
Мұғалім – мектептің жүрегі. Тәлімгерлер қауымы арасында болашақ ұрпақтың алаңсыз білім алуына, олардың тәрбиелі, жан-жақты азамат болып өсуіне зор жауапкершілікпен қарап, өз ортасында абырой биігінен көрінген жандар аз емес. Мектеп қабырғасында жүргенде сөзі мен ісі келісті, айналасына мейірім шуағын төккен ұстаздарға қарап, біз де дұрыс жүріп-тұруға, жақсы сөз айтуға талпынып тұратынбыз. Қызылжар ауданының Архангелка ауылында тұратын Сәуле Исмағұлованың шәкірттері де солай. Бүгінде түрлі салада қызмет етіп, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтар саналы ғұмырын білім саласына арнаған тәлімгерлерін үнемі еске алып, ұлағатты ұстаздың алдында білім нәрінен сусындағанын мақтанышпен ауызға алады.
Сәуле Есімқызының жан қалауы ұстаздық ету болғандықтан, қызметін абыроймен атқаруды өмірлік парызы санап, өзі еңбек еткен білім ордасында үлкен құрметке ие бола білді. “Кішкентай кезімізде ұстаз болу біз үшін қол жетпес армандай елестейтін. Мұғалімдерді ауыл болып ардақ тұтушы едік. Бала оқыту бізге о баста-ақ үлкен жауапкершілік жүгін арқалататындай көрінетін”, – деген кейіпкеріміз анасы мен әкесінің де ауылдағы ең құрметті ұстаздар болғанын мақтанышпен айтып берді. Күлшара Қасымқызы дүниеге он бала әкеліп, олардың бәрін өзгелерден кем қылмай өсірді. Таңның атысы, кештің батысы мектеп жұмысымен жүрсе де, балаларының тәрбиесін бір сәтке де естен шығарған жоқ. Ұл-қыздарына адал еңбекпен келген нанның тәтті болатынын айтудан жалықпаған ардақты ана өз ортасында, ауыл тұрғындары арасында үлкен құрметке ие болыпты. Күлшара Қасымқызы жазушы, публицист Герольд Бельгерге сабақ берген. Білікті ұстаз неміс баласының қазақ тіліне машықтануына, жаңа ортаға тез сіңісуіне атсалысып, әдебиет әлемінде танымал қаламгер болуына түрткі болған екен. Білікті ұстаздың Құдай қосқан қосағы Ұлы Отан соғысының ардагері Есім Исмағұлұлы да майданнан оралған соң білім саласында абыройлы еңбек етті. Кейін директорлық қызметке дейін көтеріліп, майдангер басқарған ауыл мектебі үздік білім ошағы ретінде танылады. Абыройлы жұп замандастары арасында үлкен беделге ие болып, олардың есімдері күні бүгінге дейін ауыл тұрғындары тарапынан зор құрметпен аталады.
Ана мен әкенің ізін жалғастыруды міндеті санаған Сәуле апай өз өмірін ұстаздықпен байланыстырды. Мектепті үздік бітірген соң Петропавлдағы К.Ушинский атындағы педагогикалық институтқа оқуға түсіп, оны да ойдағыдай тамамдады. 1971 жылы қазіргі Шал ақын ауданындағы Ақсу орта мектебіне жұмысқа қабылданды. Көпбалалы отбасында дүниеге келген жас маман алғашқы күнінен-ақ жауапкершілігі мол, жаңашыл, ізденіске жаны құмар ұстаз ретінде көрінуге талпынды. Өз ісін тыңғылықты орындауының арқасында аудандық білім бөлімі басшылығының тарапынан ілтипатқа бөленді. Бірер жылдан кейін жұбайы Әлім Әйіпұлының қызмет ауыстыруына байланысты Жамбыл ауданына көшті. Сәуле Есімқызы мұнда да жұмысқа жауапкершілікпен кірісті. Ерлі-зайыпты 1983-1990 жылдар аралығында Баян ауылында абыройлы қызмет атқарып, бірі білікті ұстаз, бірі ауылдық кеңес атқару комитетінің төрағасы ретінде өңірге таныла түсті.
90-шы жылдардың басында Әлім Әйіпұлы отбасымен Қызылжардың іргесіндегі Архангелка ауылына көшіп келеді. Сәуле апай елді мекендегі жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үйіне орналасып, мұнда да ұстаздық жолын жалғастырады. Осы қызметінен зейнет демалысына шығады. “Өмір бойы балаларға сапалы білім беріп, олардың толыққанды азамат болып өсулеріне жағдай жасауды басты парызыма баладым. Әке-шешем бала кезімізде шәкірт тәрбиелеуді ең ұлы іске балап, өмірін білім саласымен байланыстырған жан ел алдында ізгілікті ісімен, жақсы сөзімен ғана көрінуі керек дейтін. Осындай ақыл-өсиетті бойымызға сіңіріп өскен менің іні-сіңлілерім де саналы өмірін білім саласына арнады”, – дейді Сәуле Исмағұлова.
Жарасымды жұп ағайын-туыс, дос-жарандары арасында құрметке ие. Бүгінде қарттықтың қызықты күндерін кешіп, ұл-қыздары мен немерелерінің ортасында бақытты өмір сүруде. Сәуле апай ұрпағына қызметте үнемі алда болғанын, отбасындағы бала тәрбиесімен қатар, атасы мен енесін де баққанын, ата-ене мен келін арасындағы қатынасты толғана әңгімелеп отырады. Бірнеше толқынды тәрбиелеуге атсалысқан үлгілі жұптың ендігі арманы – елінің, ұрпағының амандығы.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Ә.Әйіпұлы мен С.Есімқызы.