«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕДЕЛДІ БАСШЫ, АҚЫНЖАНДЫ АЗАМАТ ЕДІ

Әр заманда өз уақытына сай өзінің адал еңбегімен, адамгершілік қасиетімен танылған, артына терең із қалдырған адамдар болады. Солардың бірі өзінің қысқа өмірінде елге, халыққа еңбек еткен, адамгершілік қасиетімен халық сүйіспеншілігіне бөленген, бар білімін жастардың тәрбиесіне арнаған жерлесіміз Тастемір Исембеков болатын.

Тастемір Құрманұлы 1936 жылдың 4 желтоқсанында қазіргі Шал ақын ауданындағы Социал ауылында туған. 1956 жылы Марьевка орта мектебін бітіріп, Петропавл педагогикалық институтының орыс тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түседі. Студент кезінің өзінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Еңбек жолын 1960 жылғы тамыз айында өз ауданындағы Коноваловка сегізжылдық мектебінде орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып бастайды. Келесі жылы жас маман жаңа ашылған Интернационал сегізжылдық мектебіне директор болып тағайындалады. Бұл мектеп тың игеру кезінде құрылған Интернационал ауылында жаңа ашылған білім ордасы болатын. Сол мектепте қызмет еткен кезінде білімділігімен және ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен оны облыстық оқу бөлімі 1965 жылғы 25 маусымдағы бұйрығымен тыңда ашылған Тимирязев ауданының аудандық оқу бөліміне меңгерушілікке бекітеді. Осы оқу бөлімін Тастемір Құрманұлы 7 жылға жуық үзбей басқарды. Өз қызметін адал атқарған білім беру қызметкерін 1979 жылдың 30 сәуірінде жаңа ашылған Мәскеу аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындайды. Келесі жылдың 12 ақпанынан бастап облыстық оқу бөлімінің бұйрығымен Мәскеу аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауысады. Осында еңбек еткен бес жылда ол аудан мектептерінің жұмысына жаңа серпін бере білді. Сондай-ақ, тікелей өзі басқаратын оқу бөлімінің жұмысын да жақсы жолға түсірді. Бірақ 1978 жылдың 11 қыркүйегінде ол қайтадан Мәскеу аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөліміне меңгерушілікке қайтып оралды. Сосын 1983 жылдың 1 маусымында оны Мәскеу аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы қызметіне бекітеді. Сонда істеген соңғы екі жылында ол атқару комитетінің бастауыш партия ұйымын да басқарды. Аудандық партия комитетінің мүшесі болды, аудандық деңгейдегі депутат болып бірнеше рет сайланады.  

Тастемір Құрманұлы іскер, әрқашан өз ісіне тыңғылықты, зор жауапкершілікпен қарайтын жан еді. Жолдастыққа адал, адамгершілігі мол, қарапайым және өте кішіпейіл болды. Әдебиетті көп оқитын, Абайдың, Пушкиннің, Константин Симоновтың, Алексей Сурковтың өлеңдерін, Александр Твардовскийдің “Василий Теркин”, “За далью даль” поэмаларын жатқа айтатын.

Қажымас қайратты ерік-жігерімен, адамгершілік қасиеттерімен қызметтес жолдастарының арасында өте сыйлы болды. Оның адал еңбегі кезінде әділ бағаланып, екі медальмен, көптеген Құрмет грамоталарымен марапатталды. Ол “Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі” төсбелгісін тақты.

Асыл азамат Тастемір Исембеков 1990 жылдың 12-ші ақпанында дүниеден өтті. Артында сүйікті жары Айман, балалары Сабыр, Алма, Қадыр қалды. Өзінен кейін көп ұзамай зайыбы Айман да қайтыс болды. 2014 жылы сәуір айында Алмасы да дүниеден өтті. Үлкен ұлы Сабыр Тастемірұлы отбасымен Корнеевкада тұрады. Сабыр мен Қадырдың балалары бар. Яғни, Тастемір Исембековтың ұрпағы өсіп келе жатыр деген сөз. “Орнында бар оңалар” деген осы да.

Мен Тастемірмен өткен ғасырдың 50-ші жылдарының аяғынан бастап жақсы қарым-қатынаста болдым. Кездескен сайын шүйіркелесіп, әңгімелесуші едік. Ол адамға жақын тұратын ашық мінезді абзал азамат еді. Әттең, өмірден ерте өтті. Бүгіндері біз оны қимастықпен еске аламыз.

Қайролла МҰҚАНОВ,

білім беру саласының ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp