Футболда жеңімпаз пенальти соғумен анықталатын ойын тартысты кездесу өткенін дәлелдейді.
Португалия мен Польша құрамалары арасындағы ширек финалдық кездесуде жеңімпаз осылайша анықталды. 120 минутқа созылған аса тартысты жекпе-жекте екі құрама да жан алысып, жан берісті.
Алдымен поляк сұрмергені Роберт Левандовский 2-ші минутта-ақ қарсыластың қақпашысын қапы қалдырды. Алайда 33-ші минутта португалдық 18 жастағы Ренату Санчеш есепті теңестірді.
Осы есеп қалған уақытта өзгермей, жеңімпаз пенальти соғу арқылы анықталып, Португалия футболшылары 5:3 есебімен ұтып кетті. Польшалық Блащиковскидің ұрған добын қақпашы қайтарды. Соның арқасында Португалия құрамасы жартылай финалға жолдама алды.
Демек, ол қалған төрт команданың қатарында бас жүлдеден үміткер. Потугалияның жартылай финалдағы қарсыласы кеше Лилль қаласында өткен Уэльс-Бельгия жекпе-жегінің нәтижесінде анықталды.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
«Солтүстік Қазақстан».