі Мадияр Қожахмет төрағалық еткен отырыста үш мәселе қаралды.

Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов атқарушы органдарда қызметтік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, қызметтік әдеп талаптарын бұзатын және беделін түсіретін теріс қылықтардың алдын алу шаралары жөнінде баяндады. Осы орайда әкімдіктің сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша атқарған жұмысына тоқталған қала әкімі есеп беру кезеңінде сот шешімімен өз бетімен иеленген – 9, пайдаланылмағандықтан иесіз деп танылған 166 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылғандығын жеткізді. Петропавл қаласы әкімдігінің қаулысымен пайдаланылмаған 204 жер теліміне қатысты иелік ету құқығы тоқтатылыпты. Бүгінгі таңда қала әкімдігі мемлекеттік қызметтің 74 түрін көрсетеді екен. Ал есеп беру кезеңінде 67 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның бес мыңға жуығы “Электрондық үкімет” порталы арқылы жүргізілген, ал қалғандары халыққа қызмет көрсету орталықтары мен мемлекеттік органдардың үлесінде. Өткен жылы қалалық әкімдікке және виртуалдық қабылдауға жеке тұлғалардан – 23446, ал заңды тұлғалардан 3498 өтініш түскен. Олардың барлығы қаралғандығын айтқан Марат Иманбайұлы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, білім, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары бөлімдерінде анықталған заңды бұрмалаушылықты жою үшін 74 прокурорлық қадағалау актісінің келіп түскендігін жасырмады. Сондай-ақ, жұмыстан босатылған лауазымды тұлғаларды атап өткен қала әкімі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмысы алдағы уақытта да жалғасын тауып, жүйелі бақылауда болатындығын тілге тиек етті.

Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің облысымыздағы департаментінің басқарма басшысы Нұрлан Жахин Петропавл қаласы әкімдігінің жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдері жұмысындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жүргізілген сыртқы талдаудың қорытындысымен таныстырды. Жемқорлық қатерін төндіріп отырған тұстарды тізбектеген Нұрлан Серікұлының айтуынша, жер қатынастары бөлімінің көп уақыттан бері басшысыз қалуы сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуге кедергі келтіруде. Сонымен қатар, аталған екі бөлімнің мамандары мемлекеттік қызметті көрсетуге қажетті құжаттарды азаматтан емес, өздері мемлекеттік ақпараттық жүйеден алулары тиіс екен. Алайда, қос бөлімге де аталған ақпараттық жүйе қолжетімді емес. Бұл мемлекеттік қызметті алуда стандартта қарастырылмаған құжаттарды сұратуға жол беріп, қосымша кедергілер тудырары анық. Сондай-ақ, қолданыстағы заңнамалардың жетілдірілмеуі де мемлекеттік қызметкерлерді сүріндіріп отырған көрінеді. Олқы тұстардан орағытып өтпей, ашық айтқан Нұрлан Жахин қалалық әкімдікке жер қатынастары бөліміне басшы тағайындау жөнінде қажетті шараларды қабылдап, әкімдік қызметкерлерінің ақпараттық жүйеге қолжетімділігін қамтамасыз ету жөнінде бірқатар ұсыныстар жасады.

Отырыста мемлекеттік сатып алулар туралы заңнаманы бұрмалаған Аққайың ауданы әкімі аппаратының жетекшісі Махаббат Дүйсембаеваға қатысты тәртіптік іс қаралды. Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Жанат Жұмабаевтың айтуынша, “Петропавловск НОРД” ЖШС-нің шағымына сәйкес Аққайың ауданы әкімдігінде мемлекеттік сатып алулар бойынша тексеру жүргізіліпті. Тексеріс барысында қызметтің лицензияланған түрін сатып алуды заңсыз бағалық ұсыныстар сұрату әдісімен өткізгендігі анықталған. Осы орайда Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері Махаббат Дүйсембаева атқарып отырған қызметіне толық сай емес деген ұйғарымға келді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp