«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕДЕЛІ БИІК БАСЫЛЫМ

Жақсы менен жайсаңдар еңбек еткен қасиетті қарашаңырақ “Soltústіk Qazaqstan” газетінің өзіндік дара жолы бар. Басылымның қалыптасуынан бүгінгі күнге дейінгі ғасырлық тарихында талай қарымды, тәжірибелі журналистер қызмет атқарды. Аға буын өкілдері ретінде өткенді еске алатын әдетіміз бар ғой. Бұрын қиын кезең болғанда шамның көмегімен газет бетіне жарияланған түрлі шығармалармен танысып, әсіресе, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Мағжан Жұмабаевтың туындыларын жиі оқушы едік. Ауыл жастары да қазақ зиялыларының еңбектерін бір-бірінен сұрап алып оқитын. Қаламгерлердің шығармашылығына құмартып өскендіктен шығар, ауылымыздың бірқатар азаматтары мектепті үздік бітіріп, бір-бір маман иесі атанды. Ата-әжелеріміз болса, сандық түбінде сақталған сүйікті газетіміздің сарғайған нөмірлерін әлсін-әлсін ақтарып, ерекше бір күйге бөленетін. Басылым әр жылдары отаншылдық рухты, патриотизмді тәрбиелеуге зор маңыз берді. Руханият саласы бойынша жарық көрген мақалалар да қоғамды түзу жолға бағыттап, тәрбиелі ұрпақ қалыптастыруға ықпал етті. 

Өңіріміздегі алғашқы газеттердің бірі, һәм бірегейі “Soltústіk Qazaqstan” газетінің жүз жасқа келуі ауыз толтырып айтарлық үлкен оқиға. Газет ұжымы қай кезеңде болмасын қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, ар-намысын қорғады, олардың әлеуметтік мәселелерін батыл көтеріп келді. Бүгін де сол дәстүр берік сақталып отыр. Бұл ұжымға қаламы ұшқыр жас тілшілер келіп, тұшымды материалдар жазуда. Ұрпақтар сабақтастығы орнаған төл газетіміздің әрбір жетістігіне біз де қуанып, алдағы бір ғасырлық тойға тартуымыз болсын деген ниетпен ауылымызбен жаппай газетке жазылуға ниеттіміз. Жүрегі “ұлтым” деп соғып, қазақ тілінде шығатын облыстық басылымға шын жанашыр өзге ауылдардың тұрғындары да бұл ниетімізді бір кісідей қолдайтынына сеніміміз зор. 

 

Шал ақын ауданының Кеңес
ауылы тұрғындары атынан:
Мейрам СЫЗДЫҚОВ,
Байтұрсын ТҮКЕНОВ,
Жанғали БАЗАРБЕКОВ,
Ерік ЖҰМАБЕКОВ,
Ақнұр НҰРМАҒАНБЕТОВА,
Сырым МҰХАМЕДИН,
Нұрлан СӘДУАҚАСОВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp