«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«БАҚЫТТЫ ОТБАСЫНА» КІМДЕР ҚАТЫСАДЫ?

Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, құқық қорғау, кәсіпкерлік, тағы басқа да салалар бойынша шешімі табылмай жүрген мәселелеріңіз, көкейкесті сауалдарыңыз болса, 8-705-463-13-29 нөміріне WHATSAPP желісі арқылы хабарлама жолдай аласыздар.

Біз өз кезегімізде оқырмандарымызды толғандырған сауалдарды тиісті органдарға жолдап, олардың жауабын газет бетінде жариялайтын боламыз. Хабарлама мәтіні түсінікті жазылып, оны жолдаушының аты-жөні, мекенжайы толық көрсетілуі қажет.

Газетіміздің “WHATSAPP” желісіне облыс орталығының тұрғыны Саягүл Темірхановадан хат келіп түсті. Көпбалалы ана жақында басталған “Бақытты отбасы” бағдарламасына қатысу тәртібі жайлы сұраған екен.

“Кәмелеттік жасқа толмаған төрт қызымыз бар. Бесінші перзентімізді күтіп жүрміз. Жақында кәме­лет­ке толмаған төрт немесе одан да көп сәбиі бар көпбалалы және толық емес отбасыларға, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбие­леп отырған аналарға төмен пайыз­дық мөлшерлемемен баспаналы болу мүмкіндігі ұсынылатыны жайлы естідім. Аталмыш бағдарламаға қатысу тәртібі және ол үшін қандай құжаттар қажет екені жайлы толық ақпарат алсам деймін”, – делінген хатта.

Бұл сауалға “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкi” АҚ облыстық филиалы бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Әмір Нұрмұқанов жауап береді.

– Аз қамтылған отбасы­ларға барынша көмек көрсетуді көздеген бағдарлама аясында тұрғын үй са­тып алу шарттары біршама жеңіл­деді. Айта кететін бір жайт, бағдарлама бойынша баспанаға қол жеткізу үшін алдымен қалалық әкімдікте тұрғын үй алу кезегiне тұ­ру қажет. Сонымен қатар бағдарламаға қатысу талаптарының бірі – отбасының әр мүшесiне шаққанда табысы 42 500 теңгеден аспауы тиiс. Мәселен, егер отбасы алты адамнан тұрса, онда оның жалпы табысы 255 мың теңге болуы керек. Тұрғын үйдің он пайыздық бастапқы жар­на­сы төленген соң қалған сома 20 жылға бөлініп қайтарылатын бо­лады. Алғашқы жарнаны өтеуге арналған тұрғын үй сертификатын алу үшін жергілікті әкімдікке жүгіну керек. Көпбалалы отба­сы­лар қала аумағындағы жаңадан салынған үйден пәтер немесе жер үй сатып ала алады.

Бағ­дар­ла­маны іске асыру мақсатын­да республикалық бюджеттен облысқа 1,5 млрд. теңге бөлініп отыр. Яғни, биыл шамамен 200 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Ең бастысы, тұрғындар құны 10 млн. теңгеден аспайтын баспаналарды таңдай алады. Қатысушылардың несие төлеу мүмкіндіктері мен қаржылай табыстары да тексеріледі.

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp