Жақында Петропавл қаласының тұрғынынан коронавирус анықталды. Алайда, қосымша сараптамалық талдаулар Алматы қаласында жүргізілуде. Алдағы уақытта нақты сараптама қорытындысы белгілі болады. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихаты барысында айтылды.
Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлова барлық қызметтер штаттық режімге сай көрсетілгенін, науқаспен байланыста болған адамдар оқшауланып, тексеруден өткенін жеткізді.
– Пойыз немесе ұшақ арқылы коронавирус жұқтырған науқаспен бір бағытта қатынаған жолаушыларға қауіп зор. Науқаспен байланыста болған адамдар медициналық тексеруден өтті. Олардан коронавирус анықталған жоқ. Ауру ошағы анықталған тұрғын үй карантинде, – деді ол.
Баспасөз мәслихатына қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Айманов қауіпті індет күдігі бар қыздың денсаулығы қанағаттанарлық жағдайда екенін жеткізді. Бүгінгі таңда облыста 122 адам карантиндік стационарда болса, 96 адам үйде оқшауланған. Оның айтуынша, медициналық қызметкерлер барлық көмекті көрсетуге дайын. Қажетті орындар қарастырылған, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Алайда, дәріханалардағы бетперде мен антисептиктер әлі күнге дейін тапшы. Дегенмен, тығырықтан шығу үшін өңірдегі бірқатар кәсіпорындар тұрғындардың сұранысын қамтамасыз етуде. Баспасөз мәслихатында облыста қазір қырық мыңнан астам бетперде тігіліп, «Северный» дүкендер желісінде сатылып жатқаны айтылды. Өз кезегінде Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин қатерлі індет бойынша шаһарда қолға алынған қауіпсіздік шаралары туралы айтты.
– Коронавирус инфекциясы бойынша қалада бірқатар жұмыстар қолға алынды. Адамдар көп шоғырланатын сауда орындарының жұмыс кестесіне өзгеріс енгізіліп, шектеу қойылды. Төтенше жағдайлар кезінде қаладағы барлық ойын-сауық кешендерінің жұмысы тоқтатылды. Азық-түлік сататын сауда орындары қалыпты режімде жұмыс істеуде. Қоғамдық тамақтану орындарында рейд жүргізіліп, тәртіп бұзған 12 кәсіпкер жауапқа тартылды, – дей келе Асқар Ережепұлы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қоғамдық көліктерде күн сайын дезинфекция жүргізілетінін айтты. Тұрғын үй кешендерінде де дәл осындай шаралар қолға алынғанын атап өткен баяндамашы Ресейден транзиттік пойыз арқылы қатынайтын жолаушыларды медициналық тексеруден өткізу үшін қалалық Мәдениет үйінде бақылау пункті ашылғанын жеткізді.
Қазір өңірде үш дезинфекциялық бригада жұмыс істейді. Облыстағы әр ауданда да осындай бригадалар құрылғанын атап өткен жөн.