Ұстаздық – қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандық. Сондықтан да болар, бүгінде мұғалімдік көпшілікті қызықтырмайды. “Мұғалімдік қиын, жалақысы аз, оқушылар тәрбиесіз”, – деп, мектептен қашатындардың қатары мол. Өйткені, бос уақыт мүлде болмайды, күнделікті сабақтарға дайындық, келесі күннің жоспарын жазу, тағы сол сияқты жалғаса береді.
Мен сөз еткелі отырған Людмила Денисова – 42 жылдан бері бір мектепте ұстаздық етіп, еңбегінің зейнетін көріп жүрген жан. Таңдап алған мамандығы бойынша тапжылмай еңбек етіп келе жатқан ол ешқашан басқа салаға ауысу туралы ойламаған. Оқушыларды мәнді, мағыналы, сапалы, қызықты сабақтарымен баурап, жоғары атаққа қол жеткізген ұстаздардың қатарынан көрінуде.
Людмила Николаевна – біздің мектепке жас маман ретінде жұмысқа орналасса, қазіргі кезде құрметке бөленіп, талай-талай ұрпақты тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатқан ұлағатты ұстаз. Ол – №42 орта мектепте ең көп жұмыс істеп келе жатқан ардагер ұстаздардың бірі. Зейнеткерлікке шыққанымен, әлі де тыным таппай еңбектеніп, оқушыларға география пәнінен сабақ береді.
Ұстаздар отбасында тәрбиеленгендіктен, мамандық таңдау кезінде ойланбастан мұғалім болу жайлы шешім қабылдаған ол талантты, жан-жақты, салиқалы, сабырлы қасиеттерімен ұжымда да, оқушылар мен ата-аналар арасында да көңіл төрінен орын алып жүр. Людмила Николаевна негізгі жұмысынан бөлек көптеген мектепішілік, қалалық қоғамдық шараларға белсене қатысады. Жасына қарамай, жұмыстан жалығуды білмейтін ол бойындағы талай жылдар бойғы жинақтаған тәжірибесімен жас мұғалімдермен бөліседі. Мектеп бітіріп кеткен түлектер де, қазіргі оқушылары да оған жақсы және жылы лебіздерін білдіріп жатады.
Людмила Денисова оқушыларын “Престиж” турниріне жылда дайындап, олар жүлделі орындардан көрініп жүр. Шәкірттері Ұлттық бірыңғай тестілеуде де жоғары ұпайға ие болып, таңдаған оқу орындарында білім алуда. Олимпиада жүлдегерлерінің бірі Мәдина Исенова – Семей қаласындағы геологиялық-барлау колледжінің үздік студенті. Ол оқып жүрген білім ошағынан Мәдинаны жақсы тәрбиелеп оқытқаны үшін мұғалімнің атына Алғыс хат келіп, ұстаздың мерейін өсірді.
Белсенді, барлық істі шапшаң, тиянақты орындайтын ұстаз еңбектенуден жалықпай, жұмыстың қай түрі болса да қолға алып, аяқтауға көп күш жұмсайды. Білім беру саласындағы осындай ерекше еңбегі үшін Людмила Денисова 1991 жылы “Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері” атағына ие болды. Сонымен қатар ол – облыстық география пәні мұғалімдерінің шығармашылық тобының мүшесі. Облыс әкімінің, білім басқармасы мен білім бөлімі басшыларының атынан алған мақтау қағаздары мен дипломдары да жеткілікті.
Ол әріптестерінің арасында өзінің қарапайым мінезімен сыйлы. Мамандығын бар жанымен сүйіп, шығармашылықпен еңбек етіп, жас ұрпақ үшін үлкен жауапкершілікті сезініп жүрген Людмила Николаевна – өз ісінің шебері, білікті маман, қадірлі ұстаз.
Самал ЖҰМАБАЕВА,
№42 орта мектептің қазақ тілі
мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Петропавл қаласы.