«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛДІ

Бүгінде әлем елдерін коронавирус індеті алаңдатып отыр. Бірқатар мемлекет коронавирус тараған қауіпті елдер қатарында. Вирус жұқтырған сырқаттар мен қауіпті кеселден қайтыс болған адамдар аз емес. Алайда, еліміз аталмыш індетпен күресуге қаншалықты дайын деген сауал әр адамға ой салады. Ал өңірімізде коронавирус инфекциясына қарсы сақтық шараларын күшейту  мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жергілікті БАҚ өкілдерінің қатысуымен орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Журналистерге сұхбат берген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Аймановтың айтуынша, облыста жағдай тұрақты. Қауіпті вирусты жұқтырған адам жоқ.
– Қазір медициналық қызметкерлер үшін қауырт шақ. Тұрғындардың денсаулығы қатаң бақылауда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы емдеу мекемелерінің дайындығына ерекше назар аударуда. Ауру анықталған жағдайда, бірқатар емдеу мекемелерінде сырқаттар үшін 168 орын дайындалды. Сондай-ақ, тағы жүзден астам қосымша орын қарастырылды. Инфекциялық стационарларда 19 реанимациялық орын бар. Штат құрамы да жинақталды. Коронавирус инфекциясы бойынша медициналық қызметкерлер білімдерін жетілдірді, – дей келе Нұрлан Бағдәулетұлы медициналық ұйымдар инфекцияға қарсы дәрілік заттардың екі айлық қорымен қамтамасыз етілгенін жеткізді. Өңірдің инфекциялық стационарларына бетперде, антисептик, қолғаптар жеткізілген. Бұл орайда, Үкімет резервінен ақпан айында 35 миллион теңге бөлінгенін атап өткен жөн. Алайда, облыс орталығындағы дәріханаларда маска тапшы деген сауалға жауап берген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары аталған фактіні жоққа шығарды. Айтуынша, өңірде бетперде жеткілікті, тек одан алыпсатарлар пайда көріп отырған сыңайлы.

«Сақтықта қорлық жоқ» демекші баяндамашы әрбір адам тазалық тәртібін сақтап, қоғамдық орындарға баруды әзірге шектеуі қажет екенін жеткізді. Ауру белгілері анықталса, бірден медициналық қызметкердің көмегіне жүгінген жөн. Дұрыс тамақтануды да естен шығармау керек. Қазір барлық медициналық мекемелерде фильтр орнатылған.

COVID-19 коронавирус инфекциясының төрт санаты бар. Алғашқы санатта ҚХР, Иран, Оңтүстік Корея елдері болса, кейінгі санаттар бойынша бірнеше мемлекет вирустық инфекция тараған қауіпті елдердің қатарында. Біздің өңірімізде коронавирусқа қатысты бірінші «Б» санатына жататын 5 адам дәрігерлердің бақылауында. Қазір олар үйлерінде оқшауланған. Үй карантині азамат шетелден жолға шыққан күнінен немесе инфекция жұқтырған адаммен байланыста болған сәттен бастап 14 күнге созылады.
Облысқа шетелдерден келген адамдардың барлығы медициналық тексеруден өткен. Алайда, коронавирус инфекциясы ешқайсысында анықталған жоқ. Қазір облыс орталығында ғана емес, өңір аудандарында да бақылау күшейтілген.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp