Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда сұрапыл соғысты бастан кешкен ардагерлер мүлде азайып, Отан қорғаған ардақтыларымыз қалмауға айналды. Оны кешегі Ұлы Жеңіс мерекесінде де байқадық. Сап түзеген кеудесінде медальдары жарқыраған ақсақалдарымыздың ішінде от пен оқ кешкен нағыз майдангерлер жоқ десе болады. Көбісі тылдағы еңбектің саңлақтары, бірақ олардың өздері де шау тартып, сексеннің сеңгіріне бой бере бастаған жандар. Осыны көре тұрып, арамызда қалған аз ғана майдангерге деген құрметіміздің еселей арта түсері сөзсіз.
Сондай зор құрмет пен қадірге лайықты жанның бірі – аудан орталығы Новоишим ауылында тұратын біздің қазақ ағайыннан қалған жалғыз майдангер – Әйіп Анапияұлы. Әйіп ағамыз тоқсанның үстіне шығып бара жатқан жасына қарамастан, Құдайдың берген қуатының арқасында әлі де бірсыдырғы тың, аудан орталығындағы беделді қарттардың бірі ретінде жастарға ақыл-кеңес беріп, тәрбиелік тәлімді сөздер айтудан жалыққан емес. Ауыл жастары ақсақалды сонысы үшін де қадірлейді, оның өнегелі өмір жолын өздеріне үлгі тұтады.
Әйіп аға 1925 жылы бұрынғы Рузаев ауданының Мұқыр ауылында өнегелі отбасында дүниеге келген. Ол кісі маған жиен аға болады, менен он жастай үлкендігі бар. Әкесі Анапия ұжымшардың мал шаруашылығында жұмыс істеді, соғыс кезінде жан аямай күні-түні еңбек еткендердің бірі сол. Жасы он сегізге толысымен, 194З жылдың жаз айында шақырту алып, аз ғана әскери дайындықтан соң майданға аттанды. Ол кез жеңістің беті бері қарағанымен, әлі де соғыстың қызу жүріп жатқан шағы. Атақты 8-ші гвардиялық дивизияның құрамында шайқасты. 1944 жылы үлкен бір ұрыста аяғынан жараланып, үш айға жуық госпитальда емделеді. Жарасы жазылған соң, алғы шепке қайта оралып, енді Украинадағы 24-ші дивизияның құрамында зеңбірек көздеушісі болады. Майдандағы ерлігі үшін алған орден, медальдары жетерлік.
Ағамыз әскер қатарында ұзақ қызмет жасап, елге 1948 жылы ғана оралды. Мен ол кезде бесінші сыныпта оқимын, жиен ағамның Мұқыр жетіжылдық мектебінде әскери даярлық және спорт пәнінен сабақ бергені есімде. Одан кейін ол Петропавл қаласында басқармалардың екіжылдық оқуын бітіріп, Алғабас және Привольный кеңшарларында партия ұйымдарын басқарды. 1964 жылдан бастап Рузаев аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында, ауылдық кеңесте, Чернобаевка және Сарадыр бөлімшелерінде, Боровской кеңшарының партия ұйымында басшылық қызметтер атқарды.
Отбасылық жағдайын сөз етер болсақ, Әйіп аға елге оралысымен 1948 жылдың жаз айында көршілес Бәсентиын ауылының құдайы жандары Әубәкір мен Күлсімнің тәрбие көрген инабатты қызы Нүрикамалға үйленіп, шаңырақ құрды. Айы оңынан туған олар бақытты шаңырақ астында 67 жыл ғұмыр кешуде. Берері мол Алла тағаланың нұр шапағатымен балалы-шағалы болып, бұл күндері ошағынан өрген көптеген немере-шөберелерінің қызығына кенеліп отыр. Тыныштық ұялаған егемен елімізде ұрпағының кең бұтақ жайып, барлығының өз қалаулары бойынша қызметтер атқарып жатқандарына ақсақал ағамыз өте қуанышты.
Осының бәрі оған жайдары, кеңпейілді мінезіне Құдайдың бергені шығар. Оның іс-әрекеттерінен ешқашан асығушылық көрген емеспін. Бәрін ойластырып, салмақтап барып атқаратын мінезі бар, ағамыздың өмір жолының түзулігі де соған байланысты болса керек. Тәлімді қарт тәрбиесі мен өнегесі мол сөздерін жастардың санасына жеткізуге тырысады. Сол үшін де мектептерде өтетін шақырту кездесулеріне шамасы келсе барып тұрады. Оны білетін жандарға ағамыздың осындай елгезектігі ұнайды.
Нүрикамал жеңгеміз бен екеуінің жұптары жазылмай, бір-біріне сүйеу болып, ортамызда жүре берсе екен дейміз.
Зейнелғали КЕНЖЕҒАЛИЕВ,
зейнеткер.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан,
Новоишим ауылы.