Біріншіден, қазақ болып туғанымды мақтан тұтамын. Жас ұлғайған сайын адамның елі мен ұлтына, діні мен діліне, тілі мен мәдениетіне деген сүйіспеншілігі арта түседі екен. Еліміздің қалыптасу жылдарында біз де Үкіметпен бірге біраз қиыншылықты бастан өткердік. Бірақ болашаққа деген сенім еңсемізді түсіртпеді.
Еңбекке мен жастай араластым. Еңбексүйгіштік – менің бақытым. Отан алдындағы борышымды интернационал жауынгер ретінде Ауғанстан жерінде өтеп келген соң талай жыл облыс орталығындағы зауыттарда темір жонушы болып еңбек еттім. Табысым жаман болған жоқ. Алайда, өткен ғасырдың 90-шы жылдары ірі өндіріс орындары бірінен соң бірі тоқырап, зауыт еңбеккерлері жұмыстан қол үзіп қалды. Дегенмен, күнкөрістің қамын жасап, екі қолға бір күрек тауып жүрдік. Біздің еліміздің азаматтарына еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін таңдауға құқық берілген. Бүгінде біздің қоғамда өз кәсібін ашып, отбасылық табыс тауып отырғандар жетерлік. Оларға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіледі.
Әріптесім екеуіміз 2004 жылы “Кабо-құрылыс” ЖШС-ін аштық. Бастапқыда екі адам болсақ, бүгінде 4-5 құрылысшыдан топталған бірнеше бригада жұмыс істейді. Осы 11 жылдың ішінде кәсібіміздің жанданған да, қиындық көрген де тұстары болды. Кез келген қиындық еңбекпен, жігермен, шыдамдылықпен еңсеріледі. Ең бастысы елде тыныштық болсын деп тілейміз.
Құрылысшы – ешқашан ескірмейтін, сұраныс қашанда болатын, жауапкершілігі мол, жұмысы ауыр мамандық. Бұл салада біздің кәсіпорынның ойып алар орны, қалыптасқан беделі бар. Сондықтан мен егемен елде құрылысшы мамандығын таңдағаныма разымын. Осы еңбектің арқасында екі баланы ержеткіздім, енді немерелерді аяқтандыру үшін қажымай жұмыс істеуге дайынмын.
Жоламан ҚОЖАБЕКОВ,
құрылысшы.
Петропавл қаласы.
