«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҚЫТТЫ БОЛАШАҚҚА БЕТБҰРЫС

Бүгінде егемендік бесігінде тербелген еліміздің жастарына лайықты білім мен тәрбие беріп, оларға барынша әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсетіп, ел келешегіне өз үлесін қосатын азамат болып қалыптасуына барлық жағдай жасалып келеді.

Дамудың даңғылына түскен мемлекетіміздің әлемнің отыз озық елінің қатарынан орын алуы кемел білімді жастарға тікелей байланысты. Болашағымыздың жарқын болуы үшін келешек ел тізгінін ұстар жастардың бойында қазақы болмыс пен елге, жерге деген патриоттық сезім болуы керек. Осы орайда Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру мақсатында “Жастар бастамалары орталығы” мемлекеттік мекемесі құрылып, нәтижелі жұмыс атқарып келеді. Орталық мамандарының негізгі мақсаты өрендердің азаматтық бастамаларына қолдау көрсетіп, олардың рухани, адамгершілік, зияткерлік және шығармашылық әлеуеттерін арттыруға, жастардың бойында отансүйгіштік, елжандылық сынды қасиеттерді қалыптастыруға септесу болып табылады.

Құрылғанына небәрі екі жыл болған орталықтың жұмысы нәтижесіз емес. Ауданымыз спорт саласында облыс бойынша соңғы үш жылдың ішінде алдыңғы орындардан төбе көрсетуде. Аталмыш саладағы жетістіктерге 18-29 жас аралығындағы өрендер қол жеткізуде. Олардың қатарында бокстан және кикбокстан айтулы нәтижелерге қол жеткізген Жандос Опабеков, Дулат Айтуыр, Диас Ескенов, Амантай Қасымов, Ілияс Жұманов, Алексей Заболотный сынды былғары қолғап шеберлері бар. Олар ел көлемінде өткен спорт жарыстарында жүлделі орындарды еншілеп, ауданымыздың, облысымыздың намысын асқақтатуда.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан тұрғындарының саны жағынан облысымызда ең үлкен өңірдің бірі болғандықтан, жастардың да саны басым. Бүгінде 16-29 жас аралығында 13 мыңға жуық өрен бар. Олар республикалық, облыстық, аудандық деңгейде өткізілетін іс-шараларға өте белсенді қатысуды үрдіске айналдырған. Үстіміздегі жылдың тамыз айында өткізілген “Ассамблея – келісім мен бейбітшіліктің бесігі” атты облыстық әндер фестивалінде бақ сынаған Кристина Фиголь, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген Сергей Воронцов үздік нәтижелерге қол жеткізсе, Болат Совет көркемсөз оқу сайыстарының жеңімпазы болды. Сондай-ақ, ауданымызда “Ел тірегі” әскери-патриоттық клубы, “Белсенді жастар”, “Жастардың нұрлы жолы”, “Новоишим жастарының мақсаты” атты корпоративті қорлар және 20-дан астам этномәдени бірлестіктер бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қоян-қолтық, абыройлы жұмыс атқаруда.

Осыдан бірнеше жыл бұрын аудан жастарының өз мәселелерiмен бас сұғып, кеңесе алатын, бастамаларымен бөлісетін орны болған жоқ. Әсіресе, алыстағы ауылдарда тұратын өрендердің өз мүмкіндіктерін паш етуіне жағдай жасалмаған еді. Бүгінде ауданға қарасты барлық елді мекендердегі мектептерде жастар ісімен айналысатын арнайы мамандар жұмыс істейді. Шалғайдағы өрендердің біздің орталыққа арнайы келіп, өз сұрақтарына жауап іздеуі жиіледі. Олардың басым бөлігі жеке кәсіп ашу мәселесін алға тартса, көбі заңдық тұрғыдан сауалдар жолдайды.

Ауыл жастарының шешiлмеген түйiндi мәселелері әлі де аз емес. Олардың ең маңыздысы – жұмыссыздық. Орталықтың мамандары жұмыс берушiлермен белсендi келiссөздер жүргiзiп, жалпы бос жұмыс орындарының базасын жасауды жоспарлауда. Жастар бастамалары орталығында тек өрендердің екі қолға бір күрек табу мүмкiншiлiгi ғана емес, әртүрлi бағыттар бойынша кеңес алуға, жастармен әңгiмелесуге, бірлесіп iс-шаралар өткiзуге болады. Орталық мамандары алдағы уақытта еліміздің жарқын болашағы үшін жасап жатқан игі жұмыстарды жастар ұйымдары белсенділерімен жандандыруды көздеп отыр.

Жеңіс НҰРТАЗИН,

аудандық жастар бастамалары

орталығының директоры.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp