Облыстық эвакуациялық комиссия өкілдері көктемгі су тасқынына дайындық барысын талқылады. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев қатысты.
Су тасқынының алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің азаматтық қорғаныс бөлімінің бастығы, майор Мұрат Қанғожинов есеп берді.
– Қазіргі уақытта көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша жұмыстар атқарылуда. Эвакуациялық іс-шараларды өткізу үшін тартылатын күштер мен құрал-жабдықтардың есебі жүргізілді. Тасқыннан зардап шегуі мүмкін азаматтарды орналастыру қосындарын қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету шаралары қолға алынды. Малдың жемшөп мәселесін шешу жолдары қарастырылуда. Төтенше жағдайлардың зардабын жою жұмыстарына жергілікті атқарушы органдардың өкілдерін тарту көзделуде. Су басу қаупі жоғары елді мекендерде бақылау күшейтілді, – деді Мұрат Қанғожинов.
Баяндамашы қатысушыларды аудандық эвакуациялау комиссияларының жұмысына жүргізілген тексерудің нәтижесімен де таныстырды. Қазіргі уақытта Петропавл қаласы мен аудан орталықтарында эвакуацияланатын тұрғындарды қабылдайтын қосындар дайындалуда. Сондай-ақ, арнайы техникалары бар топтар құрылды. Халықты хабардар ету жұмыстары қолға алынуда.
Шара барысында селекторлық байланыс режімінде Петропавл қаласы және аудан әкімдерінің орынбасарлары – эвакуациялық комиссиялар төрағаларының есептері тыңдалды.
Жиынды қорытындылаған Руслан Қанатханұлы қатысушылардың назарын тұрғындар мен материалдық құндылықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын жауапкершілікпен әрі бірлесіп жүргізу қажеттігіне аударып, жауапты басшыларға, әсіресе, шалғай ауылдарда тасқынға дайындық жұмыстарын белсенді жүргізуді тапсырды.
Сәбит ӘНДІБАЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің
аға офицері.
Сурет https://informburo.kz сайтынан алынды.