«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҚ МЕКЕНІ

Жыл өткен сайын құрылысы қарқын алып келе жатқан «Жас өркен» шағынауданында биыл бірқатар нысан пайдалануға берілді. Оның бірі — за­манауи үлгіде салынған балабақша. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қала тұрғындарын сәбилер үйінің ашылуымен құттықтап, жылы лебізін арнады.

«Түрлі себептермен 2017-2023 жылдар аралы­ғында бюджет қаржысына облыс орталығында бірде-бір балабақша салынған жоқ. Соңғы екі жылда бұл іс қайта жанданып, 3 мектепке дейінгі білім беру нысаны тұрғызылды. Мұнда мемле­кеттік тілде тәрбие алатын бүлдіршіндер үшін барлық жағдай жасалған. Мұның өзі балалардың дамуына толыққанды кепілдік береді», – деді өңір басшысы.

Былтыр «Бірлік» шағынауданында қайы­рымдылық қаржысы есебінен 90, бұдан бөлек, «Береке» шағынауданында бюджет қаражатына 140 орындық балабақша іске қосылды. Ал «Жас өркендегі» ғимарат Президент тапсырмасы негізінде халыққа қайтарылған активтер есебі­нен бой көтерді.

Ғауез Торсанұлы мемлекеттік қор мен қай­тарылған қаражат есебінен өңірде жалпы құны 57,8 млрд. теңге болатын 38 жобаның жүзеге асып жатқанын жеткізді. Мұның бәрі халықтың әлеуметтік жағдайын нығайтуға сеп болмақ. Қазірдің өзінде мектепке дейінді тәрбиемен қамтылған балалардың үлесі 97,8 пайызды құ­райды. Алда бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткі­зу міндеті тұр.

Бүгінде «Қазақстан халқына» қоры қала­дағы тағы бір балабақша құрылысын қаржыландырып отыр. Шоқан Уәлиханов көшесі бойында 280 балаға арналған ғимарат келесі жылы өз есігін айқара ашады.

«Жас өркендегі» жаңа балабақша құрылы­сын «Основание» серіктестігі жүргізді. Ғимараттың жалпы ауданы 3 мың шаршы метрден асады. Мердігер жобаны бір жылдан аз мерзімде аяқтап, алдағы 3 жылға кепілдік қызмет көрсету міндетін мойнына алған.

Салтанатты шарадан кейін жұртшылық шағынаудандағы жөндеуден өткен теннис орталығын аралап көрді. Бір жылға жетер жетпес уақыт аралығында жөнделген ны­сан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 2018 жылы ашылған. Алайда соң­ғы жылдары ғимаратқа сызат түсе бастаған. Кейін ол мемлекет меншігіне өтіп, жөндеу жұмыстары қолға алынған. Қалыпқа келтірілген спорт орталығында балалар мен ересектердің тенниспен айналысуына қолайлы жағдай жасалған. Мұнда қазір об­лыс әкімінің кубогы үшін балалар арасын­да жарыс өтіп жатыр.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суреттерді түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp